-6.1 C
Алматы
Четверг, 19 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Тарих Фотосурет

    «Еліміздің бұрынғы тарихын қайта жаңғыртуымыз қажет» — Орбұлақ шайқасы қалың көрерменге жол тартты

    Біз бұған дейін парсы жауынгерлеріне қарсы тұрған «300 спартандық» жайлы оқып, біліп келдік. Алайда Орбұлақ шайқасында 50 мың жоңғар қолының жолын бөгеп, ерлік көрсеткен 600 сарбазымыз жайлы білмедік. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Батталов Орбұлақ шайқасының 376 жылдығына арналған қойылым кезінде айтты. Бұл жайында Qazweek.kz ақпарат агенттігі Baq.kz сайтының дерегіне сүйеніп хабарлайды.

    Оның айтуынша, Еуропада және басқа елдерде тарихи шайқастарды қойылым ретінде халыққа көрсетіп отырады, бұл халықтың өз тарихын кеңінен тануға септігін тигізеді.
    IMG_20191019_161339.jpg

    «Мәселен, көрші Ресейде Бородино шайқасын осылай қойлым ретінде көрсетіп, халыққа жеткізіп жатады. Бізде қазақ батырларының ерлігін жастарға үлгі ретінде көрсетіп, оларды патриоттыққа тәрбиелеуіміз керек. Жас ұрпақ ата-бабамыздың аттың үстінде жүріп мынау ұланғайыр жерді ерлікпен қорғап қалғанын біліп өскені жөн», — дейді әкім.

    IMG_20191019_152856.jpg
    Сондай-ақ ол, Орбұлақ шайқасын зерттеу жұмыстары жалғаса беретіндігін, қазір біз «Рухани жаңғыру» аясында түрлі экспедициялар жасалып, кітаптар шығарылып, деректі фильмдер жасап жатқандарын айтты.
    IMG_20191019_153209.jpg

    «Әр өңірдің өз ерекшелігі бар, дегенмен Жетісуда тарихи жәдігерлер мен оқиғалар көп орын алған. Соның барлығын зерттеп, бүгінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Жаудың өткелі «Жоңғар қақпасы» да осында. Аңырақай, Орбұлақ шайқастары да осы өңірде өткен. Қазір бейбітшілікте, тоқшылықта өмір сүріп отырмыз. Сондықтан еліміздің бұрынғы тарихын, ерлігін қайта жаңғыртуымыз қажет», — деді А. Батталов.

    Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев аталған шараны өткізу үшін 61 млн теңге жұмсалғанын айтты.

    IMG_20191019_155735.jpg

    «Бүгінгі шараны өткізудегі басты мақсат жастарды патриоттыққа тәрбиелеу және өз тарихымызды дәріптеу. Шетелде осындай тарихи қойлымдар өте жақсы дамыған, оған 10 мыңдай халық жиналады. Бұл үрдіс бізде де орын алса екен деймін. Бізде «Орбұлақ шайқасы жай аңыз шығар» дейтін скептиктер бар, аңыз бола берсін, біздің басты мақсатымыз жастарды патриоттыққа тәрбиелеу.  Және ол өзіміздің тарихпен байланысты болу керек. Сондықтан бүгінгі шараға арнайы автобус шығарып мектеп оқушыларын көптеп әкелдік»,-деді ол.

    Орбұлақ шайқасының құпиясы

    800 қазақ сарбазы 50 мың жоңғарды қалай жеңген? Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы бетбұрысты оқиға.

    800 қазақ сарбазы 50 мың жоңғарды қалай жеңген?
    Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы бетбұрысты оқиға. Бұл соғыс 1643 жылдың жазында қазақ қолын басқарған Жәңгір сұлтан мен жоңғар қолын басқарған Батыр қонтайшы арасында өтеді. Жәңгір жоңғарлардың жолын кесу үшін білтелі мылтықпен қаруланған 600 сарбазбен қарсы аттанады. Әлемдік соғыс өнерінің жылнамасына енуге лайық Орбұлақ шайқасында осы 600 қазақ сарбазы 50 мың жоңғар қолын тас-талқан етіп жеңеді. 600 адамның 50 мың адамды жеңуі бізге аңыз секілді көрінгенмен, шындық солай. Отандық тарихнаманың осы айтулы оқиғасы қалай болды? Жеңіске жету үшін Жәңгір хан қандай қосымша тактика қолданды? Осы жайды зерттеп жүрген тарих танымгері, өлкетанушы, шежіреші Асан Оразханұлы Тұрабаевты әңгімеге тартқан едік.

    – Байырғы дұшпан Хото Батор Хонтажы бастаған ойрат-қалмақ елу мың қолмен қазақ елін жаулап алуға аттанғаны жөнінде Салқам Жәңгір өз шолушыларынан мәлімет алады. Орбұлақтағы ойрат пен қазақтың тектілері Қарахан патшаның тұсында «Арамызды шаhар байласын, шаhар байламаса, заhар шайнасын»деп анттасқан көрінеді. Маруан-Аhра би «Орбұлақ тектілердің ат-тізгінін тартып тоқтаған тәтті жері еді. Ойраттар анттан аттады. Орбұлақтың бойында улы жебемен қарсы алыңдар. Бұл жерге қылыш көтеріп келгендер өз қанына өзі тұншығады. Ойраттар елу мың болса да 800 сарбазың жетеді. Қостоқты бастаған қолың, Сүлеймен бастаған сексен мергенің бар, қия тұмсықты біз барғанша төтеп беріңдер» деп Салқам Жәңгірге хабар жібереді.

    Жәңгір бастаған қазақ қолы Орбұлақтың қия беткейіндегі 800 қойтасты паналап ор қазып алып, жауын улы жебемен қарсы алады. Сонымен қатар Сасықтекенің түтінін де пайдаланады. Улы жебе адамға жанап кетсе болды, безгек тигендей мәңгілікке сұлап түседі екен. Ал Сасықтеке деген гүл таутекелер күйлеген кезде иіскейтін және сол уақытта гүлдейтін болса керек. Соны суға қайнатып, оған шүберек малып кептіреді де, жағып жіберсе түтіні жан-жануарды уландырып тастайды. Салқам Жәңгір әскерінің бас қолбасшысы Қостоқты батыр 800 сарбазын із суытар жерге тастап, ойраттардың алдынан өзі шығады. Оларды алдаусыратады да «Сасықтеке» түтініне ұрындырады. Қазақ қолының аз екенін білетін жау жапырып тастамақ болып лап бергенде улы түтінге, онан соң улы жебеге ұрынады. Міне, осындай амал-айла арқасында қалмақ қолы ойсырай бастайды.

    Аузы-басын тұмшалап, ешкінің майымен майлап алған қазақ жауынгерлеріне улы түтін әсер ете қоймайды. Уланғандары қымыз бен меңдуананы араластырып ішіп, құсады да тазарып аман қалады. Ал аттары уланса тұмсығына құйрық маймен ұрып тазартады. Алғашқыда не болғанын түсінбей қалған ойраттар мәнісін кейіннен біледі. Он мыңдай жасағынан айырылған олар кейін шегініп ақылдаса бастайды. Осы кезде жиырма мың қолымен Жалаңтөс Баhадүрдің қолы тықсыра бастайды, сол кезде қырық мың қолымен Алатау батыр, ішінде азғана қырғыз жасағы бар, сегіз мың қолымен Арқадан Малдас би жетеді. Алатау батырдың сол кездегі жетпіс жетіден асып шау тартып қалған шағы екен. Ақыл-кеңес беріп, бастап келген жасағы соғысқа араласпады.

    Осы соғыс ұмытылмас ерлік ретінде тарихқа жазылды. Жалаңтөс Баhадүр, Жиенбет жырау, Қарасай батыр, Қөкі батыр, Жақсығұл батыр, Сүлеймен мерген, Жаманбай батыр, Шілмекенұлы Қостоқты батырлар өшпестей із қалдырды. Салқам Жәңгір ұрыстан соң қалмақтың жас батырымен жекпе-жекке шығып қаза тапты.

    Улы түтінге ұрындыру

    «Сасықтеке» түтінін пайдаланатын ұсталарды «Сүлік» деп атаған, мұндай ұсталарды өте құпиялап ұстаған. Қазақ даласындағы үлкен соғыстар кезінде түтінге ұрындыру тәсілі көп пайдаланылған. «Ұйқымалым сірне» әдісіне салып, жаудың басын айналдырып ұйықтату, түтіндетіп, иіспен улау дұшпан жаққа өте көп шығын әкелген. Улы өсімдіктердің исін жұтқан кезде, жан-жануарлар да, адамдар да басы айналып, не болып, не істеп жатқанын байқай алмай, мәңгүрттеніп, ұйқы басып жатып қалатын болған. Кейбір шөптердің түтіні өлтіріп те жібереді. Қазақ жасағы жаудың жолын торып, жолына шөмеле шөп үйіп, ор қазып, оған улы шөптерді араластырып, лапылдап жанбауын қадағалаған. Яғни сулы күйінде бықсыған түтінге ұрындыру мақсаты болған. Ұзаққа ататын нарсадақпен садақшы мергендерді дайындап, садақ оғы жебесінің улы шөпке түсуі жау қолына үлкен шығын әкелген.

    «Жер көсе» билер, жұлдызгер, көреген алымдар кез келген елдің, жердің ауа райын болжап, жел қай жақтан болатынын , биыл қыс қалай болады, ауа райын дәл есептеп беріп, қай жерден ащы су шығады, қай өңірден тұщы су шығатынын да дөп басып айтқан. Құдай берген мұндай қасиетті, дарынды кісілерді соғыс жағдайында өте құпия ұстаған. Көктемде, күзде шөптерді жинап, қайнатып, уын шүберекке сіңдіріп, кейбіреуін кептіріп, араластырып, алдағы ұрыстарға дайындап отырған. Мұндай улы иістен аттар бірден тырақай асып құлаған, адамдар екі сағатқа шейін есін жинай алмай, кейбірі сол күйінде жан тапсырған. Тек қана хан жарлығымен азғана жасақ осы улы шөптерді пайдаланып жауды кей тұстарда жеңіп отырған, ал бейбіт жағдайда жеке адамдарды улауға қатаң тыйым салынған, ондайлар шықса, қылмысына қарай қатаң жазаланған, билер сотында басы шабылған. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар сирек болса да кездесіп отырған.

    Жиналған дәрілік шөптерді және түтіндеп жанбайтын тамырларды, улы өсімдіктерді, уға малынған маталарды құпия қоймаларда, қатаң күзетілген ыдыстарда ұстаған.

    Улы өсімдіктерді, емдік шөптерді жинаған кезде, итсигек, теке-сасық, меңдуана және дермене, мия, сора, көкнәр, жалбыз, адыраспан, т.б. шөптерімен араластырып, көктей кейбіреуін кептіріп, кейбір шөптердің күлін алып, қайнатып, қатты жараланған жауынгерге, сарбаздарға ота жасалғанда, сол шөптер арқылы ұйықтатып, емдеп отырған.

    Етборсық емші

    «Етборсық» емшілер, сынған сүйекті, ішкі ағзаларды тазалап жуып әрі кесіп, далалық госпитальдарда қос тігіп, жаңағы шөптер арқылы адамды бірнеше тәулікке шейін ұйықтатып, жағдайы өте ауыр сарбаздарды аман алып қалып отырған. Үлкен қос тігіліп, жараланған жауынгерлер сақайып жазылғанша солардың бақылауында болған. Ата-бабасынан келе жатқан емшілік қасиеттері бар аруақты адамдарды тауып, оларды жеті жылдай Тараз қаласында оқытып отырған. Бұлардан ант алып, жеке тұлғаларға қастандық істемеу, тек халық мүддесіне сай қимылдау, соғыс жағдайында ғана пайдалану пәрмен етілген. Иасы Түркістан, Тараз шаhарында ғаріпхана деп аталған емдеу орталықтары болған, ол жерлерде кеселі ауыр адамдарды, сүйегі сынған, ауыр жараланған адамдарды емдеп, ота жасап отырған.

    Бал шарап

    «Етборсық » емшілер қымыз, қымыран, дәрілік емдік шөптерден бөлек кей жағдайларда шарап та беріп емдеп отырған.

    «Алтайдың бал шарабы,

    Отырардың отты шарабы,

    Тәшкеннің нан шарабы»

    Тараздың жүзім шарабы» делінген. Жараланған сарбаздардың жарасын жуып, танған кезде ауру жұқпас үшін ота алдында «Отырардың отты» шарабымен тазалап жуған. ( Яғни бұл 96 % спирт) және маталарды осы шараппен жуып, жараларды таңып отырған.

    «Алтайдың бал шарабын» жауынгерлерге күш-қуат алу үшін беріп отырған. Көп қан жоғалтқан сарбаздарға «Тараздың жүзім-жеміс шарабын» берген. Жүйкесі сыр берген сарбаздарға кейде шөп дәрілермен қатар қатаң тәртіппен «Тәшкеннің нан шарабын» берген. Осылайша қазақтың « Етборсық » емшілері бірнеше шөп қайнатпаларын беріп, сарбаздардың күш қуатын, денсаулығын арттырып, қатарға қосып отырды. Бұл шараптарды Алтайдан, Тараздан, Отырардан, Тәшкен шаһарларынан тапсырыспен алдырып, әртүрлі шөптерді және жеміс ағаштарын ашытып, соғыс жағдайында сарбаздар мен сардарларды емдеп, өлім-жітімнен, мүгедек болып қалудан сақтап, қатарға қосып отырған.

    Бармақ ұста

    Қазақ «Бармақ» ұсталары Ұлытауда, Қаратауда, Алтайда және үлкен шаhарларда, Түркістан айналасында, Текелі деген қалаларда шойын балқытып, ұңғы мылтықтар, білтелі мылтықтар соғып, кей жағдайда қолға түскен қаруларға қарап, «От-ұшпа » зеңбіректер соққан. Ата-бабамыздан келе жатқан өз қаруларымыз: наркескен, алдаспан, найза-қылыштар өз алдына. Ұлытауда ұстаханаларды «Отжағар, Боқжағар» деп атаған. Шойын темір балқытқан жерлерді «Отжағарда» қызыл жалынға қыздырып, шыңдап, жүйрік атпен шауып, суға салмай желге суытқан. Ал «Боқжағар» дегені, аттардың тезегін үлкен ыдысқа салып ашытып, қаруларды соған суытқан. Өйткені осындай әдіспен соғылған қарулардың жүзі ешқашан мұқалмаған, морт сынбаған. Полат, була, дула, шойын, зұлмарт темірлерді өте берік қылып шыңдап, әшекейлеп отырған. Мұндай қарулар өте үлкен сұранысқа ие болып, ұсталардың даңқын шығарған.

    Сүлік ұста

    Егер де жеке тұлғаларды улауға қатысы болған жағдайда «Сүлік ұсталардың» басы бірден шабылған. «Сүлік ұсталар» өз құпиясын, улы шөптердің өте зиянды түрлерінің сырын кез келген адамға ашпаған. Емшіліктің сырын ілімсіз таратуға тыйым салған.

    «Сүлік ұсталар» бөлек жасақ ұстап, жауға шабарда садақ пен найзаның ұштарын уға малған. Бұларды ерекше мерген, найзагер, қылышкер сарбаздарға бөліп беріп, бұл қарулардан уланып қалмауын қадағалап отырған. Жауға шапқанда, улы шөптердің түтінін пайдаланғанда, жел қай жақтан соғатынын есептеп, ешкі майы батырылған маталармен тұмшаланып отырған (ешкі майы уды өткізбейді,тоңып қалады).

    Қазақ хандары мен билері осындай киелі, адам жанына араша түсетін Етборсық емшілерді, Сүлік ұсталарды, Жер-көсе билерді, ауа райын болжайтын жұлдызгер алымдарды, есепші кісілерді қадірлеп және жұрттан құпиялап ұстаған. Қазақ даласындағы соғыс жағдайында, ел басына күн туғанда осындай шөппен улау және ұйықтатып бас айналдыру, «ұйқымалым сірне» әдісімен түтіндету амалдары тектілер пәрменімен, билер шешімімен қатаң бақылауда болып, хан жарлығымен істелінген. Қазақ жасақтары Жоңғар шапқыншылығында азғана қолмен бірнеше рет осындай әдістермен жауын күйрете жеңіп отырған.

    «Орбұлақ шайқасында» сегіз жүз қазақ сарбазынан Хото Батор Хонтажының елу мың қолының он мыңының қырылуы Батыс және орыс тарихшылары арасында таңғаларлық оқиға болып, олар үшін де, басқалар үшін де жұмбақ күйінде қалуда.

    Ал осы «Орбұлақ шайқасын» Әлиасқар Байғұтұлының баласы Ақпантайға айтып, баяндап, қағазға түсіртуі, қазақ халқы үшін де, тарих үшін де өте үлкен маңызды, мақтанарлық оқиға.

    Дереккөзі: e-history.k

    қатысты посттар

    Таразда тұңғыш рет «Ауыл әйелдерінің форумы» өтті

    Түрмедегі «Балалар үйі»: Жазықсыз балалар түрмеде не үшін отыр?

    Желтоқсан оқиғасындағы «Боран-1986» операциясы жайлы не білеміз?

    Пікір қалдыру

    3 × 4 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.