❓ҚАДІР ТҮНІ ҚАШАН БОЛАДЫ?
Жауап: Қадір түні — Рамазан айының соңғы он түнінің бірі. Яғни, он түннің біріне жасырылған. Ал 27-түн — Қадір түні болуы ең ықтимал түн.
❓ҚАДІР ТҮНІ ҰЙЫҚТАМАУ КЕРЕК ПЕ?
Жауап: Қадір түні мүмкіндігінше ұйықтамаған дұрыс. Мақсат — тек ұйықтамай, ояу жүру емес, дұрысы дұға-тілек жасап, ренжіткен адамдарды кешіріп, намаз оқып, садақа беру, ізгілікке ұмтылу.
❓ҚАЙ УАҚЫТТА БАСТАЛЫП, ҚАЙ УАҚЫТҚА ДЕЙІН ЖАЛҒАСАДЫ?
Жауап: Ол күн батып, ауыз ашқан сəттен бастап, таң ататын уақытқа дейін жалғасады.
❓ҚАДІР ТҮНІ ҚЫДЫР АТА КЕЛЕ МЕ?
Жауап: Қадір түні де, басқа түні де Қыдыр ата келмейді. Ол — қате түсінік. Қадір түнін дұға, тілек, құлшылықпен өткізген адамға бір жыл бойы береке-бақыт, байлық, ырыс-несібе келеді.
❓»ҚАДІР» ДЕГЕН СӨЗДІҢ МАҒЫНАСЫ ҚАНДАЙ?
Жауап: Қадір деген сөз «қадірлі» жəне «өлшем», «тағдыр» деген мағыналарды береді. Ол сөздер бұл түннің аса қадірлі екенін жəне адамның бір жылдық тағдыры өлшеніп берілетін сəт екенін білдіреді.
❓ҚАДІР ТҮНІ ДАСТАРХАН ЖАЙЫП, ЕСІК-ТЕРЕЗЕЛЕРДІ АШЫП ҚОЮ КЕРЕК ПЕ?
Жауап: Қадір түнінің құрметіне дастархан жаюдың қажеті жоқ. Үйге жақсылық кіреді деп есік-терезелерді ашып қою да — қате түсінік. Керісінше, Алла сіздің дұға жасап, намазға жығылып, кешірімді, мейірімді адамға айналғаныңызды қалайды. Бұл түні сізден өзгеріп, мүлде жақсы адамға айналғаныңызды күтеді.
❓ҚАДІР ТҮНІНДЕГІ ЕҢ ЖАҚСЫ АМАЛ ҚАНДАЙ?
Жауап: Қадір түнгі ең жақсы амал — Құран оқу, аудармасын оқып, мағынасын түсінуге ұмтылу. Дұға жасау (тілек тілеу), намаз оқу, ата-ананы қуанту.