-10.1 C
Алматы
Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    «Сен кезінде өз анаң мен апаңды соттаттың» Мұхтар Тайжан Марғұлан Сейсембайды сотқа беріп, оның жоққа шығаруға тырысатын әрекеттерін әшкереледі

    Мұхтар Тайжан мен белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембайдаың арасындағы дау әлі күнге бітер емес. Бұған дейін олар Facebook әлеуметтік желісі арқылы бір-біріне деген өкпесін жеткізіп, айтысқан болатын. Тіпті Instagram желісі арқылы дебат өткізуге де тырысқан. Ал бүгінгі күні екі бірдей қоғам белсенділерінің арасындағы дау сотқа дейін барды. Бүгін Мұхтар Тайжан Марғұлан Сейсембайды сотқа бергендігін жариялап, оның сот залында жалтаруы мүмкін әрекеттерін тізіп өтті. Ендеше, Qazweek.kz ақпарат агенттігі Мұхтар Тайжанның жазбасын еш өзгеріссіз назарларыңызға ұсынады:
    Міне, қасиетті Рамазан айы да аяқталды. Рамазаннан кейін Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алдық, балаларымызды олардың құқын қорғау күнімен құттықтадық. Карантин шектеулері де аяқталып, әдеттегі өмірге оралып жатырмыз.
    Алдында айтқанымдай, Марғұлан Сейсембайдың Оразаның алғашқы күнінде өздеріңіз көрген маған және менің отбасыма қарата айтқан жаласы мен жалған ақпаратын назардан тыс қалдырмаймын. Сондықтан қазір мен Марғұланды маған қатысты жұмсартып айтқанда жалған сөздері үшін жауапқа тартуды бастадым.
    Өздеріңіз білетіндей, оны дебатқа шақырдым. Дебатқа шығып маған және барлығыңызға мен туралы ақпаратын негіздеп беруіне болатын еді. Менде де оған қатысты өз аргументтерімді айтатын мүмкіндік туушы еді. Бірақ, ол дебатқа шықпады, сондықтан адвокаттарыма оны сотқа шақыруды тапсырдым. Енді ол сотқа келіп, мен туралы айтқандарына жауап беруге міндетті болады.
    Сотта екі тараптың да өз пікірлерін дәлелдеуіне мүмкіндік болады, кімнің ақ, кімнің қара екенін сот шешсін. Мен әркім өз ісі мен сөзіне жауап беруі керек деп санаймын. Пост жазу, ботфермаларды жалдап лайк пен репост жинау оңай, бірақ шындық лайк санымен өлшенбейді. Сондықтан да мен журналистердің қатысуымен өтетін ашық сотқа дайынмын.
    Марғұлан маған жария түрде жала жапқан екен, оның айтқандарының өзім сотта жоққа шығаратын негізгі бөліктеріне тоқтала кетейін:
    1. «…Сен кезінде өз анаң мен апаңды соттаттың».
    Мен ешқашан туыстарымды соттатпадым, ешкімді, анам мен апамды да сотқа бермедім. Біреудің отбасына қатысты өсек таратушы жазалануы керек.
    2. «Мен сені қолдағым келіп, пияз сатып алуыңа, кейін түскен пайданы 50/50 етіп бөлісу үшін $95 000 инвестиция жасадым».
    Мені ешқандай да ондай қолдау болған емес, болғаны – алдын ала келісім бойынша бірлескен инвестициялар ғана. Бұл жерде пайданы 50/50 жолымен бөлу туралы келісім болғаны рас. Ол кезде серіктестеріммен біз екінші жыл қатарынан пияз бизнесіне 1,3 млн АҚШ долларын инвестицияладық. Ал, 95 мың доллар оның жанында ештеңе шешпейді.
    Одан бөлек, сол 2014-2016 жылдары мен азаматтық белсенділікпен айналыспадым, толықтай бизнеске бет бұрдым. Ол туралы 2014 жылдың басында баспасөз мәслихатын өткізіп, саясаттан кететінімді ресми мәлімдедім. Сондай-ақ, ол уақытта жер дауы да болмағаны белгілі. Сондықтан ол жылдары мені жер белсендісі ретінде қолдайтындай себептер болған жоқ. Мен саясатқа тек 2016 жылдың көктемінде, жерге қатысты дағдарыс туғанда оралдым. Сондықтан, бұл жерде ешқандай қайырымдылық емес, әдеттегі бірлескен бизнес қана болды.
    3. «Сен менен ақша алдың, бірақ кейін мен Шеңгелді ауылының фермерлері сен олармен есептеспегеніңді айтып жүргенін білдім. Кейін сен маған ол фермерлермен соттасып, жеңгеніңді жаздың. Сол сөзіңе сендім де қарым-қатынасымызды жалғастырдық. Бұл менің кезекті және үлкен қателігім болды!».
    Бұл жерде мен Шеңгелді шаруаларымен пияз үшін есептеспепті-міс деген емеурін байқалады. Иә, маған қарсы әлеуметтік желіде және билікшіл БАҚ-та сол кезде, дәл Жер комиссиясының жұмысы кезінде осындай ақпараттық кампания болды. Бірақ, нақты факт жоқ. Оның үстіне биыл ақпанда фермерлер маған жала жапқан сөздері үшін жария түрде кешірім сұрады. Мүмкін оларды біреулер маған қарсы пайдаланғысы келген шығар.
    4. «2016 жылдың сәуірінде бүкіл ел бойынша жер митингілері өтті. Халық шетелдіктерге жер сатылмауын талап етті. Сен бұған белсенді түрде қосылып, менен көмек сұрадың. Сол кезде сен маған пияз бизнесінде бар ақшаңды жоғалтқаныңды, ұлыңның Америкадағы оқуын төлеуге және отбасыңды асырауға ақшаң жоғын айттың. Мен саған жер мәселесімен айналысуың үшін көмектесетінімді айттым».
    Біріншіден, мен тек ұлымды, ғана емес, қызымды да әлемнің үздік университеттеріне Марғұланмен танысқанға дейін, 2015 жылдың қыркүйегінде жібердім. Олардың оқуы 5 жылға созылды, яғни менде Марғұланмен қаржылық қарым-қатынастар болған мерзімнен әлдеқайда ұзақ. Менде балаларымды оқытуға заңды қаражат, заңды қаражат көздері болды, оны мен сотта дәлелдеп бере аламын. Осы жерде мен 2003 жылдан бастап бизнеспен сәтті айналысқанымды, 2008 жылы бірінші миллион долларымды, дәлірек айтсам екі миллион долларымды жинағанымды баса айтқым келеді. Және бұл қаражатты мен мемлекет меншігін жымқыру жолымен емес, мемлекеттік субсидиялардың, тендерлер мен мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен емес, кредит алып, сол арқылы кәсіпкерлік тәуекелге барып жинадым.
    5. «Мен белсендінің отбасын асырап, ұлын Америкада оқытуына, өзі алаңсыз Жер комиссиясының жұмысына қатысып, митинг кезінде қабылданған шешімдерді жүзеге асыруына көмектестім».
    «Ал енді маған жауап берші, соңғы 2 жылда сені, сенің отбасыңды мен асырап, ұлыңның оқуын мен төледім емес пе?».
    Сотта мен осы жерде сөз болып отырған 2015 жылдан 2019 жылды қоса алғанға дейінгі аралықтағы менің жеке шоттарымдағы ақша айналымын ашып көрсетемін. Сол жерде менің жыл сайынғы ақша айналымым балаларымды оқытуға жеткілікті болғаны айқындалады. Нағыз көмек, сол кезде де, қазір де менен басқа жер жанашырларына, басқа да азаматтық белсенділерге әлдеқайда қажет екеніне сенімдімін. Ал, Марғұлан екеумізде қашан да бизнес және іскерлік келісімдер ғана болды.
    6. «Сен менен мына сомаларды алғаныңды жоққа шығарасың ба:
    24.06.2016 Мұхтардың келіншегі Айгүлге 43500 АҚШ доллары берілді. Тапсыру орны Марков-Папов қиылысы.
    11.07.2016 Мұхтардың келіншегі Айгүлге 43600 АҚШ доллары берілді. Тапсыру орны Маров-Папов қиылысы.
    24.02.2017 Мұхтардың келіншегі Айгүлге 50000 АҚШ доллары берілді.
    29.05.2017 Мұхтардың келіншегі Айгүлге 50000 АҚШ доллары берілді.
    27.07.2017 Мұхтардың келіншегі Айгүлге 50000 АҚШ доллары берілді.
    Сен осы екі жылда саған 237 100 АҚШ долларын бергенімді жоққа шығарасың ба?».
    Менің электронды поштамда «Алель Агро» мамандарымен Салық кодексінің 448-бабы бойынша хат алмасулар (презентациялар, олардың негіздемелері) сақталып қалыпты. Дәл осы бап Марғұланға басқа фирмаларынан ауылшаруашылығына инвестиция құюға аффелирлігіне байланысты кедергі келтірген болатын. Бұл туралы Марғұлан өзі де ФБ парақшасында жазды.
    Оның постынан көріп отырғанымыздай, оның компаниялары 2016 жылдың басында ауылшаруашылығы секторына жүздеген миллион доллар инвестиция құйғылары келген. Бірақ, «аффелирлік» деп аталатын ұғым оның компанияларын арнайы салық режимінен айырды, Салық кодексінің 448-бабында сол туралы айтылған. Біздің бір жыл бойғы жұмысымыз нәтижелі болып, ол бап өзгертілді. Бұл айтып отырғандарымды тексеру де, дәлелдеу де оңай.
    Мен бұл жұмыспен айналысуға келісім бердім, өйткені осы бап шынымен де біздің ауылшаруашылығына инвестиция құюға кедергі келтіріп келді және коррупциялық сипатқа ие болды. Мен ол туралы жазған болатынмын.
    Біз осы күрделі мәселені 1,5 жыл ішінде шештік. Біз 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Марғұланның немесе оның фирмаларының үлесі бар басқа компаниялар арнайы салық режимін пайдалана бастағанын, содан бері ол компаниялар қанша қаржы үнемдегенін тексере аламыз. Сот бұл ақпаратты сұратады деп үміттенемін.
    Жалпы, біздің арамызда осы уақытқа дейін ешқандай ақшаға байланысты дау болмағанын айту керек. 2018 жылы мен Номад Эксплорер экспедициясына құрметті қонақ ретінде қатыстым. Маған ешқандай шағым болған жоқ. Одан бөлек 2019 жылы біз Марғұлан екеуміз іскерлік қатынастарды жалғастырып, жаңа іс – ел бойынша туалетизация және қоқыс жинау жобасын бастауға талпындық, тіпті бірлескен ЖШС тіркетуді де бастадық.
    Мұның барлығы біздің қарым-қатынасымыздың іскерлік сипатын айғақтайды. Бұл жерде қайырымдылық көмек туралы еш әңгіме жоқ. Тағы қадап айтамын, біздің бизнес қарым-қатынасымызда немесе жеке қарым-қатынасымызда ешқандай түсінбеушілік болмады.
    Онда бұл шиеленіс не нәрсеге байланысты?
    Мен оны 2019 жылдың жазында әлеуметтік желіде достықтан шығарып тастадым. Иә, ол одан кейін бірнеше рет менімен кездесуге сұранып, тіпті Алматы қаласы бойынша жаңа бизнес жоба да ұсынды. Бірақ, менің онымен ортақ шаруамен айналысуға деген ниетім жоғалды. Мен оның жазғандарынан мына қоғамды дамытуға саналы түрде қарсылық, кесір тигізу белгілерін байқадым. Ол бір қарағанда дұрыс нәрсе жазып жүргендей көрінеді, бірақ шын мәнінде оның посттары бізде басталып жатқан жүйені реформалауға бағытталған күрделі процестерге хайптың көмегімен кедергі келтіріп, осы процесті тоқтатуға бағытталды.
    Мен оған бұл жүйенің ауысқаны тиімсіз екенін түсіндім. Өйткені ол бүгінгі жағдайын осы жүйенің арқасында жасады. Егер жүйе ауысса оның барлық шаруасы, оның ішінде 90-жылдары Алель Агро құс фабрикаларын жекешелендіру бойынша, жыл сайынғы миллиардтаған мемлекеттік субсидиялар (127 млн доллар екені белгілі болып отыр), Альянс банктің екі еселенген пайыздары, басқа да шаруалары бойынша іс қозғалар еді. Мен Марғұлан екеуміздің кемеміз бір емесін, маған нағыз реформа керек екенін, оған бұрынғы жүйенің сақталғаны керек екенін түсіндім. Адамның көзқарасы оның дәулеті мен сол дәулетті қандай жолмен жинағанына байланысты қалыптасады ғой.
    Мысалы, ол жерді тек Қазақстан азаматтарына ғана беруді қолдағандай болып сөйлеп жүреді де, көп адам, қоғам белсенділері қатыспайтын дөңгелек үстелдерде жерді тіпті 49 пайызға дейін шетелдіктердің үлесі бар фирмаларға беруге шақырады.
    Мен оның сөзі бір басқа, ісі бір басқа екенін түсіндім. Жүйенің жемқорлығын айтып отырады, бірақ соған қарамастан оның бизнесі осы жүйеден қолдау көреді және өте ірі көлемде. Бұл жерде ешқандай көреалмаушылық жоқ. Мен ФБ-ның, әлеуметтік желінің басқа жұлдыздарын көре алмай жатқан жерім жоқ. Қандай да бір тапсырыс та жоқ. Егер тапсырыс алатын болсам, мен режимді өте радикалды түрде сынап жүрген, нағыз режим қарсыластарына «шабуыл» жасайтын едім ғой. Бар болғаны мен қоғамдық-саяси алаңды қауіпті пайдакүнемдерден, саясаттағы шарик-маликтерден тазартуға міндеттімін. Мен бұрын да солай жасағам, алда да жалғастырамын.
    Қашан да мен ондай қауіпті элементтер туралы дер кезінде ескертіп жүрмін. 2012 жылы Мәмбеталин туралы, 2018 жылы «Жаңа Қазақстан» туралы, былтырғы сайлауда олардың лидері Қосанов туралы да алғаш болып айттым. Мен үшін бизнестің саясатқа қатысы болмауы керек. Әрине, күнкөріс үшін бизнеспен айналысу керек. Бірақ бұл егер мен біреумен бірлесіп бизнес бастасам, ол өз бизнес серіктерімнің халықты алдауына көз жұмуым керек, оны жасыруым керек дегенді білдірмейді. Егер ондай шаруалар боп жатса, мен олармен бірге бизесті жалғастырудан бас тартамын, мына жағдайда да сондай қадамға барып отырмын.
    Кіммен, қандай адаммен байланысқанымды мен 2019 жылдың желтоқсанында Сейсембайдан «Альянс Банк туралы жазуыңды тоқтатпасаң алаяқтық жасады деп қылмыстық жауапқа тартқызамын» деген қоқан-лоққы басталғанда нақты түсіндім. Біздің арамызда бизнеске байланысты жүрген барлық қаражатты ол маған қарыз ретінде іліп, кері сұратамын деп қорқытпақ болды. Куәләрімен, хат алмасулармен, заңгерлермен, тағы басқалармен қорқытты. Сонда мен келісімдерді оңай ұмыта салатын нағыз классикалық банкир-өсімқормен байланысқанымды толық түсіндім.
    Яғни былтыр желтоқсанда дөрекі түрде менің аузымды жаппақ болды. Бірлескен бизнеспен сатып алу мүмкін болмаған соң, аузымды қорқытып жабуға талпынды. Бірақ, Марғұлан бұл мүлдем басқаша жағдай екенін түсінбеді. Мен олигархтардан, латифундистерден, т.б.қорықпаймын. Өйткені олар өте тәуелді адамдар. Олардың арты таза емес, кез келген уақытта қолынан жетектеп прокуратураға алып баруға болады. Оны бұлар жақсы біледі. Одан бөлек олардың әрқайсының нақты қожайындары бар, ал менде қожайын жоқ.
    Пост ұзақтау, бірақ толық шықты деп ойлаймын. Мен бұл жерде дау шығаруды мақсат етпеймін. Маған соңғы жылдары арнайы алынған ботофермалардың, Марғұланның танымал таныстарының, жай ғана ақшаға сатып алған журналистері мен сайттарының шабуылдары да қызықсыз. Қуаныштысы, ақиқат лайк, репост санымен өлшенбейді. Танымал адам ретінде қарапайым азаматтардың менің тұлғама қызығушылық танытып, талқылағанына түсіністікпен қараймын. Бұл – қалыпты жағдай. Бірақ, мына жағдайда жай адам емес, Форбс тізіміндегі адам айып тағып отыр. Мұны мен бей-жай қалдыра алмаймын.
    Жоғарыда менің және отбасымның атына айтылған барлық айыптар бойынша ашық процеске қол жеткізетін боламын. Өз ар-намысын отбасын қорғау – әр ер азаматтың, шаңырақ иесінің міндеті. Егер біз өз ошағымызды қорғай алмасақ, онда біз халықтың жерін қалай қорғағалы жүрміз? Сондықтан да бұл – біздің міндетіміз. Сол себепті мен қайндай адамның болсын мәртебесіне қарамастан әділдік салтанат құруын қамтамасыз ететін боламын. Заңның алдында бәріміз тең болуымыз керек.

    қатысты посттар

    Түркістанда бейтаныс жігіт бойжеткенді алып қашып, арам ойын жүзеге асырған

    Фариза

    Шымкенттегі 17 жастағы жасөспірімнің өлімі бойынша бес күдікті қамауға алынды

    Фариза

    «Халықты тексергім келді» Ахметбек Нұрсила: Бұл әншейін қойылым, хайп үшін жасадым (видео)

    Фариза

    Пікір қалдыру

    fourteen − eleven =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.