-13.1 C
Алматы
Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    «Құдайға да күпірлік айтып жібересің» Той мен қазаны ажырата аламыз ба?

    Сәуле Әбілдаханқызы той мен қазаны ажырата алмайтын, қазаға барғандағы көзге түсер теріс әрекеттердің дұрыс еместігін айтып сынады. Бұл туралы ол өзінің желідегі парақшасында жазды. Аталмыш ойды Qazweek.kz ақпарат агенттігі назарларыңызға ұсынады.

    Той мен қазаны ажырата білеміз бе?Бүгін Нұрсұлтан баламыздан айырылғанымызға 1 жыл болды…
    Былтыр әулетіміз қыршын кеткен боздақтарымызды бірінен соң бірін жоқтап жатқан осы күндері кейбір қаскөйлер осы желіде ту сыртымнан қанжар сұққылап жатқан еді… Айтайын дегенім ол емес… Өз балам қайтқаннан кейін біраз уақыт есімнен айырылып, еңсемді көтере алмай қалсам да, қырқынан кейін қаза туралы бір ойлар мазалаған, жазам деп те ойлағанмын… бірақ өзімді тежеген едім…

    Одан кейін араға тура 8 ай салып, құлынымның егізіндей боп өскен Нұрсұлтан баламыздан айырылдық… сол кездері де қаза туралы сол алдыңғы ойларды, дегенмен, жазу керек деп ойлап… тағы да тоқтағанмын…

    Бүгін Нұрсұлтанымызды еске алғанда, сол ойларды, дегенмен, өздеріңізбен бөлісуді жөн санадым. Сөздерімнің ой салар дұрысы болса, болашақта ескерерсіздер. Түкке керексіз ойлар деп тапсаңыздар, артық сөз айтпай-ақ, аттап өтіп кете берерсіздер…

    Соңғы бір жарым жылда қатарынан бірнеше ет жақынымды ақтық сапарға шығарып салу барысында мені қазақтың көп мінезі сүйіндірсе, көп қылығы күйіндірді.

    Қазаны атқару барысында қазақтың Қазақ деген ұлт ретінде мені сүйіндірген қасиеттері мыналар еді:

    1. Бауырмалдығымыз, мейірімділігіміз. Жақын да, жат та, қабырғасы қайысып, алыс-жақыннан ағылып кеп бірге жоқтасқаны; бір адамның, бір отбасының, бір әулеттің басына түскен ауыр қайғының бар ауыртпалығын бір кісідей көтеріп алатын қазақтың дархан мінезі өзге ешбір ұлтта жоқ шығар;

    2. Есің кіресілі-шығасылы боп, кісі танымай отырған күндеріңде қасіретіңді жеңілдетудің сан тәсілін Қазақ қана меңгерген сияқты: асылыңды өз асылындай бірге жоқтайды, бірге жылайды, артынан сабыр айтып, Құдай сөзін айтып, қайта-қайта Құран бағыштап, Пайғамбарлар өмірі мен хадистерден мысал айтып, қайғыңды жеңілдетеді, небір аңыз-әңгімелерді еске алып, азап арқалаған жаныңды жұбата да біледі. Тіпті, бір уақ көңіліңді көтергісі келіп, еріксіз езуіңе күлкі үйірер әзіл әңгімелерді де дер кезінде там-тұмдап жеткізіп, «емге» пайдалана біледі.

    Қос перзентін бірінен соң бірін жерлеп, ішпеген уы қалмаған Абай өмірден баз кешіп, түңіліп теріс қарап жатып қалғанда, ешкімге бас көтермей қойған Әкені Қиясбайдың қиястай айтқан екі ауыз сөзі орнынан тұрғызбап па еді…

    3. Қырық күнге дейін, тіпті, қазаның жылы өткенше жалғыз қалдырмайды, әркез ет жақындарың қасыңда болып, келімді-кетімді кісілеріңді бірге күтіседі.

    4. Бірінен кейін бірі «көңіл шайға» шақырып, ақ орамалын иығыңа жауып, қайғыдан қан жұтқан көңіліңді аулайды, қасірет қарайтқан жүрегіңді ағартады, жаныңды жұбатып, қайғының өзінен кеудеңе хикмет ұялатады…

    5. Зар еңіреп отырып, не айтып, не қойғаныңды білмейсің, ақыл-есің кіресілі-шығасылы… тіпті, Құдайға да күпірлік айтып жібересің… соның бәрін түсіністікпен қабылдап, терең күрсінісіп, сөз ұстағандар тиісті сөзді дәл тауып жұбата отырып, есіңді жиғызады…

    6. Қатты дабырламай, сыбырласа сөйлесіп, бір-бірін қас-қабақпен ұғысып, аяғының ұшымен жүріп, қаралы үйге құрмет көрсетеді…

    7. Қырқына дейін, әр бейсенбіде иіс шығарып, құран бағыштағанда, жақын-жұрағаттар шақыру күтпей-ақ, өздері келе береді. Тіпті, балам қайтқанда ең жақын адамдарым «келесі бейсенбілігінде дастарханды біз жаямыз» деп, кезек-кезек өз мойындарына алғанда, амал жоқ, келісе отырып, қазағымның, жақын адамдарымның көл-көсір көңілдеріне тілекші болдым.

    8. Ет жақындарың, көрші-қолаң жұмыла кетіп, бірі — жетпей жатқан ыдыс-аяғыңды жеткізіп, бірі — көрпешелерін әкеп төсеп… келіндер мен жеңгелер әрқайсысы өз міндеттерін бөліп алып, керекті тірліктің бәрін соңына дейін атқарысып салатыны да қайғылы жаныңа демеу…

    9. Тіпті, енді қайтып көріспестей кетіскен жандар, бәрі болмаса да, бірен-сараны төбе көрсетіп, көңіл айтады… бұл да қазақтың қазаны құрметтеген дархан пейілі шығар…

    Мені ойлантқан (күйіндірген) қылықтар:

    1. Балам қайтқанда мейрамханада қонақасын ұйымдастырғандарға айттым, «балам 80-90-да емес, жас кетіп отыр… той емес… ас та төк дастархан жасамаңдар, салат деген мүлде болмасын, тек қияр-помидор болса, жарайды… шелпек-бауырсақ, кәмпит-печенье, өрік-мейіз болса, болды…» деп. Жас қазаға барғанда тамағымыздан бір түйір ас өтпейтіні рас қой… кәрі адамның қонақасы болса, бір жөн, «жасын берсін» деп ырымдайтын қазақпыз… Баламның қонақасында шеттегі столға көзім түсті, 2-3 түрлі салат қойылған сияқты… дастархан той дастарханы сияқты… Той мен қазаны ажырата алмайтын халге жеттік…

    2. Қазаға келгендердің ішінде кейбір сылқым әйелдер барынша сәнденіп, бар жылтырын үстіне жапсырып, қызылды-жасылды киініп, боянып-сыланып алғанын байқайсың… «Тойға келдім деп келген бе…» деп ішіңнен жиырыласың… сіркең су көтермей отырғанда қызылды-жасылды түс көзіме жаман көрінген еді…

    Өз басым, қандай қазаға барсам да, сырға-сақиналарымды шешіп, барынша қазаның атмосферасына лайық қоңырқай, сұр түсті, тоқ жасыл, сиякөк, (кейде қара) киім киемін.

    3. Сырға-сақина демекші, өз басым, баламның қазасынан кейін жылы өткенше, жылынан кейін де сырға-сақина мүлде таға алмай қалдым. 2 айдан кейін «Мақпалдың мекені» бағдарламасына қонаққа шақырғанда, сондағы қыздар қоярда-қоймай құлағыма «түсірілімге мына сырғаны тағыңызшы, құлағыңыз тым сымпиып тұр» деп, бір сырғаны құлағыма таға тұрды. «Таққым келсе, өзімде сырға жоқ дейсің бе?..» деп, қолын қайтарып тастағым келді. Бірақ олай істей алмадым… «Жоқ, қажет емес…» демесіме қоймады, сосын үнсіз келістім… ішімде ит ұлып жатқанын өмір көрмеген ол жап-жас қыз қайдан білсін…

    Өзім о бастан жылтыраққа әуес емес едім… Қазір де, анда-санда болмаса, көп таға алмаймын… Жақынын жоғалтып отырып, алтын-бриллианттарын шешпей, киімін «подсвет» ғып, сәнді киінетіндер де болады…. Әрине, мен оларды кінәламаймын. Әркім әртүрлі. Қайғыны да, қуанышты да әркім әрқалай қабылдайды… Мен, мүмкін, тым «ескіліктің» адамы шығармын… мүмкін, тым әлсіз шығармын… тіпті, тырнағымдағы бояу да 10 келідей артық салмақ көрініп, еңіреп отырып өшірдім…

    4. Қазаға ішіп келетіндерді көрдім… Ішіп алған болсаңыз, қасіретке тұншығып отырған адамның қасында ұзақ отырмаған жөн… арақ иісі қолқаңды қауып, ауа жетпей, тынысың тарылып отырғанда одан сайын тұншықтырады… қазаға кейін де баруға болады…

    5. Қазаға барғанда қазақ бір-бірімен «сәлеметсіз бе!» деп сәлемдеспегені дұрыс. «Қазаның арты қайырлы болсын!» деп амандасқан, көріскен жөн. Мейлі, ол әулетке бөтен адамдар болса да…

    6. Қайғыдан қан жұтып отырған Анаға (ет жақындарына) «Қалайсың?» деген сөз құлаққа түрпідей тиеді… Қалай екенін көріп тұрып, «қалайсың?» деп мүлде айтуға болмайды…

    7. Барынша жай сөйлеу керек… Қайғы жамылып отырған адамдардың көңілін сәл де болса сергіту үшін езу тартқызар әңгімені де абайлап айтқан дұрыс… күлдіргі әңгімеге күлгендер де тым қатты күлмей, жайырақ күлсе, артық емес.

    8. Бала кезімізде біз жақта (Оңтүстікте) қаза шығып жатқан үйде (сүйекті жерлеп келгенше) от жақпайтын, қазан аспайтын. Көршілер үйінен анау-мынау әкеп, бір мезгіл шай беріп, әлдендіретін. Алыстан келген қонақтарды да, қонақасына дейін көршілер өз үйлеріне бөліп әкетіп, ас-су беретін. Мен ауылдан ерте кеттім. Ол дәстүр сақталды ма, сақталмады ма, білмеймін. Өзбектерде әлі күнге дейін сақталған. Соңғы жылдары сол дәстүрдің керемет жақсы дәстүр екеніне көзім жетті….

    9. Қазаның жетісіне дейін, тіпті, қырқына дейін адам аяғы үзілмейтіні де жақсы дәстүр. Тек түнгі 12-ден кейін, және таң атпай 6-7-де бармаған дұрыс. Күндіз-түні жылап-еңіреп отырған адамдар бір сәт талықсып ұйықтап кететіні де рас. «Ұйқы — арсыз» деген… Сондықтан оларға бір сәт тынығу керектігін де ойлаған жөн… Өз басым, бірнеше күн ұйқысыздыққа шалдықтым… дей тұрғанмен, түнгі 12-ден кейін шырағымды жағып, баламның суретімен тілдесіп, бөлмесінде жалғыз қалғым келді де тұрды…

    10. Қазада, тойға барып тост сөйлегендей, көп сөйлеудің керегі жоқ… ары кетсе, үш-төрт адам, аз да саз сөйлесе, жетеді… әсіресе, жас өлімде… Қонақасын жүргізетін адам да әр сөзін ойланып сөйлегені дұрыс. Сондықтан, қонақасын жөн білетін адамға жүргіздіру керек…

    11. Дегенмен, қазаның аты — қаза. Жас өлімнің аты — жас өлім… Қазақ 70-80-90-ға кеп қайтқандарға, бәлен жылқы сойып, дүрілдетіп ас берген. Ал мен жап-жас періште-құлыныма кафе-мейрамханада олай ас бергім келген жоқ… Жылын үйде бердім… Құран баламның өз шаңырағында көбірек оқылса екен дедім… Күнұзақ, түнгі 11-12-ге дейін келіп-кетушілер көп болды… Ешкім сынап кетпеген шығар…

    12. Жұбату үшін келіп, жылатып кететіндер де болады…

    13. Менің баламның өліміне менің өзімді кінәлағандар да табылды. Егер солай болса, бұ дүниенің тозағы түк емес, о дүниенің тозағының жетінші қабатында күюге де дайынмын.

    14. Ал жақынынан айырылып, қайғы-қасіреттің уын жұтып отырған адамдардың ту сыртынан қанжар сұққылайтындар — қазақ емес, хайуандар дер едім…

    Сондықтан менің айтып отырғандарым дұрыс па, бұрыс па, білмеймін. Көрген-білгеніммен, көңіліме түйгеніммен бөліскім келді. Ой таразысына салып, керегін аларсыздар, керек емесін «ысыра» саларсыздар…
    Менің басымдағы қайғыны ешқайсысыңыздың басыңызға бермесін! Қуаныштарыңыз көп болсын! Қазаның құранын емес, тойдың ақ батасын көп тыңдау бұйырсын Сіздерге!..

    қатысты посттар

    Табысы аз отбасыларға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр

    Фариза

    Күніне 100 тонна мұнай Қазақстаннан Қырғызстанға заңсыз тасымалданған

    Фариза

     «Ішін қатты басып, көкбауырын жарып жіберген» Атырауда жүкті әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    nine + eight =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.