-10.1 C
Алматы
Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    Қандай жағдайда ері мен әйелі жеке-жеке құрбандық шалуы қажет?

    Құрбан айт – мұсылман халықтарының ең қасиетті мерекесі. Жыл сайын көпшілік қауым Алла разылығы үшін құрбандық шалып, оның бір бөлігін туыстарына, бір бөлігін жағдайы төмен жандарға үлестіріп берсе, енді бір бөлігін өзіне алып қалады.

    Исламдағы басқа да маңызды оқиғалар сияқты Құрбан айт күні хижра күнтізбесі бойынша есептеледі. Сондықтан, Құрбан айт мерекесі жыл сайын әр түрлі күндерде атап өтіледі.

    Жыл сайын құрбан айт мерекесі жақындағанда құрбандық шалуға қатысты түрлі сұрақтар туындайды. Сол секілді құрбандық шалуға байланысты «Бір отбасыға арнап бір ғана құрбандық шалуға бола ма әлде отбасының әрбір мүшесі шалғаны дұрыс па?» деген сауалға қатысты Qazweek.kz ақпарат агенттігі имамдармен тілдесіп көрді.

    Жыл сайын құрбан айт мерекесі жақындағанда құрбандық шалу мәселесіне халық бей-жай қарай алмайды. Көпшілік қауымның ойынша, бір үйден бір ғана құрбандық, яғни, отағасы бір малды құрбандыққа шалуға болады. Алайда, исламдағы құрбан шалу ережесіне байланысты, бір отбасының атынан бір ғана құрбандық емес, әрбір отбасы мүшесі жеке құрбан шалғаны дұрыс болмақ екен. Имамдардың айтуынша, әрине, нақты қатып қалған заң жоқ, әрбір мұсылман өзінің жағдайына қарай құрбандық шалады. Дегенмен, бір үйде ері де, әйелі де жұмыс істеп, әрқайсының зекет беруге шамасы болса, әрқайсы өзіне құрбандық шалғаны дұрыс болады екен.

    «Әрбір зекет беруге шамасы бар мұсылманға құрбан шалу уәжіп болады. Сол себепті, егер отбасында бір ғана адам жұмыс істейтін болып, сол адам құрбан шалса, ол отбасымның атынан деп шалады. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) отбасымның атынан деп шалған құрбандықты. Ал бір отбасында ері де, әйелі де жұмыс істейтін болса, сонымен қатар, балалары да қызмет атқаратын болса, олардың әрқайсысы жеке-жеке құрбандық шала береді. Алайда, олардың әрбірінің зекет бера алатындай жағдайы болуы керек. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі де және Айша анамыз (р.а.) өзі жеке құрбандық шалған кездері де болған. Ал балаларына қатысты, өздері табыс тауып, зекет беруге шамасы жететін болса, олар да жеке шалғаны абзалырақ болады, ал ондай болмаса, әкесінің шалғаны жеткілікті», — дейді Алматы орталық мешітінің наиб-имамы Назарбек Ержан.

    Жоғарыда атап өткеніміздей, өз нәпақасын өзі тауып жүрген мұсылманға, ер болса да, әйел болса да, уәжіп болып саналады. Уәжіп дегеніміз – орындалуы парыз секілді талап етілмеген, алайда нақты дәлелдермен айқындалған іс-әрекеттер мен міндеттер болып саналады.

    Бұл пікірге қатысты Wikipedia энциклопедияда былай деп түсініктеме берілген: «Әрбір мұсылман Аллах разылығы үшін мүмкіндігі болса құрбан шалады, мал сояды (жылқы малынан басқасын). Бұрыннан жалғасын тауып келе жатқан дәстүрді орындау – әрбір мұсылманның міндеті».

    Бұл сұрақ төңірегінде Алматы қаласындағы Бәйкен мешітінің наиб-имамының да пікірін сұрап едік. Ол кісі де әр мұсылманның құрбандық шалғаны дұрыс болатынын жеткізді.

    «Құрбандық бір адам үшін шалынады. Мысалы, менің отбасымда әйелім және төрт балам бар. Мен биыл өз атымнан құрбандық шаламын, келесі жылы әйелімнің атынан, одан кейін үлкен баламның атынан шаламын. Осылай да құрбандық шала беруге болады. Жалпы, әр құрбандық бір адам үшін шалынады.

    Егер де, отбасының әр адамға құрбандық шалуға жағдайы болмаса, біздің дініміз оны міндеттемеген. Құрбандық шалу үшін ол адамның зекет бере алатындай әл-ауқаты жақсы болуы қажет. Ал егер оның зекет беретіндей, біреуге көмектесетіндей шамасы болмаса, ол адамның құрбандық шалуы міндет емес.

    Бір отбасында бірнеше жұмыс істейтін адам болса, олар бәрі бірігіп бір ірі қараны, яғни түйе немесе сиырды құрбандыққа шалуына болады. Себебі, бұл түйе мен сиырды жеті адамға дейін бірігіп шалуына рұқсат етілген, ал қой және ешкі малдары бір адамның атынан шалынады. Мысалы, жаңа бір кісі хабарласып «Менің үлкен балам үйленген, бір үйде балам әйелімен, екі немерем бар бәріміз бірге тұрамыз. Сонда, балам өзі бөлек құрбандық шалуы тиіс па әлде мен шалсам жеткілікті ме?» деп сұрады. Ол кісіге: «Егер жеке-жеке құрбандық шалуға жағдайларыңыз болса, сіз өзіңіз бөлек шаласыз, ал балаңыз өзі бөлек шаңырақ болып саналады және ол өзі бөлек шалады», — деп жауап бердім», — дейді Бәйкен мешітінің наиб-имамы Көкенай Саясат.

    Зекет беру – мұсылманның бес парызының бірі. Яғни, шариғат заңы бойынша, кәмелетке толған, әл-ауқаты жақсы әрбір мұсылман жылына бір рет әлеуметтік жағдайы төмен жандарға өз дүние-мүлкінің қырықтан бір бөлігін зекет ретінде беруі қажет.

    Деректерге сәйкес, бүгінде жалпы дүние мүлкінің мөлшері 96 грамм алтыннан асатын болса, ол адам зекет беріп, құрбандық шалуына толықтай мүмкіндігі бар болып саналады. Яғни, бүгінгі курспен санағанда, 1 грамм алтынның бағасы 18 186 теңгені құраса, 96 грамм алтынның сомасы 1 745 856 теңгені құрайды. Демек, жалпы дүние-мүлкінің бағасы аталған көрсеткіштен асатын болса, ол мұсылманға жеке өз атынан құрбандық шалуы уәжіп болады.

    Әрбір мұсылманға уәжіп болған құрбандық шалатын қасиетті мерекеге де санаулы күндер қалды. Бұл мереке не себепті Құрбан айт мерекесі деп аталады? Бұл Құрбандықтың негізі болатын аңызға байланысты туған. Құранда өзінің ізгілігімен танымал болған Ибраһим пайғамбарға, Жоғарғы періштелердің бірі Жәбірейіл келеді. Сонда Жәбірейіл періште Ибраһим пайғамбарға Аллаға деген сүйіспеншілігін дәлелдей үшін Исмайыл есімді ұлын құрбандық шалуды бұйырады. Ал Ибраһим пайғамбар Құдайдың қалауына мойынсұнбауға батылдық білдірместен, құрбандыққа дайындала бастайды. Исмайыл да өзін күтіп тұрған тағдыр туралы білетін, бірақ қашуды ойлаған жоқ, тек осы күнді күтіп, дұға етеді.

    Сол сәтте Ибраһим пайғамбар қолындағы пышағын сермей қалған кезде, Алла сынақты тоқтатып, Исмайылдың орнына қойды құрбандыққа шалуды бұйырған. Сол уақыттан бері Зүл-Хиджа айының оныншы күнінде барлық адал адамдар қуанышқа бөлеген Аллаға алғыстарын білдіріп, құрбандық шалады.

    Барша Мұсылман қауымды келе жатқан қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап, шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын дейміз!

    қатысты посттар

    Сапарбаев: Тұрмысы төмен отбасылар көмекті ақшалай емес, тауар ретінде алады

    Фариза

    «Басшылық қоқан-лоқы көрсетті» Бұрынғы колония қызметкері Президенттен көмек сұрады

    Фариза

    «Бұл – қателік емес, қылмыс»: Алматыда қазақ зияларылары Қытайдағы қандастарға араша сұрады

    Фариза

    Пікір қалдыру

    one × five =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.