-1.1 C
Алматы
Понедельник, 25 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    Екі миллион теңге дауы: Коронавирус жұқтырған дәрігерлердің жартысынан астамына өтемақы төленбейді

    Коронавирусқа шалдыққан дәрігерлерді алалап, өтемақы төлемеу – медицинаға жасалған қиянат. Бүгін Алматыда Орталық қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері осылай деп шағымданды. Алматының бас санитар дәрігері жақында бұл медициналық мекемеден 11 сәуірден бері 263 адамның COVID-19 жұқтырғанын айтқан болатын.

    Бүгін Azattyq Rýhy  тілшісіне сұқбат берген аурухана дәрігерлері Президенттің атына хат дайындап жатқандарын мәлімдеді. РВ-90 шағынауданындағы туберкулездерді емдейтін ауруханаға оқшауланған бір топ дәрігер компенсация мәселесіне алаңдайды. Коронавирус жұқтырған дәрігерге 2 миллион теңге мөлшерінде сақтандыру төлемі берілетінін биыл 30 наурызда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеген. Ал медициналық қызметкер қайтыс болған жағдайда 10 миллион теңге мөлшерінде туыстарына төлемақы берілетіні айтылды.

    «Мен Әуелов Нұргали Өтебекұлы, Алматы қаласы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының хирург дәрігерімін. Құрметті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза, Сізге біздің аурухана қызметкерлері түгелдей дерлік КВИ жұқтырып ауырып жатқанымыз белгілі шығар. Бұл ауру өте ауыр екенін өз басымыздан өткеріп жатырмыз. Бірақ БАҚ арқылы Денсаулық сақтау министрлігінің медицинадан хабары жоқ өкілі (Диас Ахметшәріп — ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі — авт.) бізді әдейі КВИ жұқтырды дегенге келтіріп жатыр. Сондағысы, бізге компенсация бермеу мақсаты болар.

    Біз жұмыста, қызмет барысында жұқтырдық. Біздің аурухана көп салада жедел науқастарға көмек көрсетеді. Ауырып келген науқаста алдын ала КВИ бар ма,  жоқ па, белгісіз. Бәріміз бір науқастан жұқтырғанымызға күмән жоқ. Өйткені, бәріміз бірдей уақытта ауырдық. Тек жас ерекшеліктеріне байланысты ауруды әртүрлі өткеріп жатырмыз. Обаға қарсы костюмді өзіміз сатып алмауымыз керек. Біз денсаулық саласында осыншама жыл қызмет етіп жүріп, осындай қарым-қатынасқа тап боламыз (көзқарас — авт.) боламыз деп ойламаған едік», — дейді дәрігерлердің бірі.

    Орталық қалалық клиникалық ауруханасы хирургия бөлімінің дәрігері Елнұр Ахметов те қазір коронавирус жұқтырып, 15 күннен бері ауруханада жатқанын айтады. Оның қауіпті індетті жұқтырғаны 11 сәуірде белгілі болған. Өз әріптестерімен бірге инфекциялық стационарда емделіп жатқанын айтады.

    «Біз қазір Түрксіб ауданындағы бұрынғы туберкулезден емдейтін ауруханада жатырмыз. Өз басым 11-інен бері үйдегі отбасы мүшелерімді көрген жоқпын. Үйде әйелім мен қызым бар. Олардан сараптама теріс болып шықты. Шүкір. Бізді «Алувия» деп аталатын вирусқа қарсы жалғыз препаратпен емдеп жатыр. Дәрігер ретінде айтайын, оның салдары ауыр болады. Кейін денсаулығымыз қалай болатынын білмейміз. Өз басымда коронавирустың барлық симптомы болды. Енді алдағы екі күнде анализ тапсырамыз. Оң болса, үйге жібереді. Теріс болып шықса, тағы да жатуымыз мүмкін», — дейді хирург дәрігер.

    COVID-19 індетінен емделіп жатқан дәрігерлерді алаңдатқаны – ҚР Денсаулық сақтау министрінің ресми өкілі Диас Ахметшәріптің мәлімдемесі болуы мүмкін. Ол сейсенбі күні республикалық телеарналардың біріне сұқбат беріп, короновирусты емдеумен айналыспайтын медициналық мекеме қызметкерлеріне өтемақы төленбейтінін және ондай қызметкерлердің ауруларды қайдан жұқтырғанын анықтау үшін тексерулер жүріп жатқанын айтқан.

    Аурухана мамандары көпсалалы шұғыл медициналық көмек алу үшін тәулігіне 320-390 науқас келіп қаралатынын, олардың қайсысы коронавируспен ауырып келгенін анықтау мүмкін емес екенін айтады. Ал обадан қорғайтын арнайы киімді бұл ауруханаға тек 07.04.2020 жылы жеткізген.

    «КВИ жұқтырған дәрігерлерде ертеңгі күні болатын асқынулар мен фиброз, цирроз, бүйрек жетіспеушілігі сияқты патологияларына кім жауапты? Сіздердің көздеген мақсаттарыңыз бізге қолдау көрсету ме, әлде өзімізді айыптау ма? Бақылау тесттері алынған анализ 14 күннен кейін оң мәнді болып шығып жатыр, ол емдеу хаттамасының дұрыс емес екенін көрсетеді, мүмкін білікті мамандардың басын қосып ортақ хаттама жасарсыздар? 28.04.2020 жылы «КТК» телеарнасында Диас Ахметшәріп бізді айыптағандай болды. Денсаулық саласында осыншама уақыт қызмет етіп жүрген бізге осындай қарым-қатынас жасағандарыңыз әрбір дәрігер мен медицина қызметкерінің түсіп тұрған еңсесін одан әрмен құзға итермелеумен теңдей болып тұр. Берілетін өтемақыны талап етпейміз, бірақ денсаулығымызды қалпына келтіруге кететін шығынды кім өтейді», — делінген редакцияға ұжым атынан жолданған хатта.

    Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде 820 дәрігер коронавирус жұқтырған. Azattyq Rýhy тілшісіне Диас Ахметшәріп «осы 850 медицина қызметкерінің 66 пайызы – емханаларда, инфекцияға қатысы жоқ ауруханалар мен сыртта жүріп жұқтырып алғандар» деп мәлімдеді. Ондай дәрігерлер нуқастарды қабылдап отырған кезде немесе ота жасап жатқан кезде жұқтыруы мүмкін, қазір біз мұны анықтап жатырмыз, эпидемиологиялық сараптамалар жасалып жатыр деді министрліктің ресми өкілі.

    «Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасы ошақ ретінде тіркелді ғой, ең көп жұқырып жатқандар да сонда. Оларға өтемақы төленбейді. Өйткені, олар жұмыста отырып жұқтырып алды. Біреуі алып келді. Біреуі сырттан жұқтырды. Бұлардың тікелей жұмысы инфекциялық ауруларды емдеу емес.  2 млн теңге тек қана сол стационарлық емдеу мекемесінде, яғни коронавирус індетін жұқтырып, солардың қасында күндіз-түні емдеп жатқан дәрігерлерге беріледі.  Яғни, өзінің жұмысын атқарып жүріп жұқтырып алған дәрігерлер.

    Инфекциялық және провизорлық стационарлар, сол жерде яғни, індеттпен ауырып жатқан науқастың қасында жатқандар, тамақтарын беріп, емдеп, төсектерін жинап жүрген медбикелер бар. Күндіз-түні солармен арпалысып, күреске қатысып жатқан дәрігерлер жұқтырып алса, солар ғана 2 миллион теңгені алады. Ал 12-ші клиникалық ауруханада біреу көз дәрігері, біреу жүрек дәрігері, олар өз кабинетінде отырды да, бір науқасты тексеріп жатып жұқтырып алды.

    Сонда ол не үшін 2 млн теңге алады? Ол өзі қорғануы, тиісті бас киім, маска киюі, қолғап киюі керек еді, өйткені ол жерде карантин жарияланған. Карантин бір ай бұрын жарияланған», — дейді министрлік өкілі.

    Елде корорнавирус жұқтырып, емделіп жатқан қазақстандықтардың еміне қанша қаражат жұмсалып жатқаны туралы «Қазақстан әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов мәлімет берген болатын. Қор басшысы «СOVID-19» вирусымен күреске республикалық бюджеттен 55,9 млрд теңге бөлінгенін айтты. Оның ішінде, короновируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне үстемеақы ретінде 35,8 млрд теңге қарастырылғаны белгілі болды. Ал індет жұқтырған 800-ден астам медицина қызметкерлерінің арасында 2 млн теңгелік өтемақы әлі ешкімге төленбеген.

    қатысты посттар

    Шымкентте оқушы өлімі орын алған мектептің директоры жұмыстан шеттетілді

    Фариза

    Нұр-Сұлтанда кәмелет жасқа толмаған қызға тиіскені үшін 20 жастағы студент қамауға алынды

    Фариза

    Forte bank әлемнің үздік 3 банкінің қатарына кірді

    Пікір қалдыру

    11 − one =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.