Еліміздегі агросаланы дамытуда қазңр басым бағыттың бірі – мал шаруашылығын дамыту болып отыр. Яғни, әр адам немесе әр шаруа қожалығы қолындағы малын асылдандыру арқылы одан мол өнім алуды көздейтін болса оған мемлекет тарапынан да қолдау болады. Сол үшін де ауыл тұрғындарына бүгінде мүмкіндік те мол деп айтуға болады. Еліміздегі ауыл шаруашылығы жерлерінің 4/3 бөлігін қазір жайылым алқаптары алып жатыр. Осындай, Мемлекеттік маңызы бар бағыттың дамуына Әулиеата өңірі де өзіндік үлесін қосып келеді. Мәселен, Жуалы ауданындағы «Төлеген» шаруа қожалығы Чехия елінен 64 бас «Симментал» деп аталатын мүйізді ірі қара тұқымын әкелді. Кәрі құрлықтан келген Зеңгі баба тұқымын шын мәнісінде асыл тұқымды төрт түлік деп айтуға болады. Жамбылдың ет бағытында жұмыс істейтін шаруашылықтарының әлеуетінен қазір үміт көп. Өйткені, аймақтың бұған толығымен мүмкіндігі жетеді. Әсіресе экспорт деңгейімен қарасақ, шаруалардың да діттегені ет бағытын дамытып қана қоймай, төрт түлікті асылдандыру. Осы істі бір жолға қойған «Төлеген» шаруа қожалығы бұған дейін де «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 200-ден астам мүйізді ірі қара малын алып үлгерген. Ал, әкелінгеніне 2-3 күн болған «Симментал» тұқымды сиырлар ет және сүт бағытын дамытуға сеп болмақ. 2011-ші жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шаруашылықтың иелігінде 300 гектар дан астам егістік, 600 гектар жайылымдық жер бар. Сондықтан шаруаның мал басын өсіруге мүскіндігі мол. Ал, облыс бойынша бұл бағытағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұдан бөлек, Жуалы ауданы бойынша 43 мың бас сауылатын сиыр бар болса, сүт өңдейтін 4 зауыт бар. Ал, жыл басынан бері «Сыбаға» бағдарламасы бойынша аталған ауданда 3 шаруа қожалық сиыр сатып алған. Еуропаның Чехия елінен алып келінген мүйізді ірі қараның Жуалы жеріне жерсініп кетуіне мүмкіндік мол.Өйткені екі жақтың ауа-райы, климаттық ахуалы ұқсас. Ал, Жамбыл облысына биылғы жылы 4 мың бас асыл тұқымды мал әкелінеді деп жоспарланса, қазіргі уақытта соның 3 мыңы орындалған. Алдағы уақытта қалған мың басы тасымалданады деп жоспарланып отыр. Облыста соңғы жылдары мал шаруашылығын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Оның ішінде асыл тұқымды мал басын көбейтуге көптеп көңіл бөлінуде. Нақты цифрларға тоқталатын болсақ. Мәселен: аймақта 4 млн 292 мың мал басы бар екен. Ал, оның 446 мыңы мүйізді ірі қара. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде асыл тұқымдылар ірі қара үлесі 27 пайызға жетіп отыр. Бұл осыдан үш жылғы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Өйткені, ол кезде Жамбылда асыл тұқымды шаруашылықтардың да саны аз еді. Ауылшаруашылығы мамандарымен жүргізілген тыңғылықты жұмыс пен мемлекет тарапынан болған үнемі қолдаудың арқасында қазір өңірімізде малын асылдандырушылар көбейді. Бұл қуантарлық жаңалық. Себебі, сізге әр қайсысы бес литрден сүт беретін қарапайым 5 сиыр ұстағанша біреуі 25 литр сүт беретін асыл тұқымды сиыр ұстаған тиімді болмақ…