-6.1 C
Алматы
Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    «Қайтып келу үшін қол жинап жатыр»: Меркі ауруханасында тағы да дау шықты

    Меркі аудандық орталық ауруханасының  дәрігерлері тағы да шу шығарды. Ақ халаттылар  емхананың меңгерушісі болған Гүлмира Манақбаеваның әрекетіне қарсы шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhyтілшісі. Айтуларынша, карантин жағдайына қарамастан емхананың бұрынғы директоры ауруханаға келіп, өзінің жақтастарымен жиналыс өткізбек болған. Дәгіргерлер Манақбаева өзін қайтару туралы қолхат жинап, жасырын жиналыс өткізіп жатқанын біліп қойғандарын айтады.

    «103-кабинетте Манақбаеваны қайтару үшін қол жинап жатыр. Манақбаева жұмысқа шықсын деп дәрігерлерден қол хат алып жатыр екен. Мен қарсымын, өлсем де қол қоймаймын. Оның қайта келуіне қарсымын. Ол маған өзіне ұнамаған дәрігерлерді көрсетіп, олармен сөйлеспе, аралассаң сыйақы бергізбеймін деп айтқан», — деді 30 жылдық тәжірибесі  бар медбике Дәмигүл Якупова.

    Дәрігерлердің сөзінше, Гүлмира Манақбаева да аудандық аурхананы апалы-сіңлілермен бірге басқарып, қызметкерлерді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған. Емхананың меңгерушісі өзіне қарсы келген, бұйрықты тыңдамаған мамандарды қудалап отырған. Қызметкерлер басшылық тарапынан кемсіту естіп келгендерін  айтады.

    «Гүлмира Нақытбекқызы қызметкерлердің есепшотына артық ақша аударып, кейін оны қайта жинатқызады. Ұжымның арасында ірікті салады. Егер де оған қарсы біреуіміз сөйлейтін болсақ, учаскемізден өзімізге қарсы жұмыс істей алмайды деп қол жинатқызады. Ұжымды бір-біріне қарсы қойды. Ол емхананың басшысы болған соң, оның айтқандарын істеп келдік.  Ертең ол тағы қайтып келе ме деп қорқып отырмыз. Біз ақша жинайтын адамның бұл мекемеде жұмыс жасағанына қарсымыз», — деді жалпы тәжірибе дәрігері Қаламқас Төреқұл.

    Меркі аудандық ауруханасындағы даудан кейін арнайы комиссия құрылып, апалы-сіңлілі Жаңыл Шойбекова мен Замира Мұқаева орындарын босатқан еді. Мамандар басшылық коронавирусқа қарсы қорғаныс құралдарын бермегендіктен, дәрігерлер вирус жұқтырды деп айыптаған еді. Жас дәрігерлер де емхананың меңгерушісі Гүлмира Манақбаевдан зәбір көргендерін айтып шағымданған болатын. Ал тексеріс басталғанда, емхана басшысының бірден еңбек демалысына шығып кеткені белгілі болды.

    «Қазір жұмыс уақыты болса да Гүлмира Манақбаева учаскелік дәрігерлерді жинап жиналыс өткізіп жатыр. Дәрігерлер кабинеттерінде жоқ, өйткені оларды шақыртып алды. Ал тұрғындар өз дәрігерлерінің қабылдауын күтіп отыр», — деді жалпы тәжірибе дәрігері Анель Мұхаева

    «Мен емхана басшысының қайта келгеніне түбегейлі қарсымын. Ол үлкенді де сыйлау білмейді. Моральдық күш көрсетеді.  Менің де онымен арақатынасым басқа дәрігерлер сияқты жақсы емес», — дейді дәрігер-психолг Жексенгүл Кембаева.

    Дәрігерлер бұрынғы басшылардың төтенше жағдай кезінде карантин талабын тыңдамай, адамдарды жинауы елдің заңын сыйламағандық, өзге әріптестерінің өміріне қауіп тудыру деп бағалайтындарын айтты. Шағымданған дәрігерлер басшы ауыр науқасты қарап жатқан кезде де бөгет болғанын айтады.

     «Жұмыс кезінде, карантин уақытында ол неге осында келіп адамдарды жинайды? Қандай қақысы бар? Біз ауыр науқастарды қарап жатқан сәтте де тыныштық бермеді. Жұмысқа келгелі  осы ахуал. Топталып жиналмау керек деген Президенттің жарлығы сонда бұларға жүрмей ме?», — дейді дәрігер-эндокринолог Асылгүл Садықова.

    Ал  шулы оқиғадан кейін жуырда ғана тағайындалған аурухананың бас дәрігері Райымбек Нұржанов жиналғандарды таратып жібергенін айтты. Бұрынғы басшылардың үстінен қазір құзырлы орган тексеріс жүргізіп жатыр. Ал кезекті еңбек демалысына кеткен емхана меңгерушісінің бұрынғы лауазымында қалу-алмауы тексерістің нәтижесіне байланысты болмақ.

    «Дәрігерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді, тынышталды. Бәріне айттым, қазір бұлай жиналып жүруге болмайды, орындарыңызға барыңыздар дедім. Манақбаева мамыр айының соңына дейін демалыста болады. Комиссия әлі жұмыс істеп жатыр, құзырлы органдар тергеу жүргізіп жатыр. Қаржылық тексеріс те жүріп жатыр. Емхананың басшысы болған Манақбаеваның қызметін қазір Смағұл Серкебайұлы деген адам атқарып жатыр. Манақбаеваның жұмысқа қайта келу-келмеуі туралы ештеңе айта алмаймын, әлі тексеріс жүріп жатыр, біткен жоқ», — деді Жамбыл облысы Меркі аудандық ауруханасының бас дәрігері  Райымбек Нұржанов.

    Ақ халаттылар жуырда аудандық ауруханаға арнайы келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа да ахуалды айтып, әділдік сұраған. Өңір басшысы істің заң аясында шешілетіне сендірген еді.

    қатысты посттар

    Павлодарда Абай ескерткішін қорлаған адам өз кінәсін мойындап, халықтан кешірім сұрады

    Фариза

    Алматыда тағы бір әйел 12 қабаттан секірді

    Фариза

    Видеоға қару ұстап түскен жігіттің өткен өмірі жайлы маңызды ақпарат пайда болды

    Фариза

    1 пікір

    Шолпанкулова Гульфайруз Мухитовна 29/04/2020 at 22:55

    Мынау не деген масқара?! Мен жас маманмын,келгеніме 1 жылда болмады.Ешқай жақтын сөзінде сөйлемеймін,өйткені менде Меркіден емеспін(таныс туыс деген жоқ),бірак Ораза айында осылай өтірік жазғанға да Алладан қорқу кереккой. Өз басым менде сол жерде болдым,ешкім бізді жинаған жоқта,қинаған жоқ! Манақбаева.Г.Н ол кісі ол жерде болған да жоқ, жақсының жақсысын айту керек. Өз басым білетінім Манақбаева.Г.Н өте білімді дәрігер,түсінігі ,адамгершілігі мол кісі. Басқа басшылар жайлы ештене айтпаймын,бірақ Манақбаева.Г.Н әр жас маман ушін уайымдап,қорғап отыратын ,білмейтінімізді түсіндіріп, жұмыс бабында ұрысса,ол қыспақ көрсету емес,уйренсін дегені. Қаламқас Батыралқызы доғарсанызшы болды,сізге де қанша жақсылығы тиді сол Манақбаева.Г.Н. Жас маманбызғой,білмейтініміз әлі көп емеспе,қайта жұмыс жасайық,үйренейік!!!ПРОСТО УЖЕ КРИК ДУШИ !!!

    Жауап беру

    Пікір қалдыру

    5 + two =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.