Суббота, 9 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    «Сезім болмаса, адам жүре ме?» Қарттар үйіндегі ғашықтардың жантебірентерлік әңгімесі

    Елорданың қарттар үйінде жалғыз қалған қариялар аз емес. Дегенмен, олардың арасында дәл осы жерде өмірлік серігін тапқандар, тіпті, алғаш рет ғашық болғандар да бар. Бұл жайында Qazweek.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап жазады.

    Бұл жолы Sputnik Қазақстантілшісі 68 жастағы Болат Азнабаевпен танысып, арбаға таңылған Дина Лямқадыроваға қалай ғашық болғанын біліп қайтты.

    «Жазыңыз, жазыңыз, бұл кісі — өте жақсы адам»

    Бас кезінде біз Болат ағаның ғашықтық сезімі туралы білмедік. Оның өмірлік жолын ғана жазамыз деген ой болды. Мекеме қызметкерлері де «Ол кісі Жоғарғы сотта істеген» деп, бізді бұрынғы лауазымды тұлғаның бөлмесіне бірден алып барды. Бірақ оның бөлмесі жабық болып шықты. Қалаға шығып кеткен шығар дедік. Бір кезде дәліздің арғы жағында арба итеріп келе жатқан ер адамның сұлбасы көрінді. Осы кезде мекеменің Ақмарал есімді қызметкері: «О, бұл кісі осында екен. Дина екеуі далаға серуендеп қайтқан ғой», — деп ақырын ғана сыбырлады.

    Болат ағаның бөлмесіне кіріп жайғастық. Екі жағында — кереуіт, бұрышта — тоңазытқыш, ортада — тамақ ішетін үстел. Бөлменің іші таза, жарық. Онымен бірге тағы бір кісі тұрады екен. Бірақ ол күні орнында болмады, қалаға кетіп қалған.

    Біз қонаққа не үшін келгенімізді айттық. Ол кісі сұқбаттың жарияланатынын естігенде: «Не айтамын? Ұят шығар, сұқбат бермей-ақ қояйын», — деп қашқақтай бастады. Осы кезде арбада отырған келіншек артқа қарай жүрді де, бөлмеден шығып бара жатқанда: «Жазыңыз, жазыңыз, бұл кісі — өте жақсы адам. Кез келген адамға көмек беруге дайын тұрады», — деп артына қарады да өз бөлмесіне қарай кетті. Осы кезде ағаның сәл қызарып қалғаны байқалды. Мына жақтан Ақмарал да қолқалағаннан кейін Болат Азнабаев сұқбат беруге келісті.

    «Жоғарғы соттың жалпы бөлімінде қызмет еттім»

    «Мен құжат бойынша 1951 туғанмын. Негізі, одан бұрын дүниеге келгенмін. Шешем «паспорт столында» бастық болған ғой. Мені әскерге кештеу барсын деп, туған күнімді алға қарай жылжытып жазған. Шын жасым 70-тен асып кетті. Әкем милицияда істеді. Жұмыс бабымен Целиноградқа ауысқаннан кейін біз де Жолымбеттен осында көшіп келдік», — деп бастады Азнабаев өз әңгімесін.

    Болат аға мектепті де, оқуды да тың игеру өлкесінде бітірген. Мәскеудің түбінде әскери борышын үш жыл өтеп келді.

    «Целиноградтың инженерлік-құрылыс факультетінде оқыдық. Одан кейін Алматыдағы бүкілодақтық энергетика институтында білім алдым. Қазақсельмашта бастықтың орынбасары болдық. Сосын Жоғарғы соттың жалпы бөлімінде қызмет еттім. Сол жерден зейнетке шыққанмын», — дейді Азнабаев.

    Болат аға соттан неге кеткенін де айтты. Оның айтуынша, адамның жүйкесін тоздыратын жұмыс көп болған.

    «Лауазымды тұлғалар келетін, шу шығаратын. Біз айтамыз, заң бойынша оған бағынбайтынымызды айтамыз. Келдің бе, дұрыс сөйле. Сонда да тыңдамайды ғой. Шынымды айтсам, содан шаршап кеттім», — деп еске алады Азнабаев.

    «Үйдің жалғыз баласы болдым»

    Болат ағаның әкесі ерте қайтыс болған. Ал анасы бертін келе о дүниелік болып кетті.

    «Менде ешкім жоқ. Үйдің жалғыз баласы болдым. Бір рет үйленгенмін. Әйелім қайтыс болды. Балаларымыз болмады», — деп қысқа ғана қайырды Азнабаев.

    Осыдан кейін бір шаруамен асығып тұрғанын жеткізді. Динаның Алматыға дайындалып жатқанын, соны шығарып салу қажет екенін айтты. Осы кезде әңгімеге Ақмарал араласты.

    «Билеті ертең емес пе? Қыдыру керек десеңші. Қит етсе, Динаға асығып тұрасыз. Қазір бұл кісінің басы махаббаттан айналып жүр. Сондықтан басқасын сұрамай-ақ қойыңыз», — деді Ақмарал.

    Осы кезде Болат ағамыздың көңілі жадырап сала берді. Жас баладай ұялып, бір жерде отыра алмай, тыпырши бастады. Сөйтсек, күнде солай, бос уақыты болса, Динаға асығады. Ол туралы сұраса, күле береді. Ал жауап бергенде дауысы дірілдеп кетеді.

    «Б» блогының күйеу баласы

    «Біз Динамен осы жерде таныстық. Әрине, сезім бар. Сезім болмаса, адам жүре ме? Динада бәрі ұнайды. Өзі өте байсалды. Ай, сен бұның бәрін жазбай-ақ қой (күлді)», — дейді Болат аға.

    Дина бала кезінен арбаға таңылған. Тобығына бірнеше рет ота жасалса да, әлі өз аяғымен жүре алмайды. Жасы 50-ден асты. Тұрмысқа әлі шықпаған. «Мына кісі өзі Динаның аяғына массаж жасайды», — дейді Ақмарал. Осы кезде Болат аға қызарып, қатты ұялып кетті. Сөйтсек, қазір Азнабаевты өз бөлмесінен ұстау қиын. Бізге сәттілік серік болды ма, қонаққа келгенде Дина екеуі алдымыздан шыға келді.

    «Болат ағамыз ылғи «Б» блогында жүреді, ана жақтың күйеу баласы болып кетті. (күлді). Жұма сайын мешітке барады. Жаман әдеті жоқ. Таң атпай кетеді. Түнгі сағат 12-де қайтып келеді. Екеуін үйлендірейін десек, Дина ойланып жүр. Тағдырдың жазуы шығар, екеуі осы жерде кездесті. Негізі, бізде бірге тұруға рұқсат бар. Екеуі ресми түрде некеге тұрса, бөлек бөлме береміз», — дейді Ақмарал.

    «Шын ғашық болып отырғаным бірінші рет… «

    Болат аға екеуін фотоға түсіргенде Динамен тілдесудің сәті түсті. Ол Алматының тумасы екен. Бала кезінен жүре алмағаннан кейін үнемі ота жасайтын дәрігерлерді іздеумен болды. Алматыда бірнеше рет операция жасатты. Бірақ одан нәтиже шықпады. Кейін астанада бір дәрігерлерді тауып, осында келді. 

    «Бала кезімде бір қадам жасаймын да, құлаймын. Содан ылғи жарақат аламын, аяғым сынады. Биыл ақпан айында ота жасады, гипс салды. Дәрігерлер үнемі қаралу қажет деді. Сөйтіп, осында келдім. Тағы бірнеше операция бар. Тізеге, табанға ота жасауы тиіс. Алматыда анам бар. Ол жалғыз тұрады», — дейді Дина Лямқадырова.

    Сол күні Дина Алматыға баруға дайындалып жатқан. Бірнеше айдан кейін елордаға қайтадан келемін дейді. Болат ағамыз осыны біле тұра, үнемі Динаның қасынан табылуға тырысты. Ал жеке-дара сөйлескенде алғаш рет ғашық болып отырғанын да айтып қалды.

    «Енді, шын ғашық болып отырғаным бірінші рет, шын сезім екенін білемін. Кейбіреулер өмір бақи арбамен жүресің бе дейді. Мен айтамын, онда тұрған несі бар? Жақсы көріп тұрсаң, еш нәрсеге қарамайсың. Дина екеуіміз қалаға шығып тұрамыз, саябаққа, театрға барамыз. Бақытты жандар уақытқа да, жасқа да қарамайды», — дейді Болат Азнабаев.

    Біз қарттар үйінен шығып бара жатқанда дәрігер маман Динаны процедураға шақырды. Болат ағамыз әдеттегідей оны жалғыз жібермей, арбаны өзі итеріп, дәрігердің кабинетіне алып барды.

    қатысты посттар

    Шетелдіктерге жалға берілген жерлер 2025 жылға дейін мемлекетке кері қайтарылады

    Фариза

    Қызылордада археологиялық қазба жұмыстары басталды

    Фариза

    Елімізде құстардан бөлек жылқылар қырылып жатыр (видео)

    Фариза

    Пікір қалдыру

    16 − 10 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.