Қоғам белсендісі Оралбек Өтеғұловты тыңдасаңыз, еріксіз осындай ойға қаласың. Маман елімізде жылдар бойы қордаланған мәселелердің барлығы айналып келгенде тойға келіп тіреледі дейді. Өйткені халық бар тапқан-таянғанын соған ғана жұмсаумен жүр деп ашынады. Сондықтан алдағы уақытта тойханаларды мүлдем жауып тастаған дұрыс деген пікірде, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Еуразия Бірінші арнасына сілтеме жасап.
Оралбек Бей Өтеғұлов, қоғам белсендісі:
«Тойды өткізуге адам санын азайтып, тойға 5 жылға мораторий жасау керек. Мысалы, осыдан 2007 жылға дейін Қазақстанның кез-келген қаласында, кез-келген бұрышында казино болды. Соны Үкімет қаулы қабылдап жапты ғой. Сол кезде де біраз адам шулады мысалы. Қаншама адам жұмыссыз қалды. Казино иелері болды, күзетшілер, тазалушылар болды. Әлі күнге дейін тұрғанда не болатын еді? Қоғамға пайдалы екенін көрсетті ғой бұл. Мысалы адам соқыршекпен ауырғанда, соқыршегін алып тастау керек, әйтпесе ол өледі. Қарап тұрсақ тойханалар да қоғамның соқырішегі болып тұр да».
Алайда мұндай пікір, той бизнес саласында жүргендерге жаға қаймағаны анық. Желіде қазір гу-гу әңгіме. Қарапайым халықтың ойы да қақ жарылған. Бірі қолдайды, басқасы даттайды. Алайда, 3 ай карантиннің өзінде тойды әйтүп-бүйтіп жасырын түрде өткізген қазақ, одан тағы бес жылға бас тарта алады дегенге сену қиын.
Құдаларын бимен емес, тепловизормен де қарсы алғанын да, тойды өткізудің жаңа форматына да көшіп, асабалардың маска таққанын да көрдік.
Мұндайда әншілер де шет қалсын ба? Той-томалаққа тыйым салынғанымен, шағын тойларға шығып әндерін салып жатыр. Өйткені негізгі табатын ақшасы осыдан ғана келеді.
Сондықтан шоу-бизнес өкілідері, той-қазақтың қазынасы, ысырап деп оған қанша тыйым салса да, жұрт тойлатудың амал-тәсілдерін бәрібір табады. Ал әншілер шақырған жерге баруға қашан да дайын дейді.
Жеңіс Сейдолла, әнші композитор:
«Той халықтың қазынасы дейді. Барлық жиған-тергеніңді қай жаққа шашасың, тойға шашпағанда дейді. Біз емес, оны ойлап тапқан, біздің қатар емес, бізге дейін де болған. Олардың алдында да болған. Баяғыда айтып жатушы еді ғой: бәйге шаптырып сондай бір үлкен той жасапты деген сияқты. Мысалы үш жүздің басын біріктіріп. Содан келе жатқан дүние. Біз өзі сондай уникальный халықпыз».
Бағдат Сәмединова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
«Кейбірі ойлайды, несие алып істейді деп. Ешқандай емес. Ешкім той иесіне мәжбүрлеп жатқан жоқ қой. Маған бәлен ақша беріңіз деп. Келіспей ме, бармай-ақ қойсын, келіспей ма шақырмай ақ қойсын. Ешқандай әншісіз өткізе берсін. Ешкім оларды мәжбүрлеп жатқан жоқ қой. Онда тұрған не бар? Алсын. Шетелде әншілерге Үкімет ақша төлейді, бізге ондай ешкім ештеңе төлеп жатқан жоқ».
Алайда, қоғам белсенділері той-томалақты жағлайтын әншілерді паразиттер деп атап отыр. Бұл қарапайым халықтың қалтасын қағудан ары аспайды, қоғамға тигізіп жатқан пайдасы да шамалы деген пікірде.
Оралбек Бей Өтеғұлов, қоғам белсендісі:
«Қарапайым еден жуушы төлейді салықты, ал 500 мың табатын асаба неге салық төлемейді? Паразиттік демей, не дейміз басқаша? Мәдениетті не сыпайы тонау дейміз бе? Сондықтан әдейі олардың намысын оятқым келеді. Пайдалы іспен айналысса екеен деп. Ешқандай пайдасы жоқ. 3 айды тойсыз өткіздік, ешнәрсе өзгерген жоқ».
Осылайша, бір топ қоғам белсендісі, тойға мораторий жасау туралы арнайы заң жобасын әзірлеп, оны алдағы уақытта Үкіметке ұсынбақ. Ал атқарушы биліктің бұған қатысты қандай шешім қабылдарын енді тек уақыт қана көрсетер.