-6.1 C
Алматы
Суббота, 28 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Дін

    «Біз секілді Қазақстан азаматтарының көбі өліп қалды…» — Сирияда соғысқан қазақ шынын айтты

    Өздерін «Ислам мемлекетінің» сарбаздары санайтын содырлардың мақсаты не? Лаңкестік ұйымының құрамында болған Махамбет Қажипанов эксклюзивті сұхбат берді, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz сайтының дерегіне сүйеніп.

    «Бүгінде Сириядағы қанды қырғынның ортасынан 595 Қазақстан азаматы елге қайтарылды. Оның 156-сы — әйел, 406-сы — бала. Соның ішінде 32 бала жетім қалған. Сирияға қандастарымыз қандай мақсатпен аттанды? Бұл сұраққа құқық қорғау органдары жауап іздеуге кірісті. Жат жердегі қантөгісті көргендердің кейбірі сауықтыру мақсатында арнайы мекемелерге жіберілсе, кейбірі тергеліп жатыр. Қазір лаңкестікке қатысы бар 13 адам сот шешімімен түрмеге жабылды. Бейбіт елде өмір сүретін азаматтардың мұндай қадамға баруына не себеп? Бұған «Жусан» операциясының арқасында Қазақстанға аман-есен оралғандардың бірі, лаңкестік ұйымның құрамында болған, бүгіндері Қазақстанда жазасын өтеп жатқан 37 жастағы Махамбет Қажипановтың мына сұқбатынан жауап таба аласыздар», — дейді телеарна тілшісі.

    Махамбет Қажипанов, жазасын өтеуші:

    — Оның алдында бір видео қарағанмын, бір сириялық екі қызын үйіндінің астынан суырып алып жылап жатыр. «Мұсылмандар, қайдасыңдар?», — деді. Сондай видеоларды қарап-қарап, маған ой келді: «Сен осылай жүрсің ғой, ертең Алланың алдына барғанда не айтасың? Сенде бәрі жақсы, мұсылмандар болса қор болып жатыр». Сол ойым маза бермей, 2015-ші жылы аттанып кеттім. 2016-шы жылы ана жаққа барып қосылғанда бәрі басқаша екеніне көзім жетті. Жалған құжатпен Ресей, Украина және Түркия арқылы Сирияға өтттік. 2016-шы жылы сәуірде «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының содырларына барып қосылдық.

    Сириядағы соғысқа қатысуды мәртебе санадым. Сол үшін өмір қиюға да әзір болғанмын. Бірақ Шам жұртындағы шынайы өмірмен бетпе-бет келгенде бәрі тым кеш болды. Онда бауырмалдық жоқ. Ол жерде саған ешкімнің жаны ашымайды. Ол жерде ондай емес екенін ақыры түсінесің. Әлгі интернетте видеолардан көргендей емес, мүлдем басқаша. Ол жақта мұнай үшін соғысып жатқанын ұқтым. Қазақстаннан келгенде бізде бір топ болды. 2017 жылы олардан бас тартып шығатын жол іздедік, — дейді ол.

    Махамбет Орал қалалық сотының шешімімен лаңкестік ұйымның құрамында болғаны үшін 8 жылға сотталған. Темір торға түскен соң мамыражай тірліктің қадірін кеш түсінгенін айтады. «Жасаған қателігім маған өмірлік сабақ болды», — дейді ол.

    Махамбет Қажипанов, жазасын өтеуші:

    — Біз секілді Қазақстан азаматтары көп. Өліп қалды. Жан тапсырды. Өкінішті. Ол жақта көптеген ана баласынан айырылды. Біз аман-есен келдік, шамалы қалғандары сол. Ер адамдардың көбісі өліп қалған. Бізде, Оралдан 50 адам болды. Соның тек үшеуі ғана келдік. Алдымен әке-шешеңізді ойлаңыз. Білімге ұмтылу керек. Дін деген ондай емес, интернеттен оқып алып, болды, жаңа жәннат тұр дейтіндей.

    «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының құрамында болған азамат түрмеде отырса да, үмітін үзбейді. Жазасын өтеп шыққан соң қателігін түзеуге ниетті. Бар арманы – отбасы оның қателігін кешіріп, қайтадан қабылдаса болғаны.

    қатысты посттар

    Сәресіде ниет етіп, ауыз бекітіп қойғаннан кейін қайта су ішуге бола ма?

    Фариза

    «Артық кеткен жерім болса, кешірім сұраймын…»

    Тазабеков мектептерде дәріс оқуға тиым салған Білім министріне жауап берді

    Фариза

    Пікір қалдыру

    nineteen + four =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.