Коронавирус өршіген аймақтың тұрғындары өздеріне қажетті медициналық көмекті ала алмай жатқандықтарын жеткізді. Тіпті, коронавирусты жұқтырған немесе жұқтырмағандықтарын да біле алмай жүр екен. Бұл жайында Qazweek.kz ақпарат агенттігі New-Yourk Times басылымының деректерін негізге алып жазады.
Ухань қаласындағы ауруханалардың бірінде медициналық көмек алуға кезекте тұрған тұрғындар
Қытай, Ухань қаласының тұрғыны Ань Цзяньхуа ауруханада коронавирусқа тексерілу үшін қақаған қыстың аязында 7 сағат кезек күтіп тұрған. 67 жастағы тұрғынға қажетті ем алуы үшін ауруханадан тексеріліп, дәрігерлердің ресми диагнозы керек болыпты. 11 миллион халқы бар Ухань қаласындағы барлық ауруханаларда ұзын-сонар кезек, ем алғысы келіп жүргендер өте көп.
Ауруханада орын болмағандықтан, Ань Цзяньхуа бір рет қана екпе салдырып, үйіне қайтқан. Баласы екеуі бөлек тамақтанып, үнемі бетперде тағып жүреді екен. Қажетті ем-домын уақытылы ала алмағандықтан, оның денсаулығы күннен-күнге нашарлап бара жатыр.
«Мен анамның көз жұмғанын қаламаймын. Бірақ бізде ешқандай да үміт жоқ… Жылағым келеді…» — дейді оның ұлы Хе Цзюнь.
Коронавирусқа сынама тапсыруға келген халық Ухань қаласының ауруханасында өз кезегін күтуде
Әп-сәтте бүкіл елге таралып, әлемді дүрліктірген вируспен басқа мемлекеттер де күресуде. Ал Ухань қаласының тұрғындары аталмыш вирустың қашан тоқтайтынын біле алмай, амалдап күн көруде. Қазіргі таңда коронавирустан көз жұмғандардың саны 400-ден асып, оны жұқтырғандардың саны 17 мыңнан асты.
Өткен айда Қытай билігі Ухань қаласын жауып, вирустың таралуын бәсеңдету үшін қаладағы қоғамдық көліктерді тоқтатып, жүргізушілерге де көлікпен адам тасуға тыйым салған еді. Ал қазір миллиондаған халық қажетті медициналық көмекті ала алмай, тіпті, коронавирусқа сынама тапсыра алмай отыр.
Жергілікті ауруханадағы дәрігерлер, медициналық құрал-жабдықтардың жетіспей жатқандығын айтып дабыл қағуда. Қалада көлік қозғалысы тоқап тұрғандықтан, кейбір тұрғындар ауруханаға жете алмай отыр. Вирусқа анализ тапсыра алмаған тұрғындар өздерінің коронавирус жұқтырғанын не жұқтырмағанын да білмейді.
Тұрғындар жедел жәрдем көлігін табу тіптен қиындай түскенін айтады. Жедел жәрдем шақырып хабарласқан адамдарға кезекте жүздеген тұрғындардың бар екенін айтуда. Ауруханаға анализ тапсыруға келген адамдар кезек күті залында бірнеше сағаттап отырады, ал ондай адам көп жиналған жерде вирустың екі есе жылдам таралуы әбден мүмкін екендігі белгілі. Қажетті медициналық препараттардың жетіспеушілігенен көптеген тұрғындар үйлерінде қамалып, өз беттерінше емделуге мәжбүр.
Жергілікті билік өкілдері қала сыртына коронавирусқа шалдыққан адамдарға арнап карантин станцияларын салатынын жеткізген болатын. Алайда, қаланы жауып тастағаннан кейін тұрғындар вирустың ресми деректерде көрсетілгеннен әлдеқайда көп таралғанын айтады.
«Қаладағы жағдай сіз ойлағаннан әлдеқайда қиын» дейді 32 жастағы Ухань қаласының тұрғыны Лонг Цзянь.
Ухань қаласындағы аурухананың жанында ер адам көшеде есінен танып, кейіннен көз жұмған. Коронавирустың салдарынан ба, жоқ па, белгісіз
«Дәрігерге қаралып, нақты диагноз қойылған адамдардың жолы болды. Біздің ауданда өзінің диагнозын білмей, үйінде көз жұмғандар өте көп» — дейді Лонг.
Коронавирусқа қарсы ем қабылдау үшін тұрғындар бірнеше жерден анықтама алуы қажет екен.
Ресми деректерге сәйкес, коронавирустың белгілері пайда болған тұрғындар, ең алдымен, жергілікті ауруханаларға барып дәрігерге қаралуы қажет. Кейіннен емделушілер өздерінің анализ нәтижелерін ауруханалармен байланыс жасайтын аудандық комитетке алып баруы қажет екен. Белгілі болғандай, Ухань қаласында 1000-ға жуық мұндай комитет жұмыс жасайды.
Қала билігінің мәліметіне сәйкес, 24 қаңтардан бері аурудың жеңіл симптомдары білінген тұрғындарға үйлерінде жатып, өз бетінше ем қабылдасын делінген. Аудандық комитетте тіркелген, ауру белгілері асқынған тұрғындар ғана жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліп, вирусқа қарсы ем ала алады екен.
Вирус жұқтырған жандардың туыстары бұл процестің өте ұзақ уақытқа созылатынын айтып отыр.
«Биліктегілердің шешіміне көңілім толмайды. Олардың айтуынша, адамдар тек өлуге шақ қалғанда ғана ауруханаға жеткізілуі тиіс», — деп тұрғындардың бірі өз наразылығын білдіруде.
Ган Ханьцзян есімді тұрғын өткен айда әкесінің коронавирустан көз жұмғанын айтады. Ол ауруханаға барып анализ тапсырғанда, дәрігерлер вирус жұқтырмағанын айтқан. Алайда, он күннен кейін оның әкесі қаза тауыпты.
Кейбір сарапшылар вирусқа қатысты нақты диагностика жасау үшін біршама тестілеуден өту қажет екендігін айтқан болатын.
«Ем алу өте қиын. Ауруханаға кіре алмаймыз және дәрі-дәрмектер де халыққа жетіспейді», — дейді Ган Ханьцзян.
Иә, вирус өршіген қала тұрғындарының жағдай біз ойлағаннан да әлддеқайда қиын. Болып жатқан жағдайдың бәрі бір фильмнің сценарийі секілді.
Америкалық режиссер Стивен Содерберг өзінің «Заражение» атты фильмінде қазіргі Қытайдағы жағдайды дәлме-дәл сипаттап берген. Алайда, аталмыш фильм 2011 жылы түсірілген. Белгісіз вирустың таралуынан миллиондаған халық жарты жылдың ішінде-ақ қырылып, халық абыр-сабыр күйге түседі. Жұғу процесі тым жылдам әрі оңай белгісіз вирусқа қарсы вакцинаны дәрігерлер жарты жыл өткеннен кейін ғана шығарып, халықты емдей бастайды.
Білуімізше, әлемді дүрліктірген коронавирустың тарлғанына бір айдан аса уақыт өтті. Вирустың салдарынан көз жұмған адамдардың саны күннен-күнге өсіп келеді. Дәл осылай тағы жарты жылға созылатын болса, жағдаймыз не болмақ???