-1.1 C
Алматы
Понедельник, 25 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    Ержеңіс Әбді: Астана – әлемдік шаһар

    Ел мен жер тағдырының елеңдетпейтін кезі жоқ. Ертеңге қалдырар, ұрпаққа табыстар мирас мұрамыз да, байлық базарымызда сол елмен жердің тағдыр талайы – арғы-бергі аталарымыздың ту көтеріп, туырлық тігер құттыхана шаңырағының уығын шаншар майлы да жайлы, қой үстіне бозторғай жұмыртқалардай жұмақ мекенді таңдауы тегіннен тегін емес.

    Аңыз бен ақиқаттың шындық шынарындай Асан бабамыздың желмаямен жаһанды кезіп халқына құт мекен болатын жерұйықты іздеуде жан тебірентерліктей сыр жатыр емес пе? Ұлытаудан басталар ұлы көшіміздің кеңес дәуірі кезінде Астана қазығын бірде Орынбор, бірде Қызылордаға қадап, одан жасыл желекті, түсті кілем Алматыға тұрақтауы Мәскеудің пәрменімен болған еді.

    Еліміздің тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана елорданың қай жерде
    болуын таңдау мүмкіншілігіне Елбасымыз ие болды. Астанамыздың Қазақстанның орталығында болуы қай жағынан алып қарасаңда дұрыс шешім еді. Себебі, Сарыарқа талайды көрді, талайға төзді. Бағзы бабаларымыздың ақ найзаларын аспанға атқан айбынды жеңістерінің куәгері болды.

    Енді міне, екі ғасыр тоғысқанда жаңа мыңжылдықтың табалдырығында өшкен жанып, өлген тіріліп, кеткен есе түгенделіп, жығылған ту қайта желбіреп, жоғалған елдік оралып, құлаған орда қайта бой көтергеніне де себепкер болып отыр. Қалай десек те, Нұр-Сұлтан қазақтың бас қаласы болып, өскелең ұрпақтың жарқыраған жұлдыздай келешегіне өз үлесін қосары сөзсіз.

    Қарап отырсақ, әлемдiк тәжірибеде ұлттық мемлекеттердің жаңа даму дәуірін айқындаған астаналарды көшіру мысалы аз емес. Бұрын мұндай ерлікке Ұлыбритания барған болатын. Ал, ТМД елдерінің ішінде осындай жобаны іс жүзіне асыруға әлеуеті де, тәуекелі де жеткен бірден-бір ел Қазақстан болып саналады. Астана аз ғана уақыттың ішінде салтанат құрды және әлемге бүкіл елдің даму әлеуетінің қуатын көрсетті. Бұл ойдағыдай іс жүзіне асырылған стратегиялық мақсаттың алғашқысы еді. Елорданы көшіру елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайтты. Қазақстан экономикасының қарқынды өсуінде елорданың алатын орны айрықша. Ол дамудың даңғыл жолын көрсетті. Еліміздің өзге қалалары да оның салған сара жолымен жүруді мақсат етіп, алғашқы нысандарын көп назарына ұсынуда. Астана тек өз елімізде болмаса, Орта Азия мемлекеттері арасында ғана емес, бүкіл дүние жүзіндегі аты алысқа кеткен, тарих беттерінен орын алған ірі қалалар көшіне ілескен шаһар болып тұр.

    Қазіргі таңда біздің елорданың аты Еуразия мен Солтүстік Америкадан 56 елдің мемлекет пен үкімет басшыларын жинаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының алғашқы саммиті өткізілген қала ретінде тарихтан ойып тұрып орын алды. Еліміз әлемдік аренадағы өзіндік орны айшықталып, жетекші державалардың сенімді серіктесі болып отырған дамушы мемлекет. Нұр-Сұлтан қаласы жас болса да әлемдік алпауыт мемлекеттердің астаналарымен иық тіресіп, терезесі теңесіп, құла даладан құлпырған қалаға айналып, өркениетке бет түзеді. Халықаралық ЕХРО көрмесі еліміздің еңсесін көтеріп, мәртебесін асқақтатты. Тарихи маңызы орасан зор оқиғалардың бәрі де – Елбасының ерен ерлігімен қолға алынған рухани жаңғыруымыздың нақтылы нәтижелері. Берекелі бетбұрыстар. Кемел келешекті көрегендікпен болжай білмектің жемістері мен жеңістері. Иә, Астана – әлемдік шаһар. Түркі әлемінің жүрегі.

    Астана – Қазақстанды әлемге танытқан, дамудың жаңа биіктеріне бастаған халықты топтастырған бүкілқазақстандық жалпыұлттық идея. Ол қазақстандықтарды өзіне тартатын көрікті орталыққа, жалпыға бірдей қимас құндылыққа, айрықша мақтанышқа айналды. Тәуелсіз Қазақстан, оның жаңа елордасы Астана барша қазақ халқының, қазақстандықтардың тағдырына, бақытына айналды.

    Олай болса, Нұр-Сұлтанның туған күні құтты әрі баянды болсын!

    Ержеңіс ӘБДІ,

    айтыскер ақын, мұғалім

    қатысты посттар

    Алматы қаңтар қырғыны кезінде зардап шеккендерге өтемақы төлеуді бастады

    Фариза

    Жалағашта биыл 10 тұрғын үй қолданысқа беріледі

    Фариза

    Ауыр қаза… “Balapan” арнасы бір балапанынан айырылды

    Пікір қалдыру

    13 − 6 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.