Алдағы 26 қазанда кәсіпқой боксшы Қанат Ислам Алматыда бокс кешін өткізбек. Жерлесіміздің қарсыласы – намибиялық Уолтер Каутондоква болмақ, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттіг Baq.kz порталына сілтеме жасап.
Қанаттың қарсыласы жайлы не білеміз?
Уолтер Каутондоква – Намибия елінің азаматы, жасы 34-те. WBO нұсқасы бойынша ТОП-10 боксшының тізімінде 9-орында тұр. Осыған дейін 18 жекпе-жек өткізген. Тек біреуінде жеңілген. Оның өзінде WBO нұсқасы бойынша орта салмақта бос тұрған әлем чемпионы титулына талас кезінде америкалық Деметриус Андрадеден жеңілген. Бұл екеуінің кездесуі былтырғы жылы 20 қазанда өтті. Айтпақшы, осы екі боксшының андеркардында қазақстандық Данияр Елеусінов пен америкалық Мэтт Догерти жұдырықтасқан еді. Уолтер биылғы жылдың мамыр айында малавилік боксшы Симон Тшетаны нокаутқа құлатқан.
Бұл жекпе-жекте Қанат Исламға тиесілі бірінші орта салмақтағы WBO International титулы сарапқа салынады.
Отандасымыз Қанат Ислам осыған дейін 26 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Бірақ бұрынғы қарсыластарының басым бөлігі Уолтер Каутондоквамен салыстырғанда әлсіздеу екені жасырын емес.
Намибиялық боксшы былтырғы жылы кәсіпқой бокстағы тағы бір қазақстандық Геннадий Головкинмен де шығуға дайын екенін айтқан болатын.
«Мен Головкиннен қорықпаймын. Оған кез келген уақытта қарсы тұра аламын және оны жеңетініме сенімдімін. Головкин өте жақсы боксшы, бірақ мен секілді Африкадан шыққан алыпты ешқашан кездестірмеген. Бұл бокс тарихындағы ең үлкен жекпе-жектің бірі болары сөзсіз. Егер жолымыз түйісіп жатса, жанкүйерлер ұзақ уақыт айтып жүретіндей кездесу өтер еді», — деген болатын Уолтер BoxingScene-ге берген сұқбатында.
Уолтор Каутондокваның мықты екенін Қанаттың бапкері Багаудин Беков та айтып отыр.
«Қанаттың қарсыласы осал емес. Өте мықты боксшылардың бірі. Былтырғы жылы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Деметриус Андрадеге 12 раунд бойы шыдас берді. Тіпті, 4 нокдаунға түссе, бірақ бәрібір орнынан тұрып жекпе-жекті жалғастырған боксшы. Алдағы жекпе-жек өте қызықты болады, біз барлық техникалық және тактикалық арсеналымызды көрсетеміз. Біз алдын ала ешқандай болжам жасамаймыз. Дегенмен, жеңіске жетеміз деп үміттенеміз», — деді Багаудин Беков.
Қанат Ислам биылғы жылы қыркүйек айында 35 жасқа толды. Ол өткен жылы шаршы алаңға шыққан жоқ. Жалпы, бір жарым жылдай үзілісте жүріп қалды. Тек биыл шілде айында президент Тоқаевтың қолдауының арқасында Алматыда 37 жастағы Хулио Де Хесуспен (Доминикан республикасы) жекпе-жекке шығып, 14-секундта қарсыласын нокаутқа түсірді. Отандасымыз әлі де әлем чемпионы атанудан үмітін үзбейді. Орта салмақтағы әлемнің үздігі тіпті Канеломен кездесіп жатса, жеңетіне сенімді.
«Сын түзелмей, мін түзелмейді. Бүгін барып төр менікі деуге болмайды. Әркімнің өз жолы бар. Қыран шыңға қалықтап шықса, жылан өрмелеп шығады. Жетістікке әр адам әртүрлі жолдармен келеді. Алла Тағала біреуге бармақтай бақ береді, біреуге оны да бермейді. Маған мүмкіндік берсе, «Канелоны» құлататын едім. Ол да екі қолы бар адам. Мексикада рекорд жасады дейді. Бұл жекпе-жектердің видеосы бар ма? Ол АҚШ-қа «таза» болып келді. Мен кез келген боксшымен жұдырықтасуға дайынмын. Алайда, ондай менде мүмкіндік жоқ. Саульді мексикалықтар қолдап отыр. Жекпе-жектері мен телетрансляциясын сатып алады. Ал бокс қарайтын қазақстандықтардың саны аз. Сондықтан мен қаншалықты аты шыққан боксшы болғаныммен, АҚШ-та маған көрермен жоқ. Онымен жұдырықтасуға мүмкіндік болғанда, бәрі де басқаша болатын еді», — дейді Қанат Ислам.
Қанаттың жасының біразға келіп қалғаны да көп айтылып жүр. Оның кәсіпқой бокста әлем чемпионы атанатынына күдік көп. Бірақ боксшы жастың еш кедергісі жоқ деп санайды.
«Жасыңның 30-дан асқаны еш кедергі болмауы тиіс. Мен қазір 35-темін. Кезінде ата-бабаларымыз жауға шапқанда, қой 30-дан асып қалыппыз, енді сендер шабыңдар деген жоқ ғой. 70-ке дейін жекпе-жекке шыққандар болды. Шалмын десең, отызыңда шал боласың. Америкада 50 жасқа дейін бокстаса береді. Бұл тәрбиенің қателігі. Бізде боксшылардың барлығы әуесқой боксқа қатты берілген. Қай жасқа келсең де бірқалыпты жағдайды ұстауға тырысу керек. Жігіт адам бір жеңіліспен жерге кіріп, бір жеңіспен аспанға шықпауы тиіс», — дейді боксшы.
Отандасымыз кәсіпқой бокста қазақ жастарының көбейіп жатқанына қуанышты екенін де жеткізді.
«Сондықтан жастардың спортқа келгендегі ең алғашқы қадамдарын кәсіпқой шаршы алаңда бастап жатқанын құптаймын. Сонымен қоса мұндай бокс кездесулерін өткізу арқылы біз еліміздегі жастар арасында кәсіпқой боксты насихаттаймыз. Мәселен, әуесқой бокста, Олимпиададан кейін спортшының есімін бір жылдан соң да ұмытып кетуі ғажап емес. Ал кәсіпқой бокста керісінше, әр жекпе-жек сайын әлем сені жақынырақ тани бастайды. Мысал ретінде сол Геннадий Головкин немесе Майк Тайсонды да айтуға болады. Олар шынымен де әлемге әйгілі спорт жұлдыздары», — дейді ол.
Айта кетейік, Қанат Ислам (26-0, 21 КО) мен намибиялық Уолтер Каутондоква (18-1, 17 КО) жекпе-жегі 26 қазан «Алматы Арена» кешенінде өтеді. Бұл бокс кешінде Қанат Исламның орта салмақтағы WBO International белдігі сарапқа салынады.