Түркістанда алып қашу мен зорлықтың құрбаны болған 20 жастағы бойжеткен ар-намысын аяққа таптаған кінәлілерді жазалауды сұрап отыр. Айтуынша, бейтаныс жігіт оны алып қашып, үйінде арам ойын жүзеге асырған деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме жасап.
Жәбірленуші 3 желтоқсан күні таңертең жеңгесімен оқуға шыққанда, бейтаныс жігіттердің оны көлікке басып, әкеткенін сөз етті.
Айтуынша, о баста көршілес Кентау қаласына апарып, көнбегесін Шымкенттегі туыстарының үйіне күштеп кіргізіпті. Өзінің қарсыласқанына қарамастан сол жерде арам ойын да жүзеге асырған.
«Отырған кезімде бірден тап берді. Түнгі сағат бір екілерде. «Егер жыныстық қатынасқа түспесең сені өлтіремін» деді. Маған уже тап беріп қойған, менің алдымда соны айтып жатыр. Одан кейін мен айқайладым. Оны ұрдым. Көмек шақырдым. Сыртта жеңгелері отырған екен», — деген жәбірленуші өзіне ешкімнің араша түспегеніне күйінеді.
Қайта жеңгелері қызды қалуға көндіріп әлек болыпты. Тіпті, бойжеткеннің сөзінше, олар оны қорқытып, өз еркімен келдім дегізіп, видеоға түсіріп алыпты.
Бірақ қызының артынан келген анасына жәбірленуші ару мұндай адаммен бірге бола алмайтынын айтып, үйіне қайтып кеткен.
Бірден полицияға арыз түсірген бойжеткен содан бері істің созбалаңға салынып жатқанын айтады. Ал адам ұрлап», «зорлаған» жігіт кепілмен босап шығыпты.
«Түркістандағы полициялар ешқандай іс жүргізіп жатқан жоқ… Кешірім сұрап келіп жатыр. Бриллиант тағамыз, үйтеміз-бүйтеміз деп келіп жатыр. Не істесең, соны істе, ақшам көп, ақшамен сатып аламын бәрін дейді», — деді жәбірленуші.
Белгілі заңгер Айгүл Орынбек те алып қашу мен зорлықтың құрбаны болған бойжеткеннің арызы тиісті деңгейде қаралып жатпағанына сенімді.
«Қылмыстық істі созбалаңға салу үшін әр экспертизаны уақыт өткізіп тағайындап отыр. Бұл біздің полиция қызметкерлерінің, тергеушілерінің үлкен қателігі және бұл жерде күдіктіден үш жігіт куәгерге айналып кетіп отыр. Маған тағы бір түсініксізі зорлық бұл ауыр қылмысқа жатады, неге кепілдікке шығып отыр?! Осы да үлкен сұрақ белгісін туындатып отыр», — дейді Айгүл Орынбек.
Ал Түркістанның полиция департаменті бұл іске қатысты тек жазбаша жауап берді.
«Аталған жайт бойынша зорлау және адам ұрлап баптарымен іс қозғалған. Күдікті 1996 жылғы ер адам. Сот шешімімен күдікті азамат «кепілмен» босатылған. Сараптамалар қорытындысы бойынша зорлағаны расталды. Сондай-ақ осы оқиғаға қатысы болуы мүмкін деген тағы да үш ер азаматқа қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», — делінген Түркістан полиция департаментінің анықтамасында.
Полиция бойжеткенді алып қашқан үш жігітке қатысты заң бойынша шешім қабылданатынын хабарлады. Алайда әділдік іздеп шырылдаған ару бұл жайтқа қатысты жігіттің жеңгелері де жауапқа тартылуын сұрауда.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда үш баланың анасы ағайынды екі ер адамның зорламақ болғанын айтқан еді.