-1.1 C
Алматы
Пятница, 22 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Саясат

    «Елде болып жатқан жағдайларға адамдар лайық» — Бүгінгінің «белсенді батырлары» бастаған ісін соңына дейін жеткізе алмай ма?

    2019 жылдың 19 наурызында елімізді 30 жылға жуық билеген тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз өкілеттілігін тоқтататынын мәлімдеген болатын. Аталған жағдай көпшілікті елең еткізген  таңқаларлық жаңалық болғаны сөзсіз. Уақытша билік Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолына өткенімен, елге тұрақты басқаратын басшының керегі белгілі. Бірқалыпты жүйеге әбден бойы үйренген халықтың осы сайлаудан үміті де зор еді. «Елімізде әділ түрде сайлау болып, жүйені өзгертетін, әділдікті орнататын басшы келеді», —  деп белсенділік танытқандар да аз болмады. Дегенмен, сол халық үшін, елім үшін деген ұраншылардың сайлау біте салысымен қарасында таппай қалған жайымыз бар.

    Ендеше, Qazweek.kz ақпарат агенттігінің тілшісі өткенге шолу жасап, сайлау кезінде белсенділік танытқан жандардың сол кездегі сөздеріне щолу жасайды.

    Әміржан Қосанов: «Осы сайлауға түсіп отырмын. Менің аузымды ешкім жаба алмайды» 

    Әміржан Қосанов Дос Көшім басқаратын 15 жылдық тарихы бар «Ұлт тағдыры» қозғалысының атынан кандидат ретінде ұсынылған еді. Халықтың ең көп үміт күткен адамы да дәл осы Қосанов болды.

    «Бетіміз ашық. Заң бұзбаймыз. Заңды біз өзгертуді талап етеміз. Біз президент болғанда, парламентке келгенде сайлау туралы заңды сөзсіз өзгертеміз. Қолда барды пайдаланып, бүгіннен бастап қол жинауға кірісеміз», — деген болатын сайлау алдында Қосанов.

    Сондай-ақ, Әміржан Қосанов Президент болған жағдайда шенеуніктерді  азайтып, оларға салық төлетуді, елдегі барлық қазба байлықтың  51%-ын мемлекеттік меншікке өткізуге, байлық пен ел қазынасын санаулы адамдардың қолына емес жалпыxалықтың игілігіне беруге, саяси жүйені толығымен өзгертуге уәде берген болатын.

    «Менің билікті сынайтын өз ұстанымым мен позициям бар. Осы жолдан таймай барлығын мәдениетті, өркениетті жолмен жасаймын», — деген еді.

    Ия, бұл сөздер кейбіреуге ертегідей көрінсе, ал кейбіреулеріне, расында, Қосановты өзгеріс алып келетін тұлға ретінде көрсеткені де өтірік емес. Осы сөздерге иланып, Қосановты жақтап, сайлауды күні-түні күзеткендердің де саны аз болмады. Өкіншітісі, үміттері ақталмады. Бірақ, Қосановты жақтаушылардың ең үлкен өкініші Қосановтың жеңілісі емес, керісінше сенім артқан халықтың үмітін сөндіріп, бір сәтте рухын сындыра салғаны болды. Осыншалықты көзбояушылықтың құрбанына айналуға әсте халық лайық па еді?

    Сайлау біткеннен кейін, Қосановты сатқын деп түрлі бейәдеп сөздер айтқан адамдардың қарасы қалың болды. Содан да болу керек Әміржан Қосановты сайлау өткен соң біршама уақыттан кейін мүлде таппай қалдық.

    Тек жақында ғана бір сұхбатында өзін «тапсырыстың адамы емеспін», —  деп, сондай-ақ, Ринат Зайытовқа риза екендігін жеткізді.

    «Оның азаматтық парызына, сол кезде шырылдап жүргеніне ризамын. Басымды иемін. Бәлкім, менің сайлау нәтижесін мойындауым, елді, тыныштықты ойлап, әлі де біздің Қазақстан оппозициясының дәл сондай дүлей күш емес екендігін мойындағаным біраз адамды ренжіткен шығар. Мен сол адамдардың алдында бас иемін. Көзқарасым дұрыс»,- деді ол.

    Десе де, Президент болуды емес, оппозицияның күшін  көрсету үшін сайлауға қатысқанына сендіруге тырысты.

     

    Ринат Заитов: «Сайлау менің жалғыз екенімді өз-өзіме дәлелдеп берді»

    Сайлау қарсаңында белсенділік танытып, көзге түскендердің бірі Ринат Зайытов болды. Ол «Сайлауға екі-ақ күн қалды! Бір ауыздан Қосановты қолдайық! Бірігейік ағайын», —  деп ұрандап, көпшілікті Қосановқа дауыс беруге шақырған болатын.

    Айтыскер ақын сайлауға байланысты түрлі ұстанымда жүрген халықты бірігуге шақырды. Ақынның ойынша, қазіргі билік жүйесі халықтың жақсы өмір сүруіне түбегейлі қарсы. Сондықтан, ол сайлауға «бойкот» деп жүргендерді жүйеге қарсы бірігуге шақырды. Ринат Заитов ол үшін сайлауға барып Тоқаевтың кандидатурасына қарсы үміткерге дауыс беру керек деп санаған болатын.

    Дегенмен, бұл жолы Ринаттың да үміті ақталмады. Ол өзінің қателескенін мойындап, халықтан тізерлеп кешірім сұрады.

    Кейіннен БАҚ беттерінде Ринат Заитовты полиция ұстап алып кеткені жайлы ақпарат кеңінен таралған болатын. Халықтың арасында белсенділік танытқан ақынға жандары ашып, болашағына уайымдаған бір топ адам оны босатуды талап етіп, полиция бөлімшесінің алдында жиналған еді. Алайда, Ринаттың ол уақытта үйінде болғаны белгілі болды. Бұл жайында ақынның өзі халықтың алдына шығып айтқан еді.

    Сондай-ақ «Әблязовқа, Қосановқа айтарым, еркек болса, елден кешірім сұрасын. Ешқашан ешкімнен ақша да, басқа да алып, елімді алдаған емеспін. Солай болып қаламын!!! Мен халықты өзім алданған өтірікке сендіргенім үшін айыптымын. Бар кінәм сол. Сол үшін экранның ар жағынан емес, Халықтың алдында кешірім сұрадым. Ол жасағаным қылмыс емес шығар. Ұлтым үшін туғанымды өлгенше дәлелдеп өтуге дайынмын! Тек уақыт беріңіздер, қалғанын кейін айтайын», — деген сөздері елдің арасында кеңінен таралып, оның азаматтық позициясын анықтағандай болған еді.

    Дәл осы күні Ринат Зайытов халыққа дұрыс бағыт беретін партия құрамын, ешкімнен де, ештеңеден де қорықпаймын деген уәде де берген. Бірақ, әлі күнге дейін құрылған немесе құрылғалы жатқан партияны көрмедік.

    Сайлау біткеннен кейін, Ринат Зайытовтың да жоғалып кеткеніне халық алаңдап, оны қорқытты не өлтіріп кетті ме деген қауесет сөздер де желдей есті. Сонан соң, айтыскер ақынның бірнеше күн өтпей жатып Семей қаласына кетіп қалғандығы белгілі болды.

    Ал жақында ғана Ринат Зайытов өзінің сұхбатында біраз адамнан көңілі қалғанын жеткізді.

    — Сайлау менің жалғыз екенімді өз-өзіме дәлелдеп берді. Жалғыздық деген белгілі бір нәрсені бастауға ақыл-кеңес беретін, қолдап-қостайтын адамның жоқтығы. Өткендегі оқиғада мен сеніп жүрген біраз адамдар көңілімді қалдырды, керісінше, осымен ортақ ештеңем жоқ-ау деген адамдармен еріксіз жақындастырды, — дейді ол.

    Сондай-ақ ол жуық арада партия құратын жоспары жоқ екендігін де айтты. Өйткені, оның пікірінше, дәл қазір қандай да бір саяси белсенділіктен халыққа пайда жоқ.

     

    Дос Көшім: Қосановтың шешіміне «Ұлт тағдырының» қатысы жоқ

    Сайлау кезінде, Қосановты қолдап, белсенділік танытқандардың арасында  «Ұлт тағдыры» қозғалысының басшысы Дос Көшім болған еді. Дегенмен, уақыт өте келе Дос Көшім де Қосановтың іс-әркетіне партияның еш қатысы жоқ екендігін айтып ақталғандай болды.

    – Қосанов дебатқа түскендегі, сұқбаттарындағы, кездесулердегі айтқан бағытынан тайған жоқ. Әрі бұл оның жиырма жыл бойы ұстанып келе жатқан саяси бағытының жалғасы болып қалды. Мұны ашықтан ашық мойындауымыз керек. Әрине, Қосановтың экзитполдан кейінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңісін мойындағанын түсіне алмадым, – деді саясаткер.Айтуынша, сол уақытта жасаған мәлімдемесіне қатысты Қосановтың өзінен де сұраған.

    Ал Қосанов өз кезегінде былай деп жауап беріпті: «Бұл – менің жеке шешімім, ол үшін өзім жауап беремін».

    «Оның астарында не жатқанын білмеймін, оған қатысты ештеңе айта алмаймын.

    «Бұл – «Ұлт тағдырының» шешімі емес. Қоғам тарапынан «Сіздердің қатысыңыз бар ма?» дейтін мазмұндағы өкпе-реніш айтылып жатыр. Қосановтың шешіміне жеке менің, «Ұлт тағдырының» ешқандай қатысы жоқ», – деді Дос Көшім.

    Әнуар Нұрпейісов:«Мен ояндым!»

    Сайлау қарсаңында билікке қарсы шығып, өзгеріс енгізуге тырысқандардың бірі «Мен ояндым» флешмоб авторларының бірі, белгілі актер Әнуар Нұрпейісов болды.

    Ол өзінің аталған флешмобында көптеген жастардың басын қосып, елдегі орын алып жүрген өрескелдіктерді ашық айтып, видеоролик жасаған болатын.

    https://www.youtube.com/watch?v=7AYCnkmCX9M

    Дегенмен, сайлау аяқталған соң Әнуар Нұрпейісовтің де қайда жүргені бәріне беймәлім болды. Тіпті, Қарағандылық «Новый вестник» сайты жас актер, блогер Әнуар Нұрпейісовтің «соңғы уақытта көрінбей кеткенін», Instagram-дағы парақшасында соңғы рет маусымның 4-і күні жазба қалдырғанын, актерді білетін кейбір таныстары мен әріптестері де блогердің қайда екенін білмейтін жазып, дабыл қаққан.

    Біраз уақыт өткеннен кейін халықтың көзін ашпақ болған Әнуарымыз Шри-Ланкадан бір-ақ шықты.

    Ол Шри-Ланкада түсірген 12 минуттық «Мен қайда, не үшін жоғалдым» деген фильмін Youtube желісінде жариялады.

    Ол бір фильмде бәрін жеткізе алмайтынын, ҰҚК қызметкерлері артына түскеннен кейін қаладан кетуге мәжбүр болғанын жеткізді.

    «Мен ояндым ролигінің екіншісі шыққаннан кейін менен бұрынғы ҰҚК қызметкері, досым бұл істі тоқтауымды сұрады. Мен оған тоқтай алмайтынымды, яғни заңға қайшы әрекеттер жасап жатпағанымды айттым. Сайлауға төрт күн қалғанда біз «сайлауда не істеуіміз керек» деген тақырыппен ролик дайындаған болатынбыз. Ол жерде біздің елде әділ сайлаудың жоқ екендігін айтқан едік», — дейді актер.

    Нұрпейісовтің айтуынша, роликті жариялайын деп жатқанда оған тағы бір досы хабарласып, оған тағы бір ескерту жасапты.

    «Ол менде сары карточка емес, қызыл карточка барын айтты. Бұл істі доғармасам физикалық тұрғыда күш көрсетіліп, тіпті сотқа  дейін барып, қамауға алынатымды жеткізді. Біздегі сөзбостандығының соншалықты әлсіз екендігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Егер олар маған қолжеткізе алмаса, менің туыстарыма, менің жақындарыма жетер еді. Сол кезде мен өзіме «бұның бәрі не үшін?» деген сұрақ қойдым. Жанна Д’Арксияқты тірідей өртеп жіберу үшін бе? Өмір бір-ақ рет беріледі. Мен бекерден-бекер түрмеде отырғым келмейді. Осы оқиғадан кейін айтылған пікірлерге қарап, елде болып жатқан жағдайларға адамдар лайық деген пайымға келдім. Маған кешкісін хабарласып, «Әнуар, кет» деді. Маған қайда болсын кетуге тура келді. Осындай жағдайда өздеріңіз не істер едіңіздер?»- деді блогер.

    Бұдан кейін Әнуар Нұрпейісов Шри- Ланкаға барып, жеке кәсібін ашқанын айтады.

    Міне, қарап отырғанымыздай, аталған жағдайдың бәрі кезекті қойылым ба, әлде, расымен де елі үшін шырылдаған азаматтардың ісі ме, ол жағы беймәлім. Дегенмен, толғандыратын бір сұрақ. Осы елім үшін деп шырылдаған азаматтарымыз бүкіл елді дүр сілкіндірген Арыс қаласында жарылыс болғанда қайда қалды? Көпбалалы аналар үкіметтен үй сұрап, Ақорданың есігін тоздырып, аштық жариялағанда қайда болды?  Кейбір шулы мәселелерде ғана бойкөрсетіп қоятын «Ешкімнен қорықпаймыз» деген «батырларымыздың» қарасын тек сайлаудың кезінде ғана байқайтынымыз қалай? Онсызда күйбең тіршіліктен мезі болған халықты аяғына жетпейтін бос іске ары да бері де сүйреудің қажеті қанша?

    Фариза Жомартқызы

    қатысты посттар

    «3 күн уақыт беріңіздер…» — Даниал Ахметов Зайсан тұрғындарымен кездесті

    Дариға Назарбаева Қытай елшісімен кездесуде этникалық қазақтар проблемасын көтерді

    «Қуаныш пен күлкіге уақыт жоқ…» — Қасым-Жомарт Тоқаев

    Пікір қалдыру

    17 − ten =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.