Карантин кезіндегі мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Қызылорда облысы
тұрғындарының өнім өндіруге деген белсенділігі арта түскен.
Мәселен, індет өршігелі Қармақшы ауданындағы 3 тойхана иесі бизнестегі
бағытын өзгерткен. Дүр Оңғар ауылынан ашылған темірбетон өнімдерін шығаратын цех
ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып, құрылыс материалдарын өндіруге жол ашты.
«Өз ауылымызда суға салатын кішкентай, үлкен лотоктар шығарамыз. Сондай-ақ,
қабырға плиталарын шығарып жатырмыз. Автоматтық режимге қойса, зауыттың
өнімділігі сағатына 12 куб шығарады», – дейді серіктестік директорының орынбасары
Оралбай Машарапов.
Ауыл тұрғыны Ерсін Өтеев те өз кәсібін әртараптандыруды көздеп отыр. Ол шеге,
тор, тікен сым сынды ауыл шаруашылығына керек өнім түрлерін шығаратын құрылғылар
сатып алған. Ол үшін мемлекеттік қолдау аясында жеңіл несие алған. Жалпы, ауданда
құны 28 миллион теңге болатын 4 жоба «Қарапайым заттар экономикасы» аясында жүзеге
асқан.
«Жыл басынан бері 54 кәсіпкерге 296 миллион теңгеге несие алынған. Сондай-ақ,
бұл кәсіпкерлер өз жұмыстарын істеп жатыр. Қазірдің өзінде кішігірім цехтардың 27-сін
аштық. Болашақта бұл жұмыс жалғасады. Инвестиция 220%-ға, өндіру өнеркәсібі 134%-ға
орындалған. Жалпы бізде макроэкономикалық көрсеткіш жақсы жағдайда», – дейді
Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков.
Мамандардың айтуынша, карантин кезінде кәсіпкерлердің бірқатары ісін жаңа
бағытқа бұра бастаған. Мәселен, оны тойханалардың басқа салаға бейімделе бастауынан
көруге болады.
Аудандағы тойханасының иесінің бірі қазір тұшпара цехын, ендігі бірі құс
шаруашылығын ашуға бетбұрыс жасап, соған қатысты жобалар дайындауда.
«Тағы бір тойхана иесіне бағаны тұрақтандыру мақсатында желілік дүкен
аштыруға жұмыс істеп жатырмыз. Оған қоса, кенттегі тойхана қонақ үй есебінде
пайдаланылып жатыр», – дейді Қармақшы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы
Еркебұлан Әбдікеров.