Облыс көлемінде меншік нысанына қарамастан барлық мекемелер мен ұйымдарда карантин талаптарын сақтай отырып, тілдер күніне арналған түрлі онлайн шаралар, тіл жанашырларын марапаттау шаралары ұйымдастырылады. Бұл туралы Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова баспасөз алаңында хабарлады.
«Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына сәйкес 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып белгіленген.
Осыған сәйкес, 2018 жылдан бастап Тілдер мерекесі қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай, 5 қыркүйекте мерекеленіп келеді», — деп атап өтті басқарма басшысы.
Бұл мереке – Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдерінің ана тіліне құрмет көрсететін ортақ мейрам.
Осыған орай Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесін атап өтудің облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген. Сондай-ақ, облыстағы жоғары, арнаулы орта оқу орындары мен жалпы орта білім беретін барлық мектептерде, мектепке дейінгі мекемелерде тілдер күніне орай онлайн ашық сабақтар, сайыстар ұйымдастырылып, кітапханаларда «Туған тілім — тірлігімнің айғағы», «Тіл — асыл қазына» тақырыптарында онлайн кітап көрмелері мен онлайн бейнелекциялары өткізіледі.
Мерекеге орай бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде тақырыптық мақалалар жарияланып, роликтер әзірленеді.
Сонымен қатар, өткізілген шаралар әлеуметтік желілерде #5Qyrkúiek #TilMerekesi хэштегтерімен кеңінен ақпараттандырылады.
«Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «…Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі-халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» — деген болатын.
Жалпы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы шаралар тек қана тілдер мерекесі қарсаңында ғана емес, жыл бойы жүргізілетін болады», — деп атап өтті М. Қазбекова.
Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабында көрсетілген талаптардың орындалуына талдау жұмыстарын жүргізу мақсатында Қызылорда қаласының орталық көшелері мен шағын аудандарында орналасқан 1261 кәсіпкерлік нысанға зерделеу жұмыстары жүргізілген.
Осыған сәйкес, 2020 жылғы 26 тамыз күні облыстық ішкі саясат, кәсіпкерлік және туризм басқармалары, Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ облыстық филиалы, «Жас Отан» ЖҚ жанындағы «Таза тіл» ерікті жастар тобы өкілдерінен құрылған мобильді топ көрнекі ақпараттарында кемшілік анықталған Қызылорда қаласының Әйтеке би және Желтоқсан көшелерінің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысан иелеріне Заң талаптары түсіндірілді.
Түсіндіру барысында кәсіпкерлік нысан иелеріне Заңнан үзінділер, көрнекі ақпарат мәтіндерін жазудың және орналастырудың схема-үлгілері, анықтама алу және сұрақтар бойынша басқарманың байланыс телефондары мен әдістемелік көмектер көрсету үшін электронды поштасы жазылған таратпа материалдар берілді.
Көрнекі ақпараттарда кемшілік анықталған барлық кәсіпкерлік нысандарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.