Жамбылдықтардың жыл он екі ай көлемінде ыстық суды пайдаланатын күні алыс емес. Енді тұрғындар алдағы қыс мезгілдерінде жылу жүйесіне де шағым айтпайтын болады. Ал, бұдан бөлек облысқа сырттан тартылатын электр энергиясының көлемі де кемімекші. Осылайша, жылдар бойы күрмеуі тарқатылмай келе жатқан мәселелер шешімін таппақ. Ол үшін шет елден инвесторлар тартылып, жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Осылай деген, сала мамандары Тараз энерго орталығында шет елдік компания өкілдерімен бас қосып, жұмыс барысын талқылады. Оған себеп те жоқ емес еді. Көктем біте салысымен облыс орталығында ыстық су өшірілетін. Бұл шахар тұрғындары тарапынан талай рет сынға ұшырады. Себебі, қалада тұрамыз деген аты болмаса, ауылдан еш айырмашылығы жоқ деп қынжылды жұрт. Айта кетейік, бұл тұрғыда 55 жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан Тараз энерго орталығының қазір әбден тозығы жеткен. Барлық құрылғылар мен жабдықтар жаңалауды қажет етеді. Орталық өкілдерінің осы басқосу барысында сол модернизациялау мәселесі қаралып, алдағы он жыл ішінде қайта құру жұмыстарын шет елдік компания өкілдерімен бірлесе отырып шешу мәселесі талқыланды. Осылайша, инвесторлар «Тараз энерго орталығымен» бірлесе іс атқаруға қызығушылық танытып отыр. Жаңадан келіп жатқан Арабиялық компаниядан бөлек, мекеме Ресей және Қытайлық әріптестерімен де жақсы байланыс орнатқан. Жан-жақты жұмыс істейтін біздің компания энергожүйелердің құрылысымен айналысады. Біз энерго жүйелерін құрып тарататын, сонымен қатар халықаралық деңгейде жұмыс жүргізетін бірден-бір өндіріс орнымыз. Қазір әлемнің түкпір –түкіпірімен бірлесіп жұмыс атқаратын мекемелеріміз бар. Ал, бүгінгі Таразға келу мақсатымыз, осындағы электр жүйесін жаңарту дейді мердігер компания өкілдері. Сондай-ақ, бірлескен шаруа аймақта электр энергиясымен қамтуға да сеп болмақшы. Қазір қажетті энергияның басым бөлігін Павлодар, Екібастұздағы стансалардан қомақты қаражатқа сатып алудамыз. Осы мәселені бір жақты ету үшін, инвесторлар арқылы облыста қуатты энерго орталық пайда болады. Нәтижесінде, өңір тұрғындары жыл он екі ай электр энергиясы мен ыстық судан, қыстың күні жылудан қол үзбейді деп күтілуде. Осылайша, шаһардағы энерго орталық толықтай жөндеу көріп, жаңа технологиялар қолданысқа беріледі. Баға айырымы төмендеп, тұрғындарға да тиімділік қарастырылады. Ең бастысы қазіргідей жыл сайын ескі құбырларды қайта жөндеу, соның салдарынан көшелерді қазып тастап, тұрғындарға қолайсыз жағдай туғыз мәселесі түпкілікті шешімін таппақ. Оның үстіне жылдың 12- айында ыстық судың болуы Тараздықтар үшін көптен күткен қуаныш болатындығы жасырын емес.