Қазірге дейін 1 млн 779 мың адамға 42 500 теңге тағайындалған. Ол үшін әлеуметтік сақтандыру қорынан 75 млрд 600 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттіні informburo.kz порталына сілтеме жасап.
Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған жандарға тағайындалатын әлеуметтік төлем туралы бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Төлемдер неге кешігіп жатыр?
«Мен министр ретінде халықтан кешірім сұраймын. Біз өзімізге 3 күн ішінде үлгереміз деп меже белгілеген едік. Бірақ, үлгере алмай жатырмыз. Тексеру кезінде байқағанымыз, біраз адамдар өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) дұрыс көрсетпеген. Бұл да біздің жұмысымызды кешеуілдетіп тұр», – деді Біржан Нұрымбетов.
Студенттер 42 500 теңге төлем ала ма?
Иә. Заң бойынша, 16 жасқа толған азаматтар жұмыс істеуге құқылы. Бүгінде сабақтан тыс уақытта дүкен, мейрамхана және т.б. орындарда табыс тауып жүрген, алайда төтенше жағдайға байланысты табыссыз қалған студенттер әлеуметтік төлемге өтініш бере алады.
Әлеуметтік төлем алуға екінші рет өтініш беру қажет пе?
Егер азамат базада бір рет тіркелген болса, оның барлық деректері сақталады. Қайтадан өтініш берудің қажеті жоқ. Оның есепшотына келесі айда да төлем түседі.
Төтенше жағдай мерзімі 15 күнге созылды. Енді сол 15 күнге әлеуметтік төлем жартылай төлене ме?
Жоқ, әлеуметтік төлем толығымен төленеді. Төтенше жағдайды 5 күнге созса да, 42 500 теңге беріледі.
42 500 теңгені бір отбасында бірнеше адам ала ала ма?
Иә, талаптарға сай келсе, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғаны рас болса, бәрі алады.
Декреттік демалыста отырған әйелдерге төлем тағайындау тәртібі қандай?
Декреттегі әйелдерге арналған бөлек санат жоқ. Оларға баласы бір жасқа толғанға дейін мемлекеттен жәрдемақы төленеді. Ал, баласы бір жастан асқан соң, әйел ақысыз демалыста болады. Осындай баласы бір жастан асқан, декреттік демалыста отырған әйелдердің өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркеліп, бір рет бірыңғай жиынтық төлем төлеуіне рұқсат етіледі.Содан соң, олар 42 500 теңге ала алады.
Мемлекеттік қызметте жүріп, декреттік демалысқа шыққан әйелдер төлем ала ма?
Жоқ. Декрет демалысында отырған мемлекеттік қызметкер бірыңғай жиынтық төлем төлей алмайды. Себебі, оның Заң бойынша жеке кәсіпкер ретінде төлем жасауға құқығы жоқ.
Жеке кәсіпкер ретінде жай ғана тіркеліп қойған, бірақ, соңғы 12 айда ешқандай төлем жасамаған адамдарға 42 500 теңге беріле ме?
Жоқ. Олар тіпті бірыңғай жиынтық төлем төлесе де, өтініші қаралмайды.
Алғашқы кездері көптеген жеке кәсіпкерлерге әлеуметтік төлем туралы смс-хат жолданды. Алайда, кейінірек анықталғандай, жеке кәсіпкер ретінде жай ғана тіркеліп қойған, бірақ, қосымша жұмысы бар кісілер көп екен. Әлеуметтік желіде де бұл туралы көп жазылды. Соның бәрін сараптай келе, министрлік оларға төлем берілмейді деп шешті.
Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылмаса да, төлемге өтініш берген жандар жауапқа тартыла ма?
Министрлік жұмыс берушілерді тексергенімен, жеке тұлғалардың үйіне барып, тексермейді. Осындай қиын жағдай кезінде өтірік алдап, өтініш берген азаматтар болса, бұл – олардың жауапкершілігі.
Статусты тексергенде, «өтініш жоқ«деп тұрса, не істеу қажет?
Қайтадан өтініш беріңіз.
Азаматтар дәл қазір өтініш берсе, әлеуметтік төлемді қай кезде алады?
Азаматтың өтініш берген күні есепке алынады. Бірінші айдың төлемін алу үшін 15 сәуірге дейін өтініш беріп үлгеруіңіз керек.
Неге 42 500 теңге? Бұл қаржы аз емес пе?
Себебі, қазір Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері – 42 500 теңге.
Есепшоты жоқ адам өтініш берген кезде есепшот нөмірін жазбай кетеді. Ол бір ай ішінде есепшот ашуы тиіс. Оның сол уақыт ішінде шот ашқанын қалай білесіздер?
Өтініш білдірген азаматқа 3 күн сайын «шот аштыңыз ба?» деген мазмұндағы хат жолданып отырады. Шот ашылған сәтте азамат өзінің есепшот нөмірін смс-ке жауап ретінде жазып жібереді. Содан соң, төлем сол шотқа аударылады.
Азаматтың жеке есепшоты жоқ болса, өтініште туысының шотын көрсетуге бола ма?
Жоқ, олай еткен жағдайда, алаяқтардың жұмысына жол ашылады. Алаяқтар азаматтардың жеке деректерін оп-оңай тауып алып, солардың атынан өтініш беруі мүмкін.
ЖСН қате көрсеткен азаматтар әлеуметтік төлем ала ма?
Жоқ. Мұндай өтініштер кері қайтарылады. Қазірге дейін 60 мыңнан аса адам өтініш берген кезде жеке сәйкестендіру нөмірін қате көрсеткен.
Мүгедек баласы бар ана неге әлеуметтік төлем ала алмайды?
Өйткені, бұл – төтенше жағдай кезінде табысынан айрылған жандарға арналған әлеуметтік төлем.
Балаларына алимент алып отырған ата—аналар 42 500 теңге ала ала ма?
Иә, алимент әлеуметтік төлем алуға кедергі келтірмейді.
Өтініш беру қашанға дейін жалғасады?
Төтенше жағдай режимі аяқталғанша жалғасады.