Белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембай президент сайлауын қоғамның үлкен жеңісі деп есептейді.
Марғұлан Сейсембайдың пікірінше, оппозиция атынан президент сайлауына түскен Әміржан Қосанов халықты алдап кетті.
«Қосанов алдап кетті. Онымен сайлау алдында кездескенiмде: «Сайлауға қатысамын» деді. «Не үшiн?» деп сұрағанымда: «Бұл жүйеге ұрыс беру керек» – деп үн қатты. Бермедi. Мен оның жеңе алмайтынын бiлдім. Оған жеңiстi ешкiм әкелiп бере салмайтынын да түсiнгенмiн. Бірақ Әмiржан ең құрығанда ұрыс бередi деп үміттенген едім», – деп жазды Марғұлан Сейсембай Facebook-тегі жеке парақшасына.
Оның айтуынша, Әміржан Қосановтың саяси келешегі жоқ.
«Әміржан Қосанов елiмiздiң тарихында бiрiншi рет шынайы халықтың батыры — таңдаулысы болатын мүмкiндiктi қолдана алмады. Сондай-ақ жиырма жыл бойы жинаған абыройын бiр күнде жерге төгiп тастады. Оның саяси келешегi жоқ.
Мен Қосановқа дауыс берiңдер деп үгiттеген жоқпын. Қосановқа дауыс беру арқылы билiкке өзiмiздiң наразылығымызды көрсетiп, оларды саяси реформаларға итермелеуге болады деп айтқанмын. Осы сөзiм жалған ба? Билiк наразылығымызды көрген жоқ па? Халық Қосановты — протестті жақтаушылардың санын көрген жоқ па? Мәселе тұлғада емес. Бiз қоғам, Қосанов арқылы бiз мақсаттарымызға жеттiк қой. Бұл үлкен жеңiс деп есептеймiн», – деді Марғұлан Сейсембай.