-5.1 C
Алматы
Пятница, 15 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Экономика

    Карантин аяқталған соң доллар бағамы өседі — экономист

    Коронавирус салдарынан болған пандемия әлем экономикасына миллиардтаған шығын келтіріп отыр. Екі айға жуық карантин режиміндегі Қазақстан экономикасында да  көптеген өзгерістер болып жатқаны белгілі. Осыған байланысты Azattyq Rýhy тілшісі «Таңдаулы экономистер одағы» түлектер қауымдастығының төрағасы, GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы – Жасұлан Күшебаевпен сұхбаттасты.

    ӘЛЕМДЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАПШЫЛЫҒЫ БОЛУЫ МҮМКІН

    – Жасұлан мырза, мұнай бағасының құлауы, коронавирустың өршуі мен карантин режимі Қазақстанның экономикалық реализіміне қандай өзгерістер әкелді деп ойлайсыз?

    – Қазіргі жағдай басқа елдермен салыстырғанда Қазақстан үшін өте ауыр. Өйткені, Қазақстан экономикасына бір емес, үш ауыр соққы қатарынан тиіп жатыр. Оның біріншісі – мұнай бағасының төмендеуі, екінші – төл теңгеміздің құлдырауы, үшінші – карантин режимі. Осы аталған үш мәселе біздің экономикамызға ауыр салмақ түсіруде. Ал әлемдегі алпауыт АҚШ, Қытай елдерін алатын болсақ, олар тек карантин мәселесінен ғана зардап шегіп отыр. Сондықтан қазіргі жағдай ел экономикасына үлкен реформалар қажет екенін көрсетеді. Себебі біраз бизнес пен өндіріс салалары тоқтап тұр. Білетіндеріңіздей, еліміздің азаматтарының көпшілігі шағын және орта бизнесте жұмыс істейді. Карантин режиміне байланысты халықтың табыс көзінен айырылуы олардың тамақ пен қызмет саласына ақша жұмсамауына әсер етті, сәйкесінше айналымда ақшаның аз болуы экономикалық қызмет көрсету саласына түсетін пайданы да азайтты. Сондықтан үкімет осындай тенденция қалыптаса бермеуі үшін үлкен әлеуметтік шығындарға баруы керек. Бұл халыққа ақша беріп қана қоймай, бизнеске де сұранысты арттырады. Сәйкесінше, мұндай шаралар экономикамызды жандандырудың бірден бір бастауы. Одан бөлек, шағын және орта бизнеске қолдаулар, салықтың жеңілдіктер, экономикалық реформаларды қажет етеді. Карантин кезінде адамдардың тұтынушылық сұранысы да өзгерді, осыған орай кәсіпкерлерде тұтынушы сұранысына сай өз бизнестерін жетілдірулері қажет. Мұның нәтижесі Қазақстандағы бизнес моделінің өзгеруіне әсер етеді деп ойлаймын.

     Еліміздегі қай салалар түбегейлі экономикалық реформаны қажет етеді?

    – Қазіргі таңда экономикалық реформаны қажет ететін үш негізгі саланы атап өткім келеді. Бірінші – ауыл шаруашылығы, екінші – шағын және орта бизнес, үшінші – қаржы-несие саясатын айтуға болады.

    Не себепті бірінші орынға ауыл шаруашылығын қойып отырсыз?

    – Әлем экономистерінің айтуынша, карантин әсерінен әлемде азық-түлік дағдарысы болуы мүмкін деген болжам бар. Осы орайда біздің мемлекет азық-түлік дағдарысын болдырмас үшін, халқымызды қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында аталған саланы мықтап қолға алуы тиіс. Ақша-несие саясаты түсінікті, себебі, қазіргі таңдағы теңгенің құлдырауы, мұнай бағасының түсуі, Ұлттық банктің қатаң саясаты өзгерістерді қажет етеді. Үшінші – шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету күн тәртібінде бірінші тұратын мәселе. Себебі елімізде 1 миллионнан астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары бар. Аталған салада еліміздің қаншама экономикалық белсенді азаматтары жұмыс істейді.  Сондықтан бұл  миллиондаған қазақстандық азамат пен бизнестің тағдырына әсер ететін реформа болмақ.

    БИЗНЕСКЕ КЕРЕК КӨМЕК — ЖАЛАҚЫНЫ СУБСИДИЯЛАУ

    Аталған реформаны қалай жүзеге асыруға болады?

    – Қазіргі таңда үкімет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдау үшін біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Кәсіпкерлерді салықтан босату туралы да жеңілдіктер қарастырылуда. Өз тарапымнан ұсынатын ұсынысым бар.  Бүгінгі таңда шағын және орта бизнесті қолдауда мемлекет жұмыссыздықтың алдын-алу үшін «Жол картасы» деген бағдарламаны ойлап шығарды, осы «Жол картасында» олар шағын және орта бизнесте қызмет атқаратын адамдардың жалақыларын 6 ай бойы субсидиялауды жүзеге асырса құба-құп болар еді.  Яғни еліміздегі шағын және орта бизнес қызметкерлерінің жалақысының 50% үкімет төлейді, қалған 50% бизнес өкілдері төлейді. Осындай шешім арқылы мемлекет біраз затты ұтады. Атап айтар болсам, бұл шағын және орта бизнестегі көптеген шығындардың азаюына әкеледі. Ал ең үлкен шығын – қызметкерлердің айлығы. Болашақта шағын және орта бизнес өз қызметкерлерін қысқартуы мүмкін, ал жалақыны субсидиялау қызметкерлерді жұмыста сақтап қалып, бизнестердің қайта қалпына келуіне үлкен көмек болар еді. Мұндай бағдарламалар қазір Ұлыбританияда қолданылып жатыр. Олар елдегі шағын және орта бизнес өкілдерінің 80% жалақысын субсидиялап отыр, ал, 20% компания өзі төлейді. Ал біздің елде тым құрыса үкімет алты айға бағытталған  осындай іс-шараны қолға алса, елдегі жағдайды жақсы жаққа шешуге кішігірім болса да үлес қосар еді.

    ӘЗІРГЕ БАҒАМДЫ ИНТЕРВЕНЦИЯ ҰСТАП ТҰР

    Теңгенің алдағы тағдырына байланысты қандай болжам айта аласыз?

    – Теңгенің тағдыры – мұнай тағдырына байланысты корреляцияланады. Егер, мұнай бағасы өссе теңге құны күшейеді, төмендесе теңгеміз де төмендейді. Мұнай бағасының әлсіреуі теңгенің  әлсіреуіне әкелуде. Наурыз айында Ұлттық банк $1 млрд 500 миллион көлемінде интервенция жасаған болатын. Қарап отырсақ, соңғы 5 жылдықта Ұлттық банк мұндай интервенция жасамаған екен.

    Бұл нені білдіреді?

    – Елімізде теңгеге қатысты үлкен мәселе бар екенін, ұлттық валютамыздың реалды құны АҚШ долларына шаққанда, Ұлттық банк ұсынып отырған нарықтық құннан әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді. Карантин аяқталған соң, теңгенің долларға шаққандағы курсы өсіп, теңгеміз құнсыздануы мүмкін. Осы уақытқа дейін теңгенің құнсыздануы біздің долларға деген сұранысымызды арттырып келді. Карантин жағдайында көптеген бизнес сырттан тауар сатып алмады, сәйкесінше бизнесте де долларға деген сұраныс азайды. Ал карантин ашылған соң, долларға деген сұраныс өседі. Себебі бизнес сырттан тауар сатып алады, салдарынан теңгенің құны автоматты түрде әлсірейтінін байқайтын боламыз.

    ПАНДЕМИЯНЫ ІШКІ ТУРИЗМ ПАЙДАЛАНУЫ ТИІС

    Коронавирустың ел экономикасына тигізер пайдасы бар ма? Бар болса, бұл індеттен қай сала өкілдері ұтады?

    – Коронавирус жағдайынан ұтатын негізгі сала – ішкі туризм. Себебі халық карантинен кейін шетелге қыдыру, қалаған еліне бару мүмкіндігінен айырылады. Алдымызда жаз мезгілі келе жатыр, бір ай бойына үйде жатқан азаматтар қыдырғысы келеді. Азаматтар шетел аса алмайтындықтан, Алакөл сынды отандық туристік орталықтарға көптеп барулары мүмкін. Сондықтан бұл біздің ішкі туризмнің дамуына тың серпіліс болатын еді. Осы мүмкіндікті үкімет те, бизнесте барынша қолданып қалуы керек. Мұны тіпті біздің туризмге берілген алтын мүмкіндік деп айтсам болады.

    Үкімет тарапынан жасалып жатқан антикризистік жағдайға қандай баға бересіз?

    – Орташа деген баға беремін. Соңғы уақытта мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Оның үстіне антидағдарыстық шараларға 6 трлн теңгедей бөлінген деген ақпарат тарады, оның 1 трлн теңгесі жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған екен. Осы жерде бағанағы ұсынысымды тағы айтқым келіп отыр, үкімет жаңа жұмыс орындарын құрғанша, қолда бар жұмыс орындары мен бизнесті сақтап қалуға мүдделі болу керек. Ал оны сақтап қалудың бір жолы – шағын және орта бизнестің жалақысын субсидиялау.

    Карантин кезінде көптеген сала мамандары қашықтан жұмыс істеуге болатынын түсінді. Бір шетінен жұмыс берушілер де мұның пайдасын біліп қалды. Қалай ойлайсыз, осы карантин аяқталған соң, қандай мамандық иелеріне сұраныс төмендейді?

    – Карантин кезінде қазақстандық тұтынушы азаматтардың мінез-құлқы өзгере бастады. Карантиннен кейін олардың мейрамахана мен сауда орталықтарына барып, бұрынғы өмірлеріне қайта келулері ұзақ мерзімді алуы мүмкін. Ал кейбір азаматтар бұрынғы өміріне оралмауы да мүмкін. Адамдар мейрамхана мен кафелерде тамақ ішуге емес, үйде тамақтануға бейімделіп кетті. Сауда орталықтарына барғаннан гөрі, онлайн тапсырыс беруді үйреніп алды. Осыларды ескерсек, бізде мейрамхана, сауда-саттық саласында сұраныс азаяды. Қызмет көрсету саласында жұмыс берушілердің мамандар санын қысқартуын болжауға болады. Көптеген азаматтар қашықтан, енді бірі тауарларды жеткізу қызметімен айналысып жатыр. Сондықтан сауда орталықтарында тұратын кеңесшілер мен кассир мамандарының саны қысқарып, бизнес өкілдері қашықтан жұмыс істеу процесін жалғастыра береді деген ойдамын.

    Уақыт бөлгеніңізге алғыс білдіремін!

    қатысты посттар

    Шуда 7 553 гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілген

    Фариза

    Лукашенко Ресеймен бірыңғай валюта енгізуге келісім берді

    «Анам мені босана сала жетімдер үйіне қалдырып кеткен»: Отандық кәсіпкер балалық шағынан алған сабақтары туралы

    Фариза

    Пікір қалдыру

    three × four =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.