Елбасы бастамасымен қолға алынған «Біз біргеміз» акциясы аясында 12 мыңнан астам қызылордалық отбасы азық-түлікпен қамтылды.
Үш айдан астам уақыт аянбай тер төккен еріктілердің бірқатары бүгін еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы қойылған Алғыс хатпен марапатталды. Партияның облыстық филиалында өткен салтанатты шарада партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова еріктілерді құттықтап, алғыс хаттарды табыстады.
Өңірде «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында 12 мыңнан астам көмекке мұқтаж отбасыға 130 млн теңгеге жуық қаражатқа азық-түлік көмегі берілген. Сонымен қатар, еріктілер Мақтарал ауданының тұрғындарына қажетті заттарды жеткізуге де атсалысқан.
Жиында Гүлшара Әбдіқалықова Төтенше жағдай кезінде республикалық «Birgemiz» қоры арқылы Қызылорда қаласының 14 мыңнан астам тұрғыны 50 мың теңгеден бір реттік қаржылай көмек алғандығын айтты.
«Сәуір-мамыр айларында «Біргеміз» қоры арқылы Қызылорда қаласының 14109 тұрғынына 1-ші және 2-ші толқынмен 50 мың теңге көлемінде барлығы 705 млн. 450 мың теңгеге бір жолғы қаржылай қолдау жасалды. Мұндай қаржылай көмек маусым айында 3-ші толқынмен облыстың Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Байқоңыр қаласының 6491 тұрғынына көрсетілсе, шілде айындағы 4-ші толқында осындай көмекпен Сырдария және Жалағаш аудандарының 3430 тұрғыны да қамтылатын болады. Мұның барлығы Елбасы тарапынан көмекке мұқтаж болған азаматтарымызға жасалып отырған көмек», – деді филиал төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Карантин кезінде ұйымшылдық танытып, көмектерін аямаған еріктілер еңбектерінің елеусіз қалмағанына дән риза. Олар қоғам игілігі үшін әрқашан қызмет етуге дайын екендерін жеткізді. Солардың бірі көмекке тікелей араласып қана қоймай, ізгілікті шараны насихаттау жұмыстарына да белсене ат салысқан облыстық «Qyzylorda» телеарнасының тілшісі Тәжімұрат Әлжанов. Ол жабыққанды жарылқап, зарыққанды жұбату – қашаннан қанымызға сіңген ата салтымыз. Тек адал ниет болса болды, дейді.
«Тұңғыш Президентіміз, Елбасы бастамасымен жүзеге асқан «Біз біргеміз акциясы» аясында өңірімізде төтенше жағдай кезінде қаншама отбасына қолдау көрсетілді. Ұлықты істі ұлттың жанашырына айналған «Nur Otan» партиясы үйлестірді. Көмек алушылар алғаусыз алғыстарын білдіріп жатты. Қамкөңіл жандардың жүзіне күлкі сыйлау үшін бай болуың міндетті емес. Бастысы, адал ниет, ақ пейілің болса болғаны.Қайырымды іс рухани кемелдікке жетелеп, бірлікте болудың берекесін көрсетеді», – деді Тәжімұрат Әлжанов.
Елбасы алғыс хатымен марапатталған еріктілер қатарында спортшылар, өнер жұлдыздары блогрлер мен жайдарманшылар да бар.