Сарапшы мамандар үш күн бойы мүліктерді санап, зерттеп, зерделеп қорытынды шығарды. Қордай оқиғасының шығыны – 1 миллиард 7 миллион теңге. Енді бұл материалдық шығын заңға сәйкес шетінен төленеді. Бірақ ол үшін тұрғындардың құжаттары түгел болуы керек. Бұл бағытта халыққа мобильді қызмет көрсету орталықтары жұмыс істей бастады, – деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарнаның мәліметінше, мамандар Сортөбе ауылы әкімдігінің ғимаратында тұрғындарды қабылдап жатыр. Таңғы сағат 9-дан кешкі 19:00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді. Қазір қолдарында мүлік иесі екенін растайтын құжаты жоқ адамдар бар.
Тұрғындардың айтуларынша, көпшілігі құжаттарын жанжал кезінде жоғалтқан. Құжаттары талапқа сай болмаса өтемақы толық берілмейді. Қазір төтенше жағдай кезінде зардап шеккен азаматтармен жұмыс істеу мақсатында арнайы топтар құрылған. Жұртқа ыңғайлы, әрі қолжетімді болу үшін Масанчи, Сортөбе, Бұлар батыр елді мекендерінде жылжымалы халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Мамандар жұрттың өтінішін тіркеп, осы жерде қабылдайды. Бүгінгі күнге дейін 22 азаматқа жеке куәлік, 18 балаға туу туралы куәліктер берілген.