Ағымдағы жылдың 8 қаңтарында Иран елінің астанасы Тегеран қаласында орын алған Boeing-737-800 украиналық ұшақ апатын аяқ асты болған қайғылы оқиға деуге келіңкіремейді. Көптеген ұшақ апаттарының тергеу ісіне қатысқан әскери сарапшы Алексей Леонковтың пікірінше, техникалық ақаудың салдарынан мұндай апаттың орын алуы қисынға келмейді. Оның айтуынша, бұл саяси ойынның салдарынан болған жағдай. Qazweek.kz ақпарат агенттігі сарапшы Леонковтың шетелдік БАҚ-қа берген сұхбатының қазақша аудармасын оқырман назарына ұсынады.
Ұшақ апатының себебі техникалық ақау немесе пилоттардың қателігінен деген ақпарат не себепті шындыққа жанаспайды?
Шындығында, бұл ұшақ апатына қатысты түрлі пікірлер таралып, адамдардың ойын сан-саққа жүгіртті. Желіде таралған видеоларда ұшақтың бір қозғалтқышы өртеніп, ұшу жолағынан шығып барып, жерге құлағаны көрсетілген. Белгілі болғандай, бұл екі қозғалтқышы бар «Боинг» ұшағы болып табылады. Алайда, бір қозғатқышы өртеніп жатса да, ол ұшақ еш кедергісіз жерге қонуына болатын еді. Оған қоса, өрт сөндіру режимі іске қосылу керек болатын. Интернеттен осыған ұқсас апаттар жайлы оқып қарасақ, бір қозғалтқыштың істен шығуы мұндай үлкен апатқа себеп болмағанын білеміз. Сондықтан, ұшақтың бір қозғалтқышы істен шығып, соның салдарынан ол апатқа ұшырады деген себеп мүлде қисынға келмейді.
Егер техникалық ақау болмаса, онда қандай себеп болуы мүмкін?
Бұл жағдайда Украина билігінің реакциясына баса назар аударар едім. Апатқа ұшыраған ұшақ Украина еліне тиесілі екені баршамызға белгілі. Алайда бұл апатқа байланысты Киев әлі өзінің позициясын айқындаған жоқ. Иә, олар да қайғырып, бұл апаттың анық-қанығын білуге атсалысуда. Ал Украина елінің президенті Зеленский барлық ұшақтарды техникалық тексерістен өткізуге бұйрық берді.
Украина билігінің позициясы апаттың салдарына қалай әсер етуі мүмкін?
Менің ойымша, техникалық ақаудан да бөлек бір себебі бар, бірақ ол жайында ешкім тіс жарып айтпай отыр. Ұшақты ракеталардың бірі соғып құлатуы әбден мүмкін. Ал бұл жағдайда тек АҚШ қана мұндай қадамға бара алады. Егер Украина ұшақты ракеталардың бірі соғып құлатқанын ашық түрде жариялайтын болса, олардың ең басты демеушілері мен одақтастары, яғни америкалақтар күдікке ілінеді.
Неге америкалықтар?
Апатқа ұшыраған ұшақтағы жолаушылардың басым көпшілігі Иран елінің азаматтары. Иранға мұндай апаттың не керегі бар? Ойлап қараңыз, ұшақ Тегеран қаласындағы аэропорттан ұшып шыққан, ол ракеталық шабуыл болған аймақтан біраз қашықтықта орналасқан. Ал АҚШ-тың Иракта орналасқан әуе қорғаныс күші авиалайнерді оңай соғып құлата алады. Иран Ирактағы әскери базаға шабуыл жасаған уақытта АҚШ-тың әуе қорғаныс күштері соққы жасауға толық дайын болған. Мүмкін, АҚШ-тың әуе қорғаныс күштері «Боинг» ұшағын нысанмен шатастырып алған да шығар.
Яғни, ұшақты ракеталар соғып құлатқан болса, бұған тек америкалық әуе күштері операторларының қателігі себеп болған ба?
Мүмкін! Алайда, мұның тағы бір нақты себебі бар: бұл әдейі жасалған соққы болуы әбден мүмкін. Ракеталық соққының ондай қатты болмағанын видеолардан көруге болады. Ал Трампқа бірнеше адам құрбан болған оқиға қажет болды. Сол себепті де апатқа ұшыраған «Бринг» ұшағы америкалық әуе күштерінің нысанына айналған болуы мүмкін.
Бұл техникалық жағынан мүмкін ба?
АҚШ үшін бұл еш қиындық туғызбайды. Бұл апатты жағдайды екі сценарийде алып қарауға болады. Біріншісі, әуе қорғаныс күштері ұшаққа Ирак елінің аумағынан ракетамен соғып құлатқан болуы мүмкін. Ал Иракта АҚШ-тың мыңдаған әскер күші мен көптеген техникалары сақталған. Бұл алдын ала жоспарланған жағдай болуы әбден мүмкін.
Ал екінші сценарий қандай?
Екінші жағдайда, бұл бүге-шүгесіне дейін жоспарланып жасалған апат: диверсиялық топ Иранда отырып енді ғана көкке көтерілген ұшақты атқылаған. 2400 метр биіктік зениттік ракета үшін өте тиімді болып табылады. Тіпті, бір топ емес, жәй ғана бір адамның өзі атып құлатқан болуы мүмкін. Содан кейін кінәсіз халықтың өліміне ирандықтарды кінәлау өте ыңғайлы болды.
Америкалықтарға мұндай апаттың керегі қанша?
Бұл, ең алдымен, алдағы уақытта болатын сайлауға байланысты. Дональд Трамп үшін қазір Иранды арандатып, агрессияға итермелеу қажет. Сонан кейін, өткен жылдың мамыр айында Сириядағы жағдайды қайталап, өзінің «Томогавкаларымен» соққы жасамақ. Ал мұның бәрі Трамп өзіне көптеген жақтастарды және халықты өзінің жағына шығару үшін жасалуда. Мысалы, генерал Сулейманидің өлімінен кейін АҚШ-тың республикалық партиясы Трампты қолдап шықты.
Америкалықтар сан соғып қалмай ма? Иран өзінің қандай күші бар екенін көрсетті емес пе?
Трампқа керегі де сол, ол Иранды арандатып, оны агрессор ел ретінде көрсетпек. Кейін кез келген құралды пайдаланып, халықаралық санкцияларды күшейте алады. Сондай-ақ, оған бірнеше елдерді де қосып жіберуі мүмкін. Содан кейін, Иранның өзінің ішіне іріткі салмақ. Менің ойымша, америкалықтардың бар көздегені – осы. Сондықтан да, оларға бірнеше адам құрбан болған апат қажет болды. Осылай украиналық авиалайнер арандату үшін қолданылған объект болуы мүмкін. Өз атымнан, ұшақ апатында қаза тапқан барлық жандардың туыстарына қайғыра көңіл айтамын. Иә, саяси ойынның салдарынан бірнеше адамның қаза табуы – өте қорқынышты жағдай!