-11.1 C
Алматы
Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    «Неге жетеді ол?» Қарттар күніне орай зейнеткерлерге 6 мың теңге сыйақы берілмек

    «Қариялар күніне» Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі елордамыздың қарияларына 6 313 тг жәрдемақы бергенімен, бұл ақшаға мереке иелері қанағатсызданбай, өздерінің наразылығын білдірді. Бұл туралы Qazweek.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

    Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Райгүл Шайымбетова саналы ғұмырын медицина саласына арнаған дәрігер. Бейнетінің зейнетін көрер шақта жыл сайын денсаулығы сыр беріп, арнайы есепке алынған. Әкімдіктің берген көмегі демеу болғанымен, жыртыққа жамау бола алмайды дейді.

    «30 жылдан асып кетті зейнеткер болғаныма. Жеңілдікпен шыққанмын 5 баламен. Мен айына өз басым 20 мыңнан астам теңгеге дәрі аламын. Өзім бірнеше науқаспенен есепте тұрамын. Ол қай жағына жетеді? Азық-түлік күннен-күнге қымбаттап жатыр. Бір 6 мың теңге немізге жетеді?» – деді зейнеткер Райгүл Шайымбетова.

    Зейнеткер «қарттар күніне» берілетін бірреттік жәрдемақының көлемін естігенде таңданысын жасыра алмады. Оның орнына, күн санап қатары сиреп бара жатқан замандастарының көңілін аулайтын, басын қосатын «Қарттар клубын» құруды сұрап отыр.

    «Өткен жылы бір 5 мың салды-ау. Бір жолғы жәрдем. Бұл жолы енді 6 мың теңге дейді. Азық-түліктің қымбаттағанына байланысты мың теңге қосқан шығар. Қарттар күніне тегін концерттер қойып тұрса, барар едік. Жолдама берсе емделуге барар едік. Білмеймін, енді бір жолғы 6 мың теңге жәрдемақы ештеңеге де жетпейді», – деді зейнеткер Райгүл Шайымбетова.

    Мерекеге байланысты, бірреттік сыйақы жөнінде қаладағы қариялардың да ойын біліп көрдік. Барлығы, мардымсыз жәрдемақы бергенше, зейнетақыларымызды көтергені дұрыс болар еді, деген пікір білдірді.

    «Неге жетеді ол? Бір шай ішкенімізге де жетпейді ғой. Қарттар күніне құттықтайтын болса, сондай дәріптейтін болса жөндеп беретін нәрсесін берсін».

    «10-20 мың бер бәрібір жетпейді ғой. Бірақ, енді үкіметтің қарттарды елеп-ескеріп көңілін аулап жатқаны ғой. Рахмет онысына. Онымен ешкім байып кетпейді».

    «6 мың деген не ол? Енді, ол ақша емес қой 6 мың деген. Оның орнына біздің зейнетақымызды өсірсе. Мынау өте төмен зейнетақы алатындардың тіпті күн көрістері қиын ғой шындығында», – деді зейнеткерлер.

    Жәрдемақыны тағайындаған әкімдік болса, 6 мың 313 теңгеден тараттық екен деп, қазыналы қарттарымызға әлеуметтік көмекті тоқтатпаймыз дейді. Зейнеткерлерге бүгінде сан алуан қызмет бойынша жеңілдіктер барын айтып отыр.

    «Осы 1 қазан – Қарттар күнінде 70 мыңға жуық зейнеткер қамтылады. Барлық зейнеткерлерді, мүгедектерді, көпбалалы аналарды бірнеше санат бойынша ережелер бар. Оның мөлшері әр түрлі. Мысалы, өмірдің қиын жағдайына тап болғанда, өрт болуына байланысты ол дегеніміз 165 АЕК көрсетіледі. Жер үйде көмір жағатын зейнеткерлерге төленетін әлеуметтік көмектің мөлшері қазір 16 АЕК, бір зейнеткерге 40 мың 400 теңге көрсетіледі», – деді қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының жәрдемақылар тағайындау бөлімінің басшысы Салтанат Станбаева.

    Ресми дерекке сүйенсек, елімізде 2 млн-ға жуық зейнеткер бар. Бірақ, бұл сыйақы барлығына бірдей берілмейді. Тек, елордалық қарттарға таратылады. Ал, бірреттік көмек тағайындалғандарға оны алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Ақша олардың есепшотына түседі.

    қатысты посттар

    15 шілдеден бастап Нұр-Сұлтан әуежайы шектеулі режимде жұмыс істейді

    Фариза

    Алматыда блок бекеттер әлі алынбады

    Фариза

    Жаңа облыстарда әкімдіктер құруға 12 млрд теңге жұмсалмақ

    Фариза

    Пікір қалдыру

    3 × two =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.