-12.1 C
Алматы
Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Билік және саясат Қоғам

    Қазақстанда 159 мың теңге жәрдемақыға үміткер бір ғана отбасы бар

    Қазақстанда 15 баласы бар жалғыз отбасы бар. Көпбалалы ерлі-зайыпты Павел мен Татьяна Култышевтар Петропавл қаласында тұрады. Еңбек министрі айтқан 159 мың теңге жәрдемақыға үміткер отбасының тұрмыс-тіршіліг туралы Qazweek.kz қпарат агенттігі «Azattyq Rýhy» порталына сілтеме жасап.

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 15 баласы бар отбасыларға 159 мың теңге жәрдемақы төлеу мәселесін көтеріп, сынға ұшырағанын бұған дейін жазған едік. Тіпті, адам шұбыртып туа беретін мал емес деп сөккендер де болған. Ал, ерлі-зайыпты Култышевтардың пікірі мүлде басқа. Татьяна мен Павел маусым айында дүниеге 16-шы сәби өмірге келеді деп отыр.

    «БОСАНАМЫН ДА ҮЙГЕ ҚАЙТАМЫН»

    Татьяна орта мектепті тәмәмдағаннан кейін бірден тұрмысқа шыққан. Павел екеуі 18 жылдан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Көпбалалы ана тұңғышын 20 жасында дүниеге әкелген. Егіз балалары жоқ. Сәбилерінің арасы негізінен 1 жас шамасында. 8 ұл, 7 қыз. Татьяна жүктілік бойынша тіркеуге босанытын күні жақындағанда ғана тұрады екен.

    «Мен әдетте босанатын шақ жақындағанда ғана дәрігерге барамын. Осы үшін мамандардан сөз де естимін. Бірақ менің түрлі сараптама тапсырып, ультрадыбыстық зерттеуге барып жүретін уақытым жоқ. Балаларыма қарауым керек. Дәрігер жылда түсініктеме жазғызады. Дәл осылай айтамын. Ниеті түзу адамға Құдай беретініне сенемін. Өйткені перзентханаға талай барғанда неше түрлі жағдайларды көрдім. Балалары сырқат болып дүниеге келіп жатады. Кей келіншектердің денсаулығы ана атанбай жатып сыр береді. Менде бәрі жақсы. Босанамын да, үйге қайтамын», — дейді Татьяна.

    Балалардың барлығы 3-4 келі салмақпен туған. Тек 14-шісі, яғни Диана ғана ірірек – 4 келі 400 грамм болған. Ал, ең аз салмақ, яғни 2,9 келі Еленаға тиесілі.

    ОТБАСЫНДА ОН БІР ОҚУШЫ БАР

    Перзентханадан дүниеге келген баласы мен жаңа туған сәбилерін шығарып алу үшін әкесі отбасының барлық мүшесін ертіп апарады. Ол үшін шағын автобус жалдайды.  Павел Владимировичтің өзі сегіз ағайынды. Сондықтан ол баланы Құдайдың баға жетпес сыйы деп қабылдайды. Жаратқан тағы бірнеше сәби сүйгізсе де қарсы емес. Әр сәбиге есім бергенде барлығы ақылдасады. Үйде екі Павел, екі Татьяна бар. Ерлі-зайыптылар балаларына өз есімдерін беруді жөн санапты. Ал үшінші бала Павелдің әкесімен аттас.

    «Әр баланың орны бөлек. Біреуі үйде болмай қалса, сезіліп тұрады. Барлығын бірдей жақсы көремін. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген балалар ұйымшыл болады. Бір-біріне көмек қолын созуға дайын тұрады. Оларға тек сөзбен ғана емес, іспен үлгі көрсетуге тырысамын», — дейді көпбалалы әке.

    Павел мен Татьяна таңғы 7-ден тұрады. Үйде 11 оқушы бар. Оларды тамақтандырып, мектепке шығарып салу үшін біраз уақыт керек.

    «Біз бір сыныпқа екі баладан береміз. Солай жеңілірек. Әрі бір-біріне серік болады, көмектеседі. Мектепке жұптасып барады. Қыздарым сабақты жақсы оқиды. Шыны керек, ұлдар туралы олай айта алмаймын. Сырқаттанып, сабаққа бармай қалса қуанады. Есесіне спортқа, әкелері сияқты темірге жақын», — дейді көпбалалы ана.

    Ал кішкентайлары балабақшаға бармайды. Осылайша отбасылық бюджетті үнемдейді. Үйдің ересектері ата-анасына қолғанат болып қалған. Қыздар бір-бірінің шашын өріп, дастарқанды да бірге жаяды. Култышевтардың қағидасы – үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болу. Барлық үй шаруасын бірлесе істейді.

    Отбасы қалада тұрып жатса да, мал ұстайды. Қорадағы ірі қараны ұлдар жайласа, қыздары сиыр сауады. Отанасы дастарқаннан ағарған үзілмейтінін айтады. Сондықтан болар, балаларының барлығының дені сау. Татьяна тек қыс мезгілінде ғана түрлі инфекциялар әбігерге салатынын айтады. Өйткені балалардың бірі ауырса, бәріне жұғады.

    17 АДАМҒА 120 ШАРШЫ МЕТР БАСПАНА

    Отбасы Петропавлдағы қылмыс ең көп тіркелетін аудан – Жұмысшы кентінде тұрып жатыр. 2012 жылы үй сатып алыпты. Шағын ғана баспанаға қосымша бөлмелер салып көбейткен. 4 бөлмелі жер үй – 17 адам үшін аздық етеді. Татулығы жарасқан отбасы қысылып-қымтырылып өмір сүріп келеді. Павел Владимирович қол жайып ешкімнен көмек сұрап көрмеген. Дегенмен, жәрдем беретін адамдар табылып жатса бас тартпайды.

    «Отбасымыз үлкен. Баспанамыз 120 шаршы метр болса да, 17 адамға тарлық ететіні рас. Осы үйді сатып алғанда аядай ғана болатын. Біраз кеңейттік. Тағы да бөлмелер қосайық десек, мүмкіндік жоқ. Себебі жеріміз небәрі 5 сотық. Атымда жылжымайтын мүлік болғандықтан, бізге үй берілмейтіні белгілі. Біреулер сияқты қулық жасап, үйімді басқаның атына түсіріп, мемлекетті алдап ештеңе алғым келмейді. Өйтсем балаларыма қандай үлгі көрсетемін? Тым болмаса жер алайын деп, әкімдікке жер кезегіне тұруға бардым. Өтінішімді қабылдамай қойды. Басқа амал жоқ. Қысылып-қымтырылып тұрып жатырмыз», — дейді көпбалалы әке.

    Култышевтар жанұясы 5 сотық жерде мал асырап, жеміс-жидек егеді. Түрлі-түсті шамдар, темірден жасалған орындықтар мен көздің жауын алар әткеншек ертегілер әлемін еске түсіреді. Үйдің қабырғасын балалардың өзі безендірген. Ал темір бұйымдар Павелдің қолынан шыққан. 15 баланың әкесі шебер дәнекерлеуші. Өткен жылы шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Бастау» бағдарламасы бойынша 250 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алған. Сол қаражатқа дәнекерлеуге арналған аппарат сатып алыпты. Жеке кәсіпкерлігін ашып, нәпақасын тауып отыр. Тек табыс бірде бар, бірде жоқ. Әсіресе құрылыс қарқыны бәсеңдейтін қыс мезгілінде тапсырыс азайып, күнкөріс қиындайды.

    15 БАЛА ТУҒАНЫ ҮШІН СӨГЕТІНДЕР ДЕ БАР

    Балалары «ұялы телефон, киім әпер» деп әлекке салмайды екен. Өйткені Павел мен Татьяна ұрпағына  дұрыс тәрбие беруді мақсат тұтады.

    «Осынша баланы қайтесіңдер, оны қалай асырайсыңдар» деп сөгетіндер де бар. Бала – бақыт. Әрине, оларды өсіріп ер жеткізіп, білім беру керек. Бұл – үлкен жауапкершілік. Оңай деп айта алмаймын. Бірде жетіп, бірде жетпей жатады. Құдайдың қолдауымен бәрі жақсы болып келеді. Мемлекетке телмірмейміз. Жәрдемақының көбейіп жатқанына қуаныштымын. Қанша жәрдемақы берсе де, қанағат тұтамыз», — дейді Павел.

    Үлкен қыздары Инна мен Елена шаштараздық курста оқыған. Бауырларының шашын қию – екеуінің мойнында. Қазір апалы-сіңлілер киім тігуді меңгеріп жүр.

    «Бауырларымызды Лена екеуміз бөліп аламыз. Әрқайсысының өз шаштаразы бар. Бір-бірлеп кезекке тұрады. Әкемнің шашын алуға жүрексінемін. Сондықтан ол  кәсіби мамандарға барады. Әбден тәжірибе жинап, қолым үйренген соң, әкемнің де шашын өзім қиятын боламын», — дейді үйдің тұңғышы Инна.

    Татьяна мен Ирина скрипкада ойнайды. Инна – күйсандықтың тілін меңгеріп алған. Отбасы үйде ән айтқан кезде, музыкалық аспаптар қосылып, кішігірім концертке айналады. Ал ұлдар жағы фото түсірумен әуестенеді. Өмірде кез келген кәсіп керекке жарайтынын балалар жақсы түсінеді.

    Култышевтар отбасында балалардың әрқайсысының туған күні – ерекше мереке. Павел Владимирович мүмкіндігінше мүшелеп ет асып, балаларының құрметіне табақ тартатындықтарын айтады. Жайманы да Татьяна өзі жасайды. Ақша бірде жетіп, бірде жетпей жатады. Бірақ бұл отбасы оған ешқашан налыған емес. Әркімнің өз несібесі бар деп есептейді.

    қатысты посттар

    «1,5 беттік құжатты 9 ай бойы қарау деген не сұмдық?» Нығматулин Білім министріне шүйлікті

    Фариза

    Біздің қолдан келмеді, кешіріңдер… — қазақ жастарына

    Желіде қапшағайлық дөрекі полицейдің видеосы талқыланып жатыр

    Фариза

    Пікір қалдыру

    two × five =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.