Ырғызбай Досханаұлының туған жерінде өтіп жатқан «Тұғыры биік Тарбағатай» халықаралық фестивалі әлемнің әр түкпірінен келген спортшылар мен тіл жүйріктерінің басын қосты. 14 маусым күні ШҚО әкімі Даниал Ахметов Тарбағатай ауданына келіп, облыс ақсақалдарымен кездесті.
Фестиваль аясында үшінші облыстық ақсақалдар форумы өтті. Аймағымыздың барлық аудан мен қалаларынан 50 ақсақал келіп, жастар тәрбиесі мен қазақ елінің салт-дәстүрін дәріптеу сұрақтарын талқылады.
Фестиваль аясында жеті жыл қатарынан қазақша күрестен Гран-при халықаралық турнирін өткізу дәстүрге айналып отыр. Биыл өз күштерін сынасуға 30 мемлекеттің спортшылары келді. Бірінші күні балуандар салмақ өлшеуден өтіп, 70, 80 және 80 келіден жоғары салмақта жарысқа түсіп, бақ сынасты. — Халықаралық Гран-приге бірнеше жыл қатарынан қатысып келеміз. Осы жолы Өзбекстанның 3 чемпионы 70 және 90 келі салмақта еліміздің намысын қорғайды. Бүгін мықтылар анықталады. Барлық қатысушыларға жеңіс тілейміз,- деді Өзбекстан командасының өкілі Шавкат Мирзакулов.
Аймақ басшысы қазақ күресінен спорттық жарыс көшпенділердің халықаралық ойындарына енгізу қажеттілігін атап өтті.
Айта кетсек, бүгін Ақсуат ауылында қазақ күресінен әлемнің 90 спортшысы үлкен додаға түседі. Алғаш рет жарысқа Италияның спортшылары қатысады. Сонымен қатар «Qazaq promotion» компаниясының және әйгілі боксшы Қанат Исламның ұйымдастыруымен кәсіпқой бокстан турнир өтеді.