-12.1 C
Алматы
Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Оқиға

    Салық инспекторлары бизнесменді қорқытып, тегін дастархан жаюды талап етіп қана қоймай оған көнбеген келіншекті жұдырықтың астына алған

    Ақтөбе облысында cыраға сылқия тойып алған мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы мен бас маманы бизнесменді қорқытып, тегін дастархан жаюды талап етіпті. Оған көнбеген келіншекті жұдырықтың астына алған. Таяқ жеген келіншек ауруханадан бір-ақ шыққан, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

    «Шынар Қамиева айдың-күннің аманында көше кезген бұзақылардан емес, дардай мемлекеттік қызметкерлерден таяқ жегеніне ашынады. Қобда ауылындағы шағын дәмханаға кірістер басқармасының бөлім басшысы мен бас маманы сыра ішуге келіпті. Олар кәсіпкер келіншекке тегін дастархан жаюды бұйырады. Онымен қоймай, дәмхананың кіре беріс ауласына дәрет сындырады. Ескерту жасаған бизнесменге жұдырық ала жүгірген», — дейді телеарна тілшісі.

    Шынар Қамиева, кәсіпкер:

    — Жұдырықпен сол жақ бетімнің тұсынан ұрып жібергенде, көзім қарауытып кетті. Не болып, не қойғанын білмей қалдым. Оларды бұрын көрген емеспін. Салық инспекторлары екенін айтты. Біреуі – Әмірғалиев Тәттібек, екіншісі – Дастан Бәйменов. Тапсырыстарының ақысын төлемегендері былай тұрсын, шу шығарып ұрып кетті.

    Салық инспекторларының жуан жұдырығынан Шынар Қамиеваның миы шайқалып, басынан жарақат алған, көзі нашар көреді.

    Нұрсұлтан Айтмурзин, Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасының дәрігері:

    — Басынан жарақат алған. Миының шайқалуына байланысты қажетті ем алып жатыр. Көзінен соққы алған. Бүгін окулист кеңесін тағайындадық. Окулистің шешімін күтіп отырмыз.

    Дәмханада шатақ шығарған мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкер келіншектен кешірім сұрап келген. Бірақ ол жазасын құқық қорғау органдары берсін деп отыр. Тәртіп сақшылары да тергеуді бастапты.

    Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

    — Қазір аталмыш дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабымен іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

    Ал Қобда аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкерді ұрған бөлім басшысы мен бас маманды жұмыстан қысқартып жіберіпті. Олардың қызметінен кетуіне аталмыш оқиғаның себебі болды ма, ол жағы әзірге белгісіз. Оны тексеруге кіріскен мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент өкілдері анықтайтын болады.

    қатысты посттар

    Батыс Қазақстан облысында пойыз аударылды

    Фариза

    Конор Хабибтің әйеліне тіл тигізді

    БҚО-да полиция бастығының орынбасары мас күйінде көлік жүргізіп, адам өліміне себепкер болды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    four × 4 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.