-11.1 C
Алматы
Воскресенье, 22 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Білім және ғылым

    «Шпаргалка қолдануға толық мүмкіндік бар»: елімізде онлайн оқыған оқушылар жаппай «5» алды

    Қазір қашықтан және онлайн тәртіпте білім алып жатқан оқушылардың үлгерімдері кенеттен жақсарып, жаппай «5» ала бастады деп шулап жатыр жұрт. Ата-аналар болса, оқытудың аталған формасына қарсылық танытып, керек десеңіз, мыңдап қол жинағаны кеше ғана, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат порталы, Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

    Осы аптада елдің бас мұғалімі Асхат Аймағамбетов мырза петиция жинаушыларға жауап беріп, «онлайн оқыту жүйесіне еріккеннен көшкен жоқпыз» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, әлемде қазір бір жарым1,5 миллиард оқушы қашықтан және онлайн тәртіпте білім алып жатыр.

    Сөз жоқ, бұл – мәжбүрлі шара. Десек те, оның тетіктерін жетілдіріп, керек кезінде өз ыңғайымызға тиімді пайдалану қажет деп отыр білетіндер. Талай жыл шәкірт тәрбиелеген Жарықкүл Құрманбаева – бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер ұстаз. Өзге құрдастарындай емес, ғаламторды күнде ақтарып, желідегі жаңалықтарды құр жібермейді. Заманынан қалмауға тырысатын ол озық техниканы қанша жақсы көрсе де, оның көмегімен бала оқыту дегенге үзілді-кесілді қарсы.

    «Қашықтан оқыту дегенің, тіпті, баланы сауатсыздыққа апаратын жол. Мен солай деп ойлап отырмын. Қашықтан оқытудың бізге мүлде керегі жоқ. Анау-мынау істеп жатыр деп еліктеуге болмайды. Қазақтардың өз менталитеті бар», — дейді зейнеткер.

    «Еті сенікі, сүйегі менікі» деген түсінік қой біздегі. Бірақ, пандемияның пәрмені балаларымызды үйді үйге тықты. 3 миллионнан астамы онлайн оқу жүйесіне көшті. Алайда, миллиардтар бөліп цифрландырған Қазақстанның бірде бір платформасы соларға ғаламтор арқылы сабақ беруге жарамады.

    Зере Шұқпан Алматыдағы дарынды балаларға арналған мектеп-лицейдің бірінші сыныбын тәмамдады. Алғашқыда зум, одан қалды классрум деп алатын жүйелер арқылы сабақ оқып көріпті. Ақыры «Балапан» телеарнасына телмірген.

    «Емтихандарда кейбір білмей қалған жерлерді әпкем көмектесті. Кей кезде ғана көшірдім, қиын болған жерде, онлайн оқыған ұнады. Бірақ, мектептегі достарымды сағындым», — дейді ол.

    Зере сынды 4-тоқсанды тек беске бітіргендердің саны былтырғымен салыстырғанда, 30 пайызға артқан. Бұған қатысты желілерде «ата-аналар баларды мұғалімнен жақсы оқытады екен» деген де қалжыңдар жүр.

    «Апайлар жиынтық бақылауды өздері жасайды. Кейбіреулер интернеттен алады. Интернеттен алғанда, жауаптары болады сол интернетте», — дейді 6 сынып оқушысы Сая Шұқпан.

    «Өзі жоқтың көзі жоқ» принципімен тапсырылған емтихандар бұл», — дейді ата-аналар. Онлайн оқытудың білім саласын төмендетіп жібергені былай тұрсын, компьютерлік бақылау жүйесінің жоқтығы обьективті түрде емтихан тапсыруға да мүмкіндік бермеген. Сондықтан осы тоқсан соңында шыққан қорытынды бағалар баланың білім деңгейін нақты көрсетпейтініне сенімді ата-аналар.

    «Балаларда жауапкершілікті сезіну жеткіліксіз. Сондықтан жиынтық бақылау тапсырмаларын орындау оңай деген ой қалыптасты. Сандық көрсеткіш жоғары болғанымен, білім сапасы төмендеп кетті, көшіріп алды, жеңіл болды. Ешқандай қиындық туындаған жоқ», — дейді көпбалалы ана Гүлнар Қоңырат.

    Онлайн жүйе мұғалімдердің де жүйкесін жұқартты. «Бұрынғыдай дәптер тексеру дегенді ұмытқанымен, баланы көзбе-көз көрмегесін, сабақ беру қиын», — дейді ұстаздар.

    «Бетпе-бет жүздесіп, балалармен қауышып, сабақ бергенге ештеңе жетпейді. Сабақ түсіндіру барысында баламен жүзбе-жүз көрісіп, оның көңіл күйіне, сабағына қарауға қатты үйреніп қалыппын», — дейді мұғалім Берікбол Кемелбек.

    Ал бала оқытудың бұл түрі Білім және ғылым министрлігінің көңілінен шыққан көрінеді. Шенділер «қашықтан оқытуды заңдастыру жоспарларын» құрып жатыр екен деген қауесет ата-аналардың ашуын туғызды. Тіпті, олар ғаламаторда «Дәстүрлі мектептер үшін» атты онлайн петициясын ұйымдастырып, аз уақытта 20 мыңға жуық ата-ананың қолын жинады. Бұл даудың нүктесін министрдің өзі қойды.

    «Бүгінде ең тиімді және ыңғайлы форма – мектептердегі дәстүрлі күндізгі оқыту екенін түсінеміз. Дегенмен, қашықтан оқыту технологиясын дамыту және мектептерді ақпараттандыруды жалғастыру керек. Қосымша мүмкіндік және балама ретінде», — дейді Асхат Аймағамбетов.

    Заман талабынан қалмай өз ғаламтор платформамызды дамытуымыз керектігінде дау жоқ. Иса Тоқтыбаев биыл Еуразия ұлттық университетінің компьютерлік технологиялар мамандығын тәмамдамақшы. Мемлекеттік емтихандардың бәрін онлайн тәсілмен тапсырып жатыр.

    «Комиссия қатал болғанымен, үйде отырып, шпаргалка қолдануға толық мүмкіндік бар», — дейді ол. Озық техниканың тілін білетін болашақ түлек қазірдің өзінде шетелдік компаниядан жұмыс тауып қойыпты. Олардың емтихан тапсыруға көмектесетін компьютерлік бағдарламасы жаға ұстатады дейді.

    «Ол жактағы экзамен тапсыру жүйесінде интеллектуалды жүйе бар. Жасанды интеллект. Көз қарашығы басқа жаққа қараса, бірден біліп қояды. Экзаменнен шығарып жібереді. Қазақстанда өкінішке орай ма, қуанышқа орай ма, оған жете қойған жоқ», — дейді талапкер.

    қатысты посттар

    Шымкентте талапкерлердің ҰБТ тапсыру кезіндегі түсірілген бейнебақылау жазбалары министрлікке жолданады.

    Фариза

    Жаңа оқу жылында жамбылдық оқушылар оқулықтармен 100 пайыз қамтылады

    Фариза

    Білім министрі мұғалімдерге көше сыпыртқандар жайында пікір білдірді

    Фариза

    Пікір қалдыру

    twenty − 11 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.