Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің «Қайран елім» атты әнге түсірген бейнебаяны жарыққа шықты. Туындының әнін танымал композитор Ренат Ғайсин, ал сөзін Данияр Алдаберген мен Орал Байсеңгір жазған, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Nege.kz порталына сілтеме жасап.
«Негізінен, шығарма тақырыбына коронавирус індеті арқау болған. Бір күні таңертең дыбыс жазу студиясында Димашпен бірге жаңалық көріп отырған Ренат Ғайсинге осы әннің әуені келген. Композитор әрбір жаңалықты естіген сайын жанын қоярға жер таппай, оған дертке шалдыққандар мен коронавирус туралы ақпарат майданнан жеткен суыт хабар секілді көрінеді. Осының барлығын ой елегінен өткізген композиторға музыкалық әуен өздігінен келе бастады десе де болады…
Кенет телефонын жанына қойып, пианиноны бетке алған Ренат сол сәтте жүрегінен туындаған әуенді ойнап әкетеді. Бірнеше минуттан соң Ренаттың жанына жақындаған Димаш әуенді тағы ойнап беруін сұрайды. Әуенді басынан аяғына дейін үлкен әсермен тыңдап шыққан Димаш дереу жазып алып, орындауға ұсыныс жасайды. Саундпродюсер Ерлан Бекчурин аранжировкаға кіріседі, ақындар Данияр Алдаберген мен Орал Байсеңгір сөзін жазып, Димаш белгілі кинооператор Азамат Дулатовпен жаңа бейнебаянның идеясын талқылай бастады. Осылайша, эмоционалдық сәттен туындаған әуен жаңа жобаға ұласады», — делінген dimashnews.com сайтындағы хабарламада.