Алматы блок-бекетіндегі жол апатына себепкер болған Азат Азаматов осы айдың басында ғана лейтенант шенін алған полиция қызметкері екен. Тәртіп сақшысы қанды оқиға болған күні түнгі кезекшілікке түсіпті. Осылай деген Азаттың әкесі полицияның «күдікті — бұрынғы полицей» деген мәлімдемесін жоққа шығарды. Талғат Мұқашев, тіпті, ұлының ішімдік ішкеніне де күмән тудырып отыр деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.
Телеарнаға эксклюзив сұхбат берген күдіктінің әкесі карантинде күндіз-түні жұмыс істеген ұлы қалғып кетуі мүмкін екенін айтады. Ұлым қолымен істегенін мойнымен көтереді, алайда қасақана жасалған қылмыс деп жала жабуға болмайды деп отыр ол.
Өзі де ішкі істер саласында 28 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыққан азамат «оқиғаның анық-қанығы камераға түсуі керек еді, құрылғының істен шыққаны күмән тудырады» дейді.
«Коронавирусқа қарсы оларда демалыс болмай кетті. 18-19 күндей жұмыс істеді. Соның салдарынан, ол таңғы 5-те таң атып келе жатқанда ұйықтап кетті ме деймін. Адам демалмағаннан кейін сондай болады. Мен баламның жол апатын жасағанын жасырмаймын. Ол заңды түрде істегенін мойнымен көтеруі керек. Бірақ, әдейі барып соқты дегенге сенбеймін. Ешқандай адам баласы, ешқандай жүргізуші, тіпті, жауына олай жасамайды»,- дейді ол.
Мұқашевтың айтуынша, ұлы мен марқұм Дастан Әбдіқанов етене жақын араласқан екен. Азат Азаматов жақында әріптесінің қуанышын бөліспек болыпты.
«Баласы (марқұмның-ред) дүниеге келгеніне бір ай болған екен. Екеуі араласып жүрген, досы баласының шілдеханасын жасамақ болған. Ол бәрін шақырған. Солай араласып жүріп, қалай қылмысқа барады деп ойлайсыздар? Көлігі жүрмей жүр еді. Қалай қатты жүріп кеткеніне де таң қаламын.
Оқыс оқиға ғой. Қасындағы жолдасына қасқыр да қастық қылмайды. Қасындағы жолдастары жоқ, бақилық болып кетті. Ол кісілердің ата-анасына, ағайын-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Мен соны ойласам, жүрегім жарылып тұрады. Ол да менің балам ғой. Баламның қасында жүрген жолдастары да — менің балаларым»,- деген әке көз жасын тия алмады.
Қайғыдан қан жұтқан Талғат Мұқашев полицияның ұсынған мәлімдемесін де түсіне алар емес.
«Адамның миына кірмейтін сөздерді айтып жатыр. Төрт сөгіс берсе, неге алғыс хат береді, неге аға лейтенант шенін береді? Менің ұлым — алқаш, менің ұлым — жаман деген айып тағылып отыр. Сондай айып тағылса, басшылар қайда қарады? Арақ ішкен адамды неге ішкі істер органдарында қызметкер етіп жүргізеді?», -дейді ол.
Еске сала кетейік, екі полиция қызметкерінің өмірін қиған жол апаты 25 мамыр таңғы сағат 5.30-да Көксай ауылындағы блок-бекетте болған. BMW көлігінің жүргізушісі, 1992 жылы туған ер адам әуелі бетон қоршауға, содан кейін полиция қызметкерлерінің көлігіне соқтығысқан болатын. Көлік ішінде қос бірдей полиция қызметкері отырған. Алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев қайтыс болса, оның әріптесі, полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, сол жерде есін жимастан көз жұмған.