Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және оқшаулау шараларын күшейту мақсатында карантин барысында еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында мәлімдеді.
Қазақстандықтарға бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 80%-ы электрондық үкімет порталы арқылы қолжетімді, сондай-ақ қажетті анықтамаларды eGov Mobile мобильді қосымшасы және телеграмдағы egovkzbot2.0 боты арқылы алуға болады.
ХҚО-ның ең тәжірибелі деген және арнайы оқудан өткен 1800-ден астам қызметкері 1414 байланыс орталығының кеңес берушілерімен бірге азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алу бойынша көмек көрсететін болады.
Бір уақытта байланыс орталығының мамандары мыңнан астам азаматқа кеңес бере алады деп жоспарлануда. Байланыс орталықтары дүйсенбіден сенбіге дейін таңғы 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Қоңырау шалу тегін.
Бұдан бөлек, Азаматтарға арналған үкіметтің 200-ден астам қызметкері бейнеқоңырау арқылы қызмет алушыларды мобильді азаматтар базасында тіркейтін болады.
Бұл ретте, 21 наурызға дейін өтініш беріп үлгерген азаматтар қызметтердің дайын нәтижесін өзі өтініш берген ХҚО-ның құжат беру секторынан алып кете алады. Автомобильді қайта тіркеген немесе жүргізуші куәлігін онлайн түрдеауыстырған автокөлік иелері дайын құжаттар мен нөмірлерді өз қалаларындағы мамандандырылған ХҚО-дан ала алады, онда да дайын құжаттарды беру терезесі жұмыс істейтін болады.
Дайын құжаттарды беру терезелерінің жұмыс тәртібі: дүйсенбі-жұма 9.00-ден 17.00-ге дейін, сенбі сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін.
Азаматтарға арналған үкімет қазақстандықтарға барлық санитарлық талаптарды орындап, үйден шықпауға кеңес береді және керекті мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға шақырады.
Жақындарыңыз бен өзіңізді қорғаңыз!