«14 мың теңге жібер де, 114 мыңды ұтып ал. Ештеңе істемейсің, тек артыңнан 2 адамды тіркесең болғаны» деген хабарлама екі күннен бері әлеуметтік желіде тарап жатыр. Мамандардың сөзіне жүгінсек, бұл қаржылық пирамиданың жаңа түрі деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Шарт бойынша, алғашқы тіркелген адам 14 300 теңге төлейді. Артынан тағы екі адам әкеліп, олар да ақша салады. Сөйтіп тағы екі рет жасалады. Содан соң артынан қосылған сегіз адамның 114 мың теңгесі алғашқы тіркелушінің қалтасына түседі. 114 мыңды алған адам ойыннан шығады.
Бір қарағанда бәрі оңай, шынайы секілді көрінеді. Алайда, экономистердің айтуынша, бұл қарапайым қаржы пирамидасының жаңа түрі.
«Айтады 500 мың бер, мен саған ертең миллион берем десе, о мен де сол депуттар сияқты байып кетемін деп, ойлайды да, солардың өнегесі бойынша жүреді. Содан бастау керек. Яғни біздің элита таза еңбекқорлықпен таза ақшаға өтпегенше, бұл нәрсе өкінішке орай жалғаса береді», — дейді экономист Сапарбай Жобаев.
«Черная кассаға» алдымен 14 мың төлеп, ұтқан соң 100 мың салып, үстінен тағы да құйып, 4,5 миллион теңгесінен айырылып қалғандар да бар. Жобаев сол 14 мыңды пирамидаға құйғанша, банкке салуға кеңес берді.
«Артық ақшаларыңыз болса, жаңағы 14 300-ді, банкке салып, балдарыңызды үйретіңіздер. Сол банктен жинауға. Банктер 4 пайыздық үстеме береді. Ең сенімдісі осы. Егер көбірнек ақша алғыңыз келсе, бизнес, акция алыңыз, облигация алып сондай жолға өтсеңіздер», — дейді экономист Сапарбай Жобаев.
Еске сала кетсек, күні кеше ІІМ Криминалдық полиция департаменті аталған факті бойынша тексеріс жүргізіп жатқаны хабарланды.
Айта кетейік, қаржы пирамидаларын құрғаны және басқарғаны үшін Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша мүлкін тәркілеумен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жаза қарастырылған.