Күдікті мәйіттерден құтылуға әрекет жасау кезінде қолға түскен. Қазір уақытша ұстау изоляторында отыр, кінәсін мойындады.
Қостанай облысының Рудный қаласында екі әйелді қатыгездікпен өлтірді деген күдікпен 39 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі polisia.kz сайтының дерегіне сүйеніп.
21 ақпанда Рудный қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне әйел кісіден қоңырау түскен. Ол өзінің 68 жастағы туысының қоңырауға жауап бермейтінін, хабарсыз кеткенін мәлімдеген. Артынша полиция арыз берушінің 34 жастағы жиенінің де жоғалып кеткенін анықтады.
«Жоғалған әйелдің тұрғылықты жеріне келген полиция қызметкерлері бөлмелердің бірінен мүгедектер арбасын тапты. Таңертеңгі сағат үште полиция жоғалған әйелдің туысымен бірге көршілердің арасында куәгерлердің бар-жоғын анықтау үшін үй-үйді аралай бастады», — делінген ақпаратта.
23 ақпанда жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған Рудный қаласының 39 жастағы тұрғыны ұсталды.
Қостанай қаласында аталған қылмысқа қатысты брифинг өтті. Рудный қаласы полиция бөлімінің бастығы Әлім Баржықбаев оқиғаға қатысты күдіктінің ұсталғанын растады.
«Бейнежазбаларды тексеру арқылы екі автокөлікпен, екі күдікті азамат анықталды. Жазбадағы азаматтардың тұлғасы тексерілді. Бейнежазбаның сапасы төмен, сол себепті күдіктілерді толық анықтау қиынға түсті. «Автоураган» желісінің көмегімен көліктер іздестірілді. Таңғы сағат төртте оқиға болғаннан кейін, күдіктілердің бет алуы мүмкін деген мекенжай анықталды. Жедел алдын алу шарасы жүргізіліп, күдікті деп танылған азаматтың артынан аңдып, таңғы алтыда ұстау операциясын жүргіздік», — деді Баржықбаев.Полицияның мәліметіне сәйкес, күдікті кінәсін мойындады. Ол мәйіттен құтылуға әрекет жасау кезінде қолға түскен.
«Ең бастысы біз уақытылы күдіктіні құрықтап үлгердік. Ол мәйіттерден құтылуға әрекеттеніп жатқан жерінде қолға түсті. Ол 21 ақпанда Тобыл өзеніне жаяу барып, айғақтардан құтылу үшін шұңқырды дайындаған. Күдікті қылмысын мойындады», — деді полиция бөлімінің бастығы.
Күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.