-6.1 C
Алматы
Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Билік және саясат

    «Сайлау әділетсіз өтсе, халық алаңға шығатынына кепілдік беремін…» (видео)

    Айтыскер ақын Ринат Заитов Адырна ұлттық порталына сұхбат берді
    деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

    Сұхбат барысында Ринат Заитов қазіргі қоғамда болып жатқан өзекті мәселелер төңірегінде айтты. «Шындықтан қашып құтыла алмайсың», «Әділ сайлау үшін», «Менің өз таңдауым бар» деген түрлі баннерлер арқылы өз ойын білдіріп, қамалған белсенділерді қолдайтынын айтқан ол алда келе жатқан кезектен тыс президент сайлауы туралы пікірін білдірді.

    Ақынның айтуынша, алда келе жатқан сайлау – Қазақстан қоғамын сананың серпіліп, қоғамның бір сілкінуіне әкелетін сайлау.

    «Бұл сайлаудан үлкен өзгеріс күтемін. Бұл сайлау — Қазақстанда сананың серпілуіне, қоғамның бір сілкінуіне әкелетін сайлау. Өйткені бізді 30 жыл билеген басшы ауысқаннан кейін қоғамның өз таңдауы өзіне берілді. Сондықтан бұл сайлауға міндетті түрде қатысуымыз керек. Бұған дейінгі сайлауларда бізді өтірікпен әлдилеп, өздері кімге дауыс бергізгісі келсе бергізіп, өз дегенін істеп келген үкімет енді осы сайлауда олай істей алмайтын шығар деп ойлаймын. Істейміз деп ойлап та отырған шығар мүмкін. Бірақ қараша халық қазір ойланды, оянды. Түгелдей болмаса да халықтың басым бөлігінің оянғанын аңғаруға болады айналадан»,- деген Ринат Заитов алда келе жатқан саяси дода турасында шығарған су жаңа өлеңін де оқып берді:

    «Қазақстан тұрақ емес бір күндік,

    Отан үшін біз биікке ұмтылдық.

    Оян, қазақ, көтер басты, есті жи!

    Осы сайлау ең ақырғы мүмкіндік.

    Біздің таңдау – көк байрақты құлатпау,

    Біздің таңдау – ұлтқа қарыз сұратпау.

    Біздің таңдау – балаларды өлтірмеу,

    Біздің таңдау – аналарды жылатпау.

    Біздің таңдау – жерімізді сатқызбау,

    Жазықсызды абақтыға жапқызбау.

    Біздің таңдау – қазақтарды құл қылмау,

    Нәжістерден нәрестелер тапқызбау.

    Біздің таңдау – терезені тең қылу,

    Елімізді ертеңіне сендіру.

    Біздің таңдау – жемқорлықты кісендеу,

    Біздің таңдау – ұлтымызды ел қылу,

    Біздің таңдау – туысқанды таламау,

    Біздің таңдау – қазынаны тонамау.

    Біздің таңдау – жұрттың жиып-тергенін

    Желкесінен сығып алып қанамау.

    Кетпесін деп туыс тозып, дос арып,

    Сайлауға өз үнімізді қосалық.

    Біздің таңдау болашағы қазақтың,

    Мендік таңдау – ол – Әміржан Қосанов», — деген Заитов алда келе жатқан сайлауда «Ұлт тағдыры» қозғалысы ұсынған кандидат Әміржан Қосановты қолдайтынын жасырмады. Естеріңізде болса, Ринат Заитов бұған дейін де өзінің Youtube арнасынан тікелей эфирге шығып, 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауы туралы ойын білдірген және сол кезде де ол Әміржан Қосановты қолдайтынын ашық айтқан. Бірақ ақын тек бұл өзінің ғана жеке пікірі екенін және Қазақстан азаматы ретінде оны ашық айта алатынын айтты.

    Бұған дейін өз ойын айтыс сахнасында да, түрлі сұхбаттарда да ашық айтатын Ринат Заитов қазіргі Қазақстан билігіне көңілі толмайтынын һәм бұл билік жүйесіне түбегейлі қарсы екенін бұл жолы да айтып өтті.

    «28 жыл билік құрған партия («Отан», «Нұр-Отан») 28 жылдың ішінде халықты алдаумен ғана келді. 28 жылдың ішінде айтқан уәдесінде тұрған жоқ. Оның біреуін де халық ұмытқан жоқ әлі. Кешегі Храпуновты әкім қылған кім? Тағы осы жүйе. Кешегі жемқорларға бүкіл қазынаны бөліп берген кім? Тағы осы жүйе. «Ойбай, сендер 2020 жылға дейін 20 миллион боласыңдар» деп ұрандап, қазір көп балалы аналарды зар жылатып жатқан кім? Тағы да осы үкімет. Доллар қымбаттамайды деп Ұлттық банктің төрағасын теледидардан сөйлетіп, бір айдан кейін халықты қан жылатып доллар бағасын аспандатқан кім? Тағы осы жүйе. Бүкіл қымбатшылықты алып келген осы жүйе. Бүкіл ауыл шаруашылықты тоқтатып қойып, бүкіл ақшаны бір қалаға салып жатқан тағы да осы жүйе. Қазір ашығын айтқанда, бұл жүйе халықты шаршатты. Сондықтан өз ойым сайлауға қатысып, өз кандидатымызға дауыс беруіміз керек. Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ билік осы жолы да халықты ойыншыққа айналдырса, өз дегенін істесе, халық шыдамның шегінде тұр. Осы жолы да сайлауды әділетсіз өткізсе, халық сайлаудың ертесі күні алаңға шығып кететіне кепілдік беремін. Оны ешкім ұйымдастырмайды да, қарапайым халықтың көзқарасы сондай қазір», — деді Заитов.

    Сонымен қатар, Ринат Заитов қазақ жастарының елде жұмыс таппай, жаппай шетелге кетіп жатқаны,  Қазақстандағы діннің насихаты, өнер адамдарының ұлт тағдырына үн қоса алмай жүргендігі туралы ашылып, ашық айтты.

    қатысты посттар

    «Құрбандыққа шалынған Хритос» Кеңестік билік халықты Құдайсыз әлемге қалай сендірді? (сурет)

    Фариза

    Жоғары білімі жоқтар ауыл әкіміне сайлауға түсе алады

    Фариза

    Сайлауда жеңіске жеткен Тоқаев қазақ халқына мемлекеттік тілде ант берді

    Пікір қалдыру

    three × 1 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.