18 мамырдан бастап кейбір өңірлерде бірнеше мешіттерге 7.00-20.00 Жұмыс істеуге рұқсат берілсе де, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елдегі ахуалға байланысты азаматтарды Қадір түнін үйде өткізуге шақырды.

Ендеше Қадір түнін қалай өткізу керек, бұл түн несімен ерекше, осы сұрақтар төңірегінде айтып өтпекпіз:

Неліктен бұл түн Қадір түні деп аталды?

Қадір түні араб тілінен аударғанда (ليلةُ القدر – ләйләтул-қадір) – қасиетті түн деген мағынаны білдіреді. Құран Кәрімге түсініктеме жазған мәшһүр ғалым Ибн Кәсир «Қадір» сөзінің төмендегідей үш мағынасы бар екенін айтып өтеді:

«Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады делінген. «Абырой, бедел» мағынасы бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы дегенді білдіреді. «Сығылысу» мағынасы бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскеннен соң, жердің тарлығынан сығылысады дегенге саяды.

Бұл түн Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болады, яғни он түннің біріне жасырылған дейді. Ал 27-түн – Қадір түні болуы ең ықтимал түн.

Бұл түнде қасиетті Құран Кәрім түскен. Осы түні жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болуына байланысты мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады.

Қадір түнінің ерекшеліктері қандай?

Қадір түнінің мағыналарымен қоса басқа түндерден ерекшеліктері де бар:

  • Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрімнің түсірілуі;
  • Ұлық түн. Басқа түндер Қадір түніне сәйкес келмейді;
  • Құлшылық түні. Қадір түні тұтас бір ғұмырды қамтитын қасиетке ие;
  • Бұл түнде шайтандар болмайды;
  • Періштелердің бәрі, Жәбрейілдің өзі Алла Тағаланың қалауы бойынша жерге түсіріледі;
  • Бұл түнде амандық, тыныштық салтанат құрады. Әсіресе, иманды адамдар жамандық атаулыдан аулақ болады;
  • Бұл түн – береке кеші;
  • Иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлар кешіріледі;
  • Бір жылдық тағдыр жазылады.

Қадір түнінің нақты қай күні болатыны жасырылғандықтан бұл түннің өзіндік белгілері бар:

  • Ауа райының бірқалыптылығы. Жел баяу соғады. Ол түні ай жарық болады;
  • Сол түнді құлшылықпен өткізген адамның жүрегінде тыныштық орнайды. Жаны рахат бір сезімді бастан кешеді. Үбай ибн Кәъб (р.а) айтқандай, ол күннің таңында атқан таң өткір сәулесіз болады;
  • Иттер шуылдамайды, есектер ақырмайды;
  • Нұр байқалады;
  • Кей адамдардың сол түні дұғалары жылдам қабыл болады

Қадір түнін үйде қалай өткізген дұрыс?

  • Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерді арттыру;
  • Құран Кәрім оқып, тыңдап, түсінуге ынта қойып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнату;
  • Пайғамбарға салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, адам оның үмметінен болғанын саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстану;
  • Уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған кір мен күмәннан арылу;
  • Қадір түнінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағлұмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру. Әсіресе адам өз-өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым-қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруге тиіс;
  • Тәубе айтып, кешірім сұрап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға құштар болу;
  • Алланы зікір етіп, еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасап, иманды күшейту;
  • Жиі-жиі дұға жасау. ҚМДБ барша қауымды қасиетті Қадір түнінде Түркістан облысындағы тасқын судан зардап шеккендерге дұға жасауға үндейді;
  • Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу;
  • Қадір түнінің құрметіне бүкіл мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеу
  • Шамасы жететін сомада садақа беріп, садақаның қабыл болуын сұрап дұға ету;
  • ҚМДБ Құран хатым дұғасын, уағыз-насихат пен пайдалы дәрістерді онлайн режимде өткізеді. Үйде отырып, онлайн режимде дұғаға қатысып, насихат тыңдауға толық мүмкіндік бар.

Қадір түні міндетті түрде ұйықтамау керек пе?

Қадір түні күн батып, ауыз ашқан сəттен бастап, таң ататын уақытқа дейін жалғасады. Сол себепті мүмкіндігінше ұйықтамаған дұрыс. Мақсат – тек ұйықтамай, ояу жүру емес, дұрысы дұға-тілек жасап, ренжіткен адамдарды кешіріп, намаз оқып, садақа беру, ізгілікке ұмтылу.

Қадір түні дастархан жайып, есік-терезелерді ашып қою керек пе?

Қадір түнінің құрметіне дастархан жаюдың қажеті жоқ. Үйге жақсылық кіреді деп есік-терезелерді ашып қою да – қате түсінік. Бұл түн – құлшылық түні. Алла сіздің дұға жасап, намазға жығылып, кешірімді, мейірімді адамға айналғаныңызды қалайды. Бұл түні сізден өзгеріп, мүлде жақсы адамға айналғаныңызды күтеді.

Еттеккірі келген әйел Қадір түнінде не істеуі қажет?

Етеккірі келген әйелге мешітке кіруге, Құран оқуға, тыссыз Құран ұстауға, намаз оқуға және ораза ұстауға болмайды. Намаз оқымағанымен Алладан дұға тілеп, тәспі тартып «субхәналлаһ», «әлхамдулиллаһ», «Аллаһу әкбәр» деген сияқты зікірлер мен «астағфирулла» деп кешірім айтып отыруына болады. Сондай-ақ, жаттаған дұға-аяттарын да дұға мақсатымен оқуына болады.

Қадір түні Қыдыр ата келе ме?

Қадір түні де, басқа түні де Қыдыр ата келмейді. Ол – қате түсінік. Қадір түнін дұға, тілек, құлшылықпен өткізген адамға бір жыл бойы береке-бақыт, байлық, ырыс-несібе келеді.