Халал мен харам — барша мұсылман қауымының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты шариғат шеңберін қамтитын Ислам дініне ғана тән ұғым.
Адамның тікелей денсаулығы, иманы, іс-әрекетіне тікелей байланысқан бұл қасиетті ұғым мұсылмандар үшін өте маңызды. Себебі, Алланың тыйым салған нәрселерінен бойын аулақ ұстап, тек адал жолмен ас ішіп, адал іс істеу — мұсылманның басты парызы. Дегенмен, қазіргі таңда көпшілік адам ішіп-жеген астары қалай жасалып жатыр немесе оның құрамында не бар екендігін нақты біле бермейді. Халал ас пен харамның айырмашылығын ажырату қиынға соғуда. Сондықтан да, бүгін Qazweek.kz ақпарат агенттігі халал және харам ас туралы сөз қозғайтын болады.
«Халал» терминін қазақ тіліне аударғанда «рұқсат етілген», «адал», «таза», «шариғат бойынша жасауға болады» деген мағыналарды білдіреді. Ал, шариғат шеңберінде нақты тыйым салынған, адам денсаулығына зиян келтіретін, қоғамға да үлкен зардабын тигізетін лас заттар мен әрекеттер харам болып есептеледі.
Ендеше, ең бірінші, қандай ас харам болады соған тоқталып өтейік:
1- Тікелей өзі харам болған нәрселер. (Өлексе, доңыз еті және шарап секілді)
2- Өзі харам емес, бірақ ұрлап алу, тартып алу, пара алу секілді жолдармен алынған нәрселер.
3- Тойғаннан кейін жеу.
4- Аллергия беретін азықты жеу. (Мәселен балық, ет, сүт, жұмыртқа, құлпынай секілді азықтарды жегенде зиян беретін болса бұлар тек зияны тиетін адамға харам, зияны тимейтін адамға мубах болады).
5- Зиянды нәрселерді жеу. (Мәселен: балшық, топырақ, шыны секілді).
6- Улы заттарды жеу. (Улы шөп, иістеніп кеткен ет секілді).
7- Есірткі, ойлау қабілетін әлсірететін нәрселерді жеу. (Дәрігердің айтуымен дәрі ретінде қолдануға рұқсат етіледі).
8- Таза бірақ жиіркенішті заттарды жеу. (Бақа, қаны болмайтын құрт-құмырсқалар, жемістің, сырдың және еттің құрттары секілді).
Құран кәрімде былай бұйырылған: «Өлексе, сұйық қан, доңыз және Алладан басқаның атымен сойылған жануарларды жеу харам болады».
Қандай жануарлардың еті харам етілген:
Доңыз, қасқыр, аю, арыстан, жолбарыс, барыс, леопард, панда, пантера, гепард, ягуар, пума, тиін, бұлғын, сусар, скунс, горила, маймыл түрлері (шимпанзе, павиан, гибон, орангутан), қорқау, піл, ит, мысық, шошқа, борсық, сілеусін, шибөрі, түлкі, ақ тышқан (ласка) сияқты, иттісті (клык) жыртқыш жануарларды жеуге болмайды. (Шафии мазһабында түлкі, қорқау, бұлғын, тиін және ақ тышқанды жеуге болады.)
Етін жеуге болатын құрлықтағы жануарлар:
Жираф, кенгуру, қоян етін жеуге болады. Етін жеуге болатын қой, ешкі, сиыр, түйе секілді үй жануарларының жабайы түрлерін де жеуге болады. Мәселен буйвол, бизон бұлар жабайы сиыр, лама жабайы түйе, яғни бұларды жеуге болады. Жабайы тау ешкісі, киік, антилопа, жабайы қойларды жеуге болады. Жылқыны жеу шариғат бойынша халал. Пони де атқа жатады. Ат еті Шафии және Ханбелиде халал, Маликиде харам болып табылады. Жабайы аттарды жеуге болады. Үй есегін жеуге болмайды.
Сондай-ақ, дініміз жеуге рұқсат етілген жануарлардың 7 мүшесін жеуді харам етті. Олар:
- Сұйық қаны
- зәр шығаратын мүшесі
- аталық ұрық бездері (қошқардың жұмыртқасы)
- бездері
- өт іріктелетін қалта
- ұрғашы жануардың алды және қуығы.
Ал теңіз тағамдарына келгенде мұндағы харам мен халал мүлде өзгеше. Себебі, Ислам дінінің 4 мазһабы болса, соның ішінде Ханафи мазһабында ғана тек балық тектес теңіз жануарларын жеуге рұқсат еткен. Ал басқа 3 мазһаб бойынша теңіз жануарларының барлық түрін жеуге рұқсат.
Мәселен, сегізаяқ, кальмар, сия балығы, морской конек, морж, медуза, итбалық секілді жануарлар, краб, мидия, устрица, омар, шаян, креветка, теңіз ұлуы секілді теңіз жәндіктерін жеу Ханафи мазһабы бойынша харам, яғни жеуге тыйым салынған.
Балықтың: треска, тунец, семга, угорь, теңіз құбыжығы (морской черт), шортан, теңіз сомы (морской сом), скумбрия, форель және т.б түрлерін жеуге рұқсат етілген. Теңіз сомы мен угорь балықтары сыртқы түр жағынан басқа балықтардан өзгеше болса да, оларды жеуге рұқсат етілген.
Ұзақ жылдар ғалымдардың зерттеуі нәтижесінде Ислам дінінде харам деп саналған тағамдар адамның денсаулығына зиянын тигізетіндігі анықталды. Мәселен, бір ғана харам етілген доңыздың зияндылығына назар аударып көрейік:
1.Медициналық тұрғыда: шошқа етінде адамға зиянды вирус бар.
2.Шошқа тышқан және тышқан сияқты нәжіс нәрселерді жейді. Нәжіс нәрсе жеген кез-келген хайуанның еті, ол түйе немесе сиыр немесе қой болсын харам болады.
3.Оның табиғаты жаман қасиетсіз хайуан. Онда мейірім-рақым болмайды. Еркек торайы өз анасына шабады. Ұрғашысы өз туған торайларын жейді. Оның еті адамның мінез-құлқына теріс әсер тигізеді.
4.Доңыз етінің құрамындағы хистамин және имидазол делінетін заттар адамның терісінде қышу тудырады, есекжем, бөртпе, дерматит сияқты тері ауруларына да себеп болады. Сондықтан дәрігерлер жүрегі ауыратын адамдардың доңыз етін жемеулері керектігін ескертуде.
5.Доңыз етін жеу салдарынан адамда пайда болатын тағы бір қатерлі ауру-трихина ауруы. Трихина құрттары асқазан және ішектер арқылы қанға өтеді. Сосын барлық денеге тарайды.
- Сондай-ақ, доңыз еті еркектерді бедеулікке шалдықтырып, әйел адамдардың түсік тастауына әсер етеді.
Байқап отырғанымыздай, халал мен харам термині де бекерден-бекер пайда болмаған. Таза, әрі адал ас ішу — адамның өз денсаулығы үшін де, Ислам діні үшін өте маңызды дүние. Сонықтан, халал мен харамды ажырата білейік.