Алматының блок-бекетінде қаза тапқан полиция қызметкерінің бірі Дастан Әбдіқановтың анасы бүгін әлеуметтік желідегі парақшасында ұлын еске алып, оны өлтірген адамның қатаң жазалануын талап етті. Сондай-ақ, Ол бұл істі Президенттің өз қарауына алуына өтініш білдірді. Qazweek.kz ақпарат агенттігі Дастан Әбдіқановтың анасының жазбасын назарларыңызға ұсынады:
«Мен қызмет бабында қаза болған Абдықанов Дастанның анасымын. Дастан 26 жасында елі мен Отаны алдында адал қызмет етіп жүріп, кісі қолынан қаза болды. Әлеуметтік желіден келінім Динара күйеуінің өліміне кінәлі Азат Азаматовтың суретін көргенде бірден таныған. Себебі ол күйеуі жұмыста болған уақытта үнемі сөйлесіп отырған, оның кіммен бірге сменге түсетінін жақсы білген. «Қылмыскердің полицияда әлі де жұмыс істейтінін, желіде жалған ақпарат таралып жатқандығын, тек шындықты айтыңыздар» деп жазғанын растаймын.
Әкесі тілшілерге келінімен сөйлеспей тұрып, өз ойымен келінім ешқандай жазба қалдырған жоқ деп сұқбат берген. Шындығында келінінің жазбасы туралы білмеген. Біздің бір-бірімізбен әңгімелесіп, желі қарап, талқылауға жағдаймыз болған жоқ. Мен ұлымның абыройына нұқсан келмеуін және қылмыскердің әділ, заң талаптарына сай, қатаң жазалануын сұраймын.Бұл аса қайғылы істің ақ қарасын анықтап, қанышер қылмыскердің әділ жазасын алуын талап етемін.Мен ешкімге сенбеймін.Құрметті Президент Қасым Жомарт КемелұлыТоқаев мырза осы іс тікелей өз бақылауыңызда болып,қылмыскер әділ жазасын алады деп,сенемін».
Естеріңізге сала кетейік, 25 мамыр күні Алматы маңындағы блок-бекеттердің бірін бұзып өтпекші болған мас жүргізуші полиция көлігін соғып, апат салдарынан екі полиция қызметкері бақилық болған еді.