-11.1 C
Алматы
Воскресенье, 22 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    «Балалық шағында жетімдер үйін, қартайғанда қарттар үйін паналаған» Қарттар үйіндегі бір күн…

    Ол жерде 325 қария өмір сүріп жатыр. Бірінде бала – бар, енді бірінде – жоқ. Бірі жазмыштан озмыш жоқ екенін айтса, енді бірі мұндай жағдайға тап болғаны үшін өзін, тағы бірі бала-шағасын кінәлайды. Бірі туған-туысын күн санап күтіп отырса, енді бірі күдерін үзген. Қалай болғанда да, тығырыққа тірелген кезде олардың табан тіреген жері – Қарттар үйі. Бұл жайында Qazweek.kz ақпарат агенттігі inform.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

    Қарттар күніне орай Нұр-Сұлтан қаласы, Көктал-1 тұрғын алабында орналасқан Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесіне барып, қариялардың қал-жағдайын сұрап, бір күндік тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

    ЖАРЫММЕН 40 ЖЫЛ БІРГЕ ТҰРДЫМ

    Жетімдер үйінде өскен Айғаныс апа Орынтайқызы қартайған шағында Қарттар үйін паналаймын деп ойламаған. Қостанай облысында туып-өскен оның ата-анасы өмірден ерте озып, артында қалған сіңлісі екеуі жетімдер үйінде тұрған.

    — Мен Аққу қаласына келіп, карьерде машинист-нұсқаушы болып жұмыс істедім. Сол жақтағы бір үйді жалдап тұрдым. Ол үйдің кішкентай екі қызы бар еді. Оларды ойнатып, кешке сиыр кіргізіп, қолым босай қалса еден жуып, гүл суаратынмын. Сөйтіп ол үйдің қызындай болып кеттім. Тұрмысқа шыққанда сол үйдің иелері той жасап, мені ұзатты. Құдай қосқан жарыммен 40 жыл бірге тұрдым, — дейді ол.

    БАЛА СҮЮ БАҚЫТЫ БҰЙЫРМАДЫ

    Айғаныс апа бала сүю бақыты бұйырмағанын айтты.

    — Жолдасыма «Мен бала көтере алмаймын. Мүмкін басқа жар аларсың? Мүмкін жетімдер үйінен бала асырап алармыз» деп айтқан кезде «Мен өмірлік жар етіп өзіңді таңдадым, енді орта жолда тастап кетпеймін. Жетімдер үйінен асырап алатын бала негізіне тартпай қоймайды. Алла бермесе – қарсы тұрушы болма» деді. Сөйтіп 40 жыл бірге тұрдық. Ол 2001 жылы 25 наурызда өмірден озды. Ол – менің өмірімдегі ең керемет адам, — дейді апа.

    АТАҢА НЕ ІСТЕСЕҢ – АЛДЫҢА СОЛ КЕЛЕДІ

    Айғаныс апа сіңлісін де өзі оқытып-тоқытқанын айтты.

    — Сіңлім өзімнен 11 жас кіші еді. Маған «Мені басқа жетімдер үйіне ауыстырғалы жатыр» деген хат жазды. Сол кезде оны Жетімдер үйінен өз қолымызға алдық. Мектеп, жоғары оқу орнын бітіртіп, сүйген жігітіне ұзаттық. Олардың 1 ұл, 1 қызы бар. «Балалар әлемі» дүкенінде жұмыс істеген кезімде оның балаларына киімнің ең жақсысын кигізіп, тамақтың ең дәмдісін бердім. Кейін сіңлімнің қызы түрік жігітке тұрмысқа шығып, олар Түркияға көшіп кетті. Ал ұлы осы қалада тұрады. Отбасылы. Келін екеуі маған келіп тұрады», — дейді ол.

    Айғаныс апа ата-анасын қарттар үйіне өткізетіндерді түсінбейтінін айтты.

    — Мына жерде жағдайым өте жақсы. Шүкір, тәуба! Бірақ бұл жер біз сияқты баласы жоқтарға жақсы шығар. Ал баласы барлар үшін жақсы ма? Қазіргі жастарды түсінбеймін. «Атаңа не істесең – алдыңа сол келеді» деп бекер айтылмаған. Анасын, әкесін Қарттар үйіне өткізген адам ертең өзі қартаймай ма? — дейді ол.

    ӘКЕМНЕН ДЕ, ҚАРЫНДАСТАРЫМНАН ДА АЙЫРЫЛДЫМ

    60 жастағы Жанболат Бейсенбаев 2015 жылдан бастап Қарттар үйінде тұрып жатқанын айтты.

    — Солтүстік Қазақстан облысынанмын. 25 жыл аспаз болғанмын. 2015 жылы әкем қайтыс болды. Одан кейін мені елордада тұратын қарындасым қолына алды. Сол жылы ол қарындасым да қайтыс болды. Күйеубалам басқа келіншек алған соң, оларға масыл болмас үшін осында келдім, — дейді ол.

    МОЙЫНСҰНУДАН БАСҚА АМАЛ ЖОҚ

    Жанболат ата жіптен сурет, сондай-ақ құрақ-көрпелер тігеді.

    — Анам тігінші болған. Бұл қасиет маған дарыды. Құрақ-көрпелердің оюларын кесіп-пішіп, өзім тігемін. Ал суреттерді осы жердегі Көркем есімді суретші маман салып береді, ары қарай өзім жіппен тігемін. Бір суретті аяқтауға шамамен 2 апта кетеді. Мына «Екі аққу» деген сурет өмірден озған екі қарындасыма арналған. Қазіргі уақытта экосумкалар тігіп жатырмын. Болашақта қала тұрғындары азық-түлік алған кезде дәл осындай сумкаларды қолданатыны туралы жиі айтылып жүр, — дейді ата.

    Оның айтуынша, Алматыда жиендері тұрады.

    — Жиендерім үйлеріне тұруға шақырады. Оларға қонаққа барып тұрамын, бірақ масыл болғым келмейді. Құдайдың басыма жазғаны осы болған соң, мойынсұнудан басқа амалым жоқ. Бұл жерде жағдайым жақсы, ештеңеге мұқтаж емеспін, — дейді ол.

    БҰЛ ЖЕРГЕ ӘРҚИЛЫ ТАҒДЫРМЕН КЕЛЕДІ

    Осы орайда Қарттар үйінің психологы Темірғали Сайфуллинмен сұхбаттасуды жөн көрдік.

    — Қариялар бұл жерге көбінесе қандай тағдырмен келеді?

    — Бұл жерге қариялар әрқилы тағдырмен келеді. Кейбірінің бала-шағасы болса, кейбірі бала сүймеген жандар. Өзім 55 жастамын. Осы жасқа дейін менің де көрген-білгенім, оқыған-тоқығаным бар. Қариялар соның бәрін сезе ме, әйтеуір маған өмір жолдарын, жан сырларын бүкпей айтады.

    — Адам баласы қартайған сайын жас балаға ұқсап кетеді деген қаншалықты рас?

    — Ол рас нәрсе. Бірі бала сияқты ерке болса, енді бірі өкпешіл. Сонымен қатар, өнерлі ата-апаларымыз да көп. Отбасылық жағдаймен бір апта жұмыста болмаған кезім болды. Араға бірнеше күн салып жұмысқа келсем – мені көрген қариялар жас балаша қуанып, қандай жағдайлар болғанын айта бастады. Бала сияқты болған соң оларды қуанту да, ренжітіп алу да оңай, сондықтан көңілдеріне қарап тұрамыз.

    СҰРАҚ ҚОЮ – ОҢАЙ, ЖАУАП ТАБУ – ҚИЫН

    — Осы жердегі апалардың бірі анасын, әкесін Қарттар үйіне өткізетін адамдарды түсінбейтінін айтты. Бұл туралы сіздің ойыңыз қандай? Қарттар үйін қанша мақтағанмен, ол өз үйің емес қой?

    — «Әке-шешең жынды болса – байлап бақ» деген сөз бар. Дегенмен, Қарттар үйі ашылса – қажеттілік бар деген сөз. Есімім Темір болғанымен, жүрегім тас емес. Бұл мәселе үшін мен де алаңдаймын. Әрбір жас адам отбасылы, балалы-шағалы болып, өсіп-өнгісі келетінін түсінемін, бірақ бар ойың бала-шағаңды бағып-қағу болған кезде сені де бағып-қаққан адамды ұмытып кетуге болмайды. Осы жердегі адамдар бұл жер жүріп-тұруға ыңғайлы дегенмен, іштей нені аңсап, неге өкініп отыратынын өздері ғана біледі ғой. Ешкімді сынағым келмейді, өйткені біз ешкімнің ішіне кіріп-шыққан жоқпыз. «Тағдыр» деген де ұғым бар. Пешенеге жазылған тағдырды өзгерте аламыз ба? «Неге олай етті?» деп сұрақ қою – оңай, ал түсіну, жауап табу – қиын.

    ДӘМЕК АПАНЫҢ КЕҢЕСТЕРІ

    — Осы жерде есіңізде ерекше сақталып қалған ата, апа немесе оқиғалар бар ма? — Қарттар үйіне жұмысқа орналасқан кезде Дәмек есімді апа болды. Бала сүйе алмаған соң қартайған шағында қарттар үйіне баруына тура келген. Ол мұнда 6 жыл тұрып, 90 жасқа келген шағында көз жұмды. Оны қарттар үйінде бәрі жақсы көретін. Ақылды, парасатты, жүрісі ширақ жан еді. Оның бөлмесі менің кабинетімнің жанында болды. Әр күн сайын жұмысқа келгенде менің маңдайымнан иіскеп амандасып, жұмыстан қайтқанда маңдайымнан иіскеп қоштасып, бата беретін. Өз әжемді көрмеген соң ба, Дәмек апаның орны мен үшін ерекше болды. Екеуміз жұма намазына мешітке бірге баратынбыз. Маған үнемі «Осы жердегі әр адамның өзіне ғана тән мұңы бар, өзіне ғана тән қуанышы бар. Сен олардың әрқайсысымен өз туғаныңдай жақын қарым-қатынаста бол» деп айтып отыратын. Әлі күнге дейін ол апаның ақыл-кеңестерін ұмытпаймын.

    қатысты посттар

    Экс-министрлер халық жадында несімен есте қалды?

    Табысы аз отбасыларға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр

    Фариза

    Qalayym Live жобасының экс-қатысушылары қанша ақша алғанын ашып айтты

    Фариза

    Пікір қалдыру

    seventeen − 10 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.