Пятница, 8 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    Қызылорда облысының әкімі өңірдегі дәрі-дәрмек қорына қатысты сала басшыларын қабылдады

    Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «СК-Фармация» ЖШС Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің басшысы Айжан Еділова мен Қызылорда облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғалия Байменованы қабылдады.

    Кездесуде өңірдегі дәрі-дәрмек қоры мен емдеу мекемелеріне жеткізілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу және қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

    Бүгінде өңірде жұқпалы және провизорлық стационарларда COVID-19 емдеуге арналған дәрілік заттардың 2 айға дейінгі қоры қалыптасты. Амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмектердің тізімі кеңейтіліп, 5 атаудан тұратын COVID-19 нозологиясы енгізілген. Бұл арқылы ПЦР тестінің нәтижелеріне қарамастан аурудың жеңіл ағымында COVID-19 диагнозы қойылған пациенттер емдеуші дәрігердің тағайындауы бойынша антипиретиктер мен антикоагулянттарды ала алады.

    Қабылдау барысында Айжан Еділова транзиттік қоймадағы сұранысқа ие 26 атау бойынша дәрілік заттардың екі айлық қоры қалыптасқанын, логистикалық хабтардың жұмыс форматы өзгергенін атап өтті. Оның айтуынша, есепке алуды жеделдету үшін хаб қызметкерлерінің саны артып, өңірлік қоймаларға жететін рейстер саны аптасына 1-ден 3 ретке дейін көбейген.

    Қазіргі таңда вирус індетімен күресу үшін Қызылорда облысының медициналық ұйымдарына жалпы сомасы 451 млн.теңгеден астам қаржыға 80 түрлі дәрі-дәрмек алынған. Сондай-ақ, жақын күндері короновирус эпидемиясымен тіркелген науқастарды емдеу үшін стационарларға 83 млн.теңгеден астам қаражатқа дәрі-дәрмектер түседі.

    Емдеу мекемелеріне қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін СК «Фармация» ЖШС пациенттерге 2.2 млрд. теңгеден астам қаржыға дәрі-дәрмек берген. Ал, стационарлық көмекке мұқтаж пациенттер үшін өңірдің медициналық ұйымдарына 4.6 млрд.теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынған.

    Қабылдауда облыс әкіміне департамент басшысы Ғалия Байменова дәріханалардағы дәрі тапшылығын болдырмау бағытында атқарылған жұмыстарды тізбеледі. Ол күзгі және қысқы маусым кезеңінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен дәрілік тұрақтандыру қорын құру үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу мәселесіне тоқталды.

    Бүгінде өңірде 328 дәріханалар желісі қызмет етеді. Оның 311-і жеке меншік нысанға қарайды. Ал, ауылдық елді-мекендерде 157-і орналасқан.

    Департамент басшысы тұрғындардың жеке қауіпсіздігін сақтауға қажет медициналық бетперде тапшылығы туындамайтынын атап өтті. Қазіргі күні дәріханаларда 128 мыңнан аса медициналық бетперде қоры бар.

    Сала басшылары өткен айлармен салыстырғанда дәрілік заттардың қорының тапшылығы қазірде туындамайтынын және қажетті қорлардың бар екендігін баяндады. Бұл ретте дәрілердің айналым қаражаты негізінде қажеттілігіне қарай қор жасалатын болады.

    Қабылдау соңында облыс әкімі сала басшылары халық сұранысындағы дәрілік заттардың тізбесін әзірлеп, дәріханаларда қосымша дәрілік заттардың мол қорын жасақтауды тапсырды. Сонымен бірге қаланың шет аймақтарындағы дәріханаларға тұрақты бақылау жүргізуді міндетті. Мұнан бөлек, емдеу мекемелеріндегі стационарларда науқастарға қажетті препараттар, қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуді және бұл жұмыстарды ұдайы бақылауға алуды қаперге салды.

    қатысты посттар

    Бердібек Сапарбаев: Қуғын-сүргін құрбандары толық ақталуы керек

    Фариза

    ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ БЕТПЕРДЕ ТАРАТТЫ

    Фариза

    Таразда қалалық сот ғимаратын жармақ болғандар ұсталды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    4 − two =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.