-15.1 C
Алматы
Воскресенье, 22 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    «Жарнама арқылы, халықты қаржы салуға үгіттеген әртістер «кешірім сұрап», жауапкершіліктен құтылып кетпеуі керек»

    Еліміздің әр аймағынан аталған компаниялардың филиалдарын басқарған тұлғаларды ұстау операциялары жалғасып жатыр. Полиция өткен екі тәулікте «Гарант-24 Ломбард» ЖШС-нің Атырау, Тараз, Павлодар, Қарағанды, Ақтау және Батыс Қазақстан облысындағы директорларын қамауға алғанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдары күдіктілердің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 190 бабы, 4 тармағы, яғни «алаяқтық» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ал салымшылар көптеген қалаларда аталған қаржы фирмасының кеңселеріне жиналып, наразылық білдіріп жатыр, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy порталына сілтеме жасап.

    Пирамида ұйымдастырушыларына байланысты нақты процессуалдық шешім қабылданған жоқ. Десе де қоғамда аталған компанияның иелерінен тыс, мекемені жарнамалауға қатысқан, халыққа танымал азаматтарды айыптау белең алды. «Гарант 24 Ломбард» және «Estate Ломбард» қаржылық ұйымдарының жұмысын жарнамалады делінген бірнеше эстрада әншісі мен актерлер әлеуметтік желі арқылы халыққа үндеу жасап та үлгерді.

    Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі Қазақстан Халық артисі Роза Рымбаеваға эстрада әншілері, вайнерлер және спортшылардың күмәнді қаржы ұйымын жаппай жарнамалауына қатысты пікірін білмек болды. Танымал әнші бұл жаңалықтан хабары жоқ екенін айтты. Бірақ әріптестерінің мұндай дау-дамайлардан аулақ болғанын қалар едім, деп қысқа қайырды.

    «Мен мұның не екенін сізден естіп тұрмын. Ломбард  сияқты жарнама түрлеріне мені шақырмайды, өзім де түспеймін деп басынан айтқанмын. Өзім қатыспаған соң, өзгелерге де сондай кеңес берер едім. Бірақ кімнің жарнама жасап жатқанын көрмеппін»,- дейді Қазақстанның халық артисі.

    «ӘРТІСТЕР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛСЫН»

    Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде өз әріптестеріне қатысты қатқыл пікірлер айтып, кейбір қоғамдық маңызды оқиғаларда өз ойын білдіріп тұрады.  Жарнама арқылы, халықты қаржы салуға үгіттеген әртістер «кешірім сұрап»,  жауапкершіліктен құтылып кетпеуі керек деп есептейді.

    «Қазақта сөз бар: бақ пен тақты салмақты адам ғана көтереді дейді. Мынау инстаграм  жоқ кезде де халық  әртістерді, актерлерді танитын. Вайнерлер, блогерлер де шықты, олар шешінсе де жұлдыз, киінсе де жұлдыз, осы  халыққа кесірін тигізіп жатыр. Инстада мыңдаған жазылушыларым бар дегені «соблазн»-ды көбейтіп, мүмкіндік ашылып кетті деп ойлайды. Мұнда мемлекеттің заңының дұрыс жұмыс істемеуін атап айтар едім.  Мәдениет министрінің өзі лотерея туралы  мінберден шетін айтты да, қоя салды»,- дейді М. Түсіпбаева.

    Ол «Гарант 24 Ломбард» қаржы ұйымына қатысты жарнамалық роликтерге түскен әнші, актерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деп есептейді. ҚР ҚК 274 бабында көрсетілгендей мұнда көрінеу жалған ақпарат тарату белгілері бар. Әртістер өзі толық зерттеп, көзі жетпеген өнімді жарнамалаудың өзі қателік. Жасаған соң, жауапкершілікті мойнына алу да азаматтық, дейді эстарада әншісі.

     «Айқын, Асылхан сосын тағы вайнер (Мейіржан Төребаев- автор) деп шығып жүрген жігіттің үшеуің де ұят деп айта салғаны ақталуға жатпайды. Оларда жауапкершілік болуы керек. Олардың біреуі анау актер бар ғой Төлепов (Асылхан Төлепов- автор), 13 млн теңге құйды ма, құймады ма білмеймін. Бірақ осылай жарнама жасадыңдар ма, халықты тарттыңдар ма, олардың адасуына себепкер болдыңдар ма, байқұс, сауаты жете бермейтін қарапайым адамдардың адасуына түрткі болдыңдар ма, енді заң жүзінде жауап беріңдер. Бізде алаяқтық, адастыру деген сияқты баптар бар заңда. Сол тармақтар бойынша іс қозғалуы керек деп ойлаймын»,- дейді сұқбатында Меруерт Түсіпбаева.

    «Гарант 24 Ломбард» және «Estate Ломбард» қаржылық ұйымдарының қызметін тұтынушыға жармалаған Қуат Хамитов пікір білдірген жоқ. Өзін Әділ Сарыбаев деп таныстырған жігіт спортшының Тайландта жарыста жүргенін айтты.

    «Менің қатысым жоқ, реклама бойынша ол өзі тікелей сөйлеседі. Мен жекпе-жек бойынша менеджерімен. БАҚ пен жарнамаға қатысты оның өз жеке басының ісі, ломбард туралы өзі сөйлескен болуы керек. Ол өзі қазір шетелде»,- деді спортшының менеджері.

    КОМПАНИЯ ИЕСІ АНЫҚТАЛУЫ ТИІС

    Заңгер Сергей Уткин ломбард қызметін көрсететін компания мен жеке тұлға арасындағы келісім шартқа тиісті органдар мұқият үңілуі керегін айтады. Бір жақты мемлекетті айыптауға болмайды. Ал халыққа сапасыз қызмет көрсеткен немесе алдау-арбау белгілері бар жағдай орын алса, ең соңғы шешімді сот айтады. Сондықтан бұл істің әділ тергелуі, оның сотқа дейін жетуі ішкі істер органдарының жұмысына тікелей байланысты. Ал белгілі әртістер тарапынан «жөн-жосықсыз жарнама жасау» белгілері анықталса, сөзсіз жауапкершілік болуы керек деп есептейді.

    «Мұнда келісім-шартты дұрыстап саралау керек. Сосын әртістерді көптеп тартуы халықтың сенімін арттыра түскені жасырын емес. Бірақ оның жарнамасында қандай мәтіндер болғаны туралы мен айта алмаймын. Бұл үшін мемлекеттік органдар бар. Телеэфирден немесе интернеттен шыққан әрбір жарнамаға мониторинг жасалып, бақыланады. Алайда оның қандай ниетпен жасалып жатқанын арыз, шағым болмаса, тексеруге ешкімнің құқығы жоқ»,- дейді заңгер.

    Белгілі заңгер респуликалық масштабта жұмысын жолға қойған қаржылық компанияның нақты иесін анықтау маңызды деп санайды. Себебі облыс орталықтарындағы филиал директорларының құрықталуымен іс бітпеуі керек. Көп мөлшерде қаражат айналымға түсетін көлеңкелі бизнестердің иелері тасада қалады. Қаржылық операциялар жариялы емес, халықтың ашуын тудырып, әлеуметтік дүмпуге әкелген жағдайларды билік әшкерелеуі керек, дейді маман.

    «Мен алдандым деп басын тау-тасқа соққан адамдарды ақтап алудан аулақпын. Жеке өз басым түрлі қоңыраулар, банктердің атынан хабарласатындар, түрлі жарнамалар ұсынушылардан аулақ жүремін. Өзгелерге де осындай кеңес берер едім. Бірақ алаяқтық пиғылы бар адамдарды ажырату да оңай емес. «Гарант 24 Ломбард»  серіктестігінің нақ иелерін табу маңызды.  Екі күннен бері  бұл ломбардтардың аймақардағы директорларын ұстады. Бұл да дұрыс. Алайда бұл істе қылмыстық құрам болса, басты фигуранттар да жауап беруі тиіс. Әлгі филиал басшылары 300 мың теңге үшін жұмыс істеп жүрген қатардағы жалданбалы менеджерлер екеніне сенімдімін. Ал қомақты қаражат өзге адамдардың қалтасында»,- дейді Сергей Уткин.

    СЕРІКТЕСТІК САЛЫҚҚА ТИЫН-ТЕБЕН ТӨЛЕГЕН 

    «Гарант 24 Ломбард»  ЖШС Мемлекеттік кірістер департаментінің ресми порталындағы деректерге қарағанда қызмет көрсету түрі: ломбард және өзге де несиелік қызмет көрсетуші ретінде тіркелген.  Заңды тіркелген мекен жайы Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы Сығанақ көшесі, 25.

    Компанияның жетекшісі Аслан Мурзабеков Пазылжанұлы деп көрсетілген, қаржылық ұйым әділет органдарында 26 маусым 2018 жылы тіркеліп, бір жыл сегіз айдан бері жұмыс істейді.  Серікестік шағын кәсіпорын ретінде 51-100 адамға дейін жұмыспен қамтушы.

    «Гарант 24 Ломбард» қаржылық ұйымының салықтық берешегі де бар болып шықты.   24.02.2020 мерзімде оның көлемі 121 277 теңге.  Компания 2018 жылы қазынаға бірде бір тиын құймаған. Ал 2019 жылы 159 900 теңге, биыл 127 мың теңге қаражатты салық ретінде төлеген.

    Айта кетейік, жаңа жылдан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын және микроқаржыландыру қызметін реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді. Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, банктік емес ұйымдардың  кредиттік портфелі 400 млрд теңге. Автокөлік құралдарын кепілдікке қою арқылы несиелендіру компанияларының қауымдастығы төрағасы Дулат Тастекей нарықта 2 мыңға жуық шағын несиелік ұйымдардың жұмыс істеп жатқанын айтқан болатын.

    Кеше ағайынды  Асылхан және Артур Төлеповтер, әнші Айқын Төлепбергенов және вайнер Мейіржан Төребаев әлеуметтік желідегі өз парақшалары арқылы халықан кешірім сұрады. Олар бейне үндеуде өздерінің де аты аталған қаржы ұйымының құрбаны болғандарын айтады. Әнші Айқын досымен бірге көлігін кепілдікке қойып, алданғанын айтса, Артур Төлепов салымшы ретінде отбасының жинап жүрген қаражатынан 13 млн теңге жұмсағанын айтып ағынан жарылады. Ал белгілі вайнер Мейіржан Төребаев «Гарант 24 Ломбард» компаниясын сотқа беретінін мәлімдеді.

    Фото: Azattyq Rýhy

    қатысты посттар

    Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды 

    Қытайдағы індет: көшеде сұлап жатқан адамдардың жантүршігерлік видеосы тарады

    Фариза

    Пикеті үшін қамалған Орал тұрғыны аштық жариялады

    Фариза

    Пікір қалдыру

    2 × 3 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.