Шымкентте ҰБТ-ның бірінші күні 500-ден астам оқушы тест тапсырды. М.Әуезов атындағы ОҚМУ де және SILKWAY Халықаралық Университетінде түлектер бақтарын сынады. Таңғы сағат 6.00-ден басталған тестілеуге оқушылар ата-анасыз келді. Оларды арнайы автобустар пункттерге жеткізді.
Биылғы жылдың ерекшелігі аудиториядағы адам саны 2 есеге қысқарды. Барлық аудиториядан онлайн трансляция жүргізілді.ҰБТ өткізілетін әрбір пункте медициналық-санитарлық талап күшейді. Тест тапсырушылар дезинфекциялық тоннельден өту арқылы ғана аудиторияларға жіберілді. Одан бөлек арнайы дезинфекцияланған кілемшеде аяқ киімдерді залалсыздандырып, дене қызуын өлшеу, қолды сұйықтықпен өңдеу, медициналық маскалар беру сынды талаптар қатаң сақталды.
Түлектер биыл да 5 пәннен тест тапсырады: үш міндетті және екі бейіндік пән. Барлық тест тапсырмасының саны — 120, максималды балл — 140. М. Әуезов ОҚМУ-не 3082 адам онлайн өтінім қалдырған. Оның 235-і ҰБТның алғышқы күні тест тапсырды. Алайда, тәртіп бұзып, сыннан сүрінгендер де кездесті — дейді, комиссия мүшелері.
Қазіргі таңдағы карантин ережелеріне байланысты санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау арқылы ҰБТ 15 күн болады. Шымкент қалалық білім бөлімі басшылығының мәліметінше, қаламыздағы мектептерден айтулы мемлекеттік сынаққа қатысуға өтініш білдірген оқушылар саны – 5059. Қазақ тілінде — 4072, орыс тілінде — 987.
Г. ҚАПАЛ