Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    «Lux сиськалар» — Алматы көшелерінен жезөкшелерді қуған әкім аялдамадағы жарнаманы көрмей қалды ма?

    Атың шықпаса, жер өрте… Бүгінде қара пиармен танылуды жөн көретіндердің саны артпаса, азаятын түрі жоқ.

    Кеңсеге көзі шарадай болып кіріп келген әріптесімнің айтқаны:

    «Таксиге отырып шаруаларымды бітіруге бара жатыр едім, таксист радио қосып қойыпты. Басында түрлі әндер ойнап  тұрған, бір кезде кенеттен «Люкс сиськалар» деп жарияға жар салып, жарнама басталып кетті. Түсінбей қалдым. Мұнысы нес?! Дұрыс естімей қалдым ба деп «Мынау не дейді» десем, жүргізуші жас жігіт екен, күлді де «Ия, сіз дұрыс естідіңіз, «люкс сиськалар» деп айтты» дейді. Төбемнен жай түскендей болды. Сөйтсем, жаңадан ашылған «Lux FM» деген радио конкурс бастаған екен. Ең сұмдығы, бас жүлдеге арналған сыйлық – кеудені үлкейтуге арналған пластикалық операция. Масқара… Таксист жігіттен ұялып кеттім…»

    Алғашында мүмкін емес деп ойлап, кейіннен аталмыш радионың атауын теріп, іздеп, сайтына кіріп қарап едік… Расында да , «Lux сиськалар» — дәл осындай тұрпайы атаумен өздерінің жаңадан ашылған радио каналын жарнамалап қойғанын көрдік те, жағамызды ұстадық. Конкурсқа қатысу шарттарын да жазып қойыпты. Ал өздерінің байланыс телефондары мүлде көрсетілмеген.

    «Lux сиськалар» — біздің қоғам соншалықты арзанқол әрі жеңілтек жарнамаға лайық па?! Ал мұны көпшілік тыңдайтын радиодан хабарлауда. Радионы көлікте кетіп бара жатып үлкен де, кіші де, кәрі де, жас та, бала да тыңдайды. Құлаққа түрпідей тиетін мына атау баланың немесе жасөспірімнің психологиясына қалай әсер етеді?!

    «Люкс сиськалар» деген атаумен жар салып, жалпақ жұртқа өздерін бұлай жариялау – қыздардың дене мүшесін кемсіту немесе қорлау, тіпті, әйел адамдардың, қыз-келіншектердің намысын таптау деп атауға болады. Соншалықты тұрпайы сөзбен өздеріне тыңдарман жинауды мақсат тұтқан арнайы жарнамалардың қоғамға тек теріс жағынан әсер ететіні айтпаса да белгілі.

    Соңғы уақытта ұятты тақырыптарды ашық қаузаған, әйел іздеп немесе күйеу іздеп шарқ ұрған түрлі бағдарламалар қызу талқыға түсіп, қоғам біраз дүрліккен болатын. Ал ендігісі – мына жарнама. Тіпті, айтуға ауыз бармайтын сөзді айқайлап, жапанға жар салып, оны ұтысқа салғандары – мүлде ақылға қонымсыз іс-әрекет. Ең сорақысы, мұны жасап отырған еліміздің Бұқаралық ақпарат құралдары. Иә, бұқара халыққа қызмет етуі тиіс құралдар керісінше қоғамның санасын улап, қазақ жастарының болашағына балта шабуда. Сонда олардың мақсаты не? Қоғамның осындай ұятты, арнайы нәрселерге етін үйрету ме әлде жәй ғана рейтинг, тыңдарман жинаудың қамы ма? Қазір «люкс сиськалар» деп ашық айтамыз, ал одан кейін тағы не дейміз, осылай бірте-бірте, тіпті, ұялуды ұмытып, қазақы менталитетімізді мүлде жойып алмаймыз ба?! Кеудемізді керіп мақтанатын тектілігіміз қайда қалды сонда?!

    Ең сорақысы, бұл жарнаманы қаламыздағы автобус аялдамаларына да іліп қойыпты. Көзі көрмеске де анық көрінетін бұл билбордтарды қаланың көптеген аялдамаларынан кездестіруге болады. Сонда бұл жарнамаларды ілуге қала әкімдігі рұқсат берген бе?!

    Не деген бассыздық?!

    Ал аялдамаларда мұндай жарнамалардың ілінуіне жауапты құзырлы органдар осындай бассыздыққа расымен де жол берген бе?!

    Азғындық іс-әрекеттер күн сайын көбейіп, түрлі жаға ұстатарлық жағдайлар орын алып жатқанда, мұндай ұятты жарнаманы жарқыратып іліп қою қаншалықты ақылға қонымды тірлік? Ал мұның бәрін көзімен көріп өскен келешек ұрпақтың санасы қалай қалыптасады?

    Өкініштісі, мұндай конкурсқа қатысуға өтініш толтырып, жеңіске жеткісі келетіндер жоқ емес. Әрине, кеудені үлкейту немесе басқа дене мүшесіне пластикалық ота жасату – ол әркімнің өз қалауы, жеке шешімі. Кеудені үлкейту, яғни пластикалық операцияның зардабын шеккен жандар бүгінде аз емес.

    Әрине, біздің елімізде пластикалық ота жасату өзге елдердегідей кеңінен таралмаған, қоғамда бұл мәселеге бейжай қарамайды. Алайда, үлкен мегаполистің аялдамаларында, қала берді радиодағы мұндай тұрпайы жарнамалар жас қыздардың санасын улап, қоғамның жаңа дертіне айналмасына кім кепіл?!

    Кеудені үлкейту – ол бір салонға барып қасты жұлдыру, шашты бояту немесе кірпікті жабыстырып алу секілді жәй ғана іс емес. Ол күрделі операция және оның сәтті өтуіне, отадан кейін қатерлі ісік немесе түрлі асқынулар болмайтынына ешбір дәрігер кепілдік бере алмайды.

    Денедегі кемістікті жасырып, жарақаттың орнын жою үшін пластикалық хирургияның көмегіне жүгінуге болатын шығар. Алайда, сұлулықтың кілтін пышаққа түсу арқылы іздейтіндер кейін өкініп қалуы әбден мүмкін.

    Qazweek.kz ақпарат агенттігі жоғарыда айтылған мәселеге байланысты Алматы қаласының әкімдігіне және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сауал жолдайды:

    Қаламыздағы автобус аялдамаларындағы жарнамаларға және олардың мазмұнына жауапты органдар мұндай тұрпайы жарнаманың жарыққа шығуына не себепті жол берген?

    Мұндай жарнамалар қоғамға теріс жағынан әсер етпей ме?

    Радио – бұқаралық ақпарат құралдарының бірі. Халыққа қызмет ететін БАҚ-та осындай тұрпайы атаумен науқанның жарнамалануы қаншалықты дұрыс?

    Орыс халқы өзінің күнделікті ауызекі тілінде қолданбайтын, тұрпайы сөзіне қазақ тілінің жалғауын жалғап, онымен қоймай, бүкіл елге жар салып айқайлап таныстырған жарнаманың атауына мән беріп қараған ешкім жоқ па?! Адам айтуға аузы бармайтын сөзбен өздерінің науқанын атаған бұл жарнаманы есітгенде сіз қандай күйде болдыңыз? Орыс тілінің ұятсыз сөзімен қазақ тілін, қазақ қоғамын қорлаған бұл жарнамаға қалай бейжай қараймыз?

    Белгілі болғандай, Lux FM радиосын Қазақстанға алып келген Forbes Қазақстан акционерлерінің бірі, Central Asia Media Distribution компаниясының директоры Тимур Сатыбалдин есімді бизнесмен. Lux FM радиосы – негізі Украинада қаланған медиа холдинг. Бүгінде, жоғарыда атап өткен бизнесмен оның франшизасын сатып алып, радионы Қазақстан тыңдармандарына ұсынуды көздеген екен және аталған радионың Қазақстандағы серіктесі болып келеді.

    Бизнесмен Тимур Сатыбалдин Forbes.kz сайтына берген сұхбатында өзінің жаңа бизнесіне қатысты былай деп түсініктеме береді:

    «Бұл — ұлттық нарықтың барлық ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, жергілікті бірегей өнім жасауға мүмкіндік беретін стандартқа сай емес франшиза нұсқасы екендігін атап өткен жөн.

    Біздің мақсатымыз – негізгі аудиториясы жастарды құрайтын позитивті радиостанцияны нарыққа енгізу».

    Бизнесменнің айтуынша, радионың басты контенті музыкалық және креативті бағдарламалар, позитивті жаңалықтар, түрлі науқандар мен ойындар болмақ.

    Тимур Сатыбалдин тамыз айында берген сұхбатында бүгінгі мақалаға арқау болған мәселеге қатысты да айтып өткен болатын:

    «Қыркүйек айының басында хайп науқанды бастаймыз, ол науқанға тыңдармандарымыз өз бағасын береді деп үміттенемін».

    Оның айтуынша, аталмыш радио 13 тамыздан бастап Қазақстанның жеті қаласында, Алматы, Шымкент, Атырау, Қызылорда, Түркістан, Талдықорған, Өскемен, жұмыс істей бастаған. Оны дамыту үшін $1,5-2 млн қаражат жұмсалыпты.

    қатысты посттар

    Шымкентте туристік полиция жұмыс істей бастады

    Фариза

    Қазақстанда аса қауіпті дерт таралып жатыр

    Фариза

    Көпшілікке арналған монша харам (видео)

    Фариза

    Пікір қалдыру

    thirteen − seven =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.