Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген, деп жазады Qazweek.kz порталы Sputnik Қазақстанның дерегіне сүйеніп.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 66 жасқа толды. Бұл күнді ол алғаш рет мемлекет басшысы әрі президенттікке кандидат ретінде атап өтпек.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы 17 мамыр күні Алматы қаласында дүниеге келген. Президенттің әкесі – танымал жазушы, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаев (1923-1986), ал анасы Тұрар Шабарбаева (1931-2000) Алматының шет тілдері институтында қызмет еткен.
«Өзімнің есімім үшін көкеме қарыздармын»
Қасым-Жомарт Тоқаев «Әке туралы толғаныс» атты кітабында өз есімінің шығу тарихы туралы жазған. Оны майданда қаза тапқан ағасының құрметіне Қасым деп қойса, пейілі кең азамат болсын деген ниетпен анасы Жомарт деп атаған екен. Әкесі Кемел Тоқаевтың Қасым деген үлкен ағасы болды. Бала кезінде екеуі де біраз қиындық көрген. Шымкенттің қорғасын зауытына қарасты жетімдер үйінде тәрбиеленді.
Кейін Қасым соғысқа аттанып, 1942 жылы қаза болды. Оны Ресейдің Ржевск ауданындағы Трубино ауылында жерледі. Осылайша, інісі Кемел 18 жасында тұл жетім қалып, жалғыз бауырының қазасына қатты қайғырды. Өз баласының атына ағасының есімін қосты.
© SPUTNIK / ВЛАДИСЛАВ ВОДНЕВ Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы толғаныс» атты кітабы
«Өзімнің есімім үшін тағдыр көруге жазбаған көкеме қарыздармын. Ал жаны жомарт, пейілі кең азамат болсын деп армандаған анам мені Жомарт атапты», — деп жазады Тоқаев.
«Мемлекеттік құпияны сақтай біледі»
Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент сенатының төрағасынан бастап Премьер-министрге дейінгі жоғары мемлекеттік қызмет ғана емес, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары сияқты халықаралық мәртебелі лауазымдары да бар. Кеңес одағы кезінде жас дипломат Қытай халық республикасының елшілігінде жұмыс істеген. Сол кезде оған «мемлекеттік құпияны сақтай алады» деген мінездеме берілген екен.
Биыл 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттілігін тоқтатты. Осыдан кейін Сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне атқаруға кірісті. 20 күннен кейін Тоқаев кезектен тыс сайлаудың өтетінін жариялады.
Президент туралы қызықты деректер
Ресми ақпаратқа сәйкес, Тоқаев ажырасқан, Тимур есімді ұлы бар.
Президент салауатты өмір салтын ұстанады. Мектеп кезінде үстел теннисінен КСРО-ның спорт шеберіне кандидат атанған. Ал 2016-2018 жылдары Қазақстанның үстел теннисі федерациясын басқарды.
«Үзілді-кесілді қарсымын»
Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше тілді біледі. Ондаған кітаптың авторы. Өзінің «Свет и тень» атты кітабында Тоқаев қандай бастықтарды ұнатпайтынын жазған.
«Кейбір бастықтар «ең бастысы – тапсырмаларды қызметкерлердің арасында тарату» деп ойлады. Мен оған үзілді-кесілді қарсымын. Әдеттегідей, ондай адамдар дұрыс жұмыс істемейді, тіпті, қызметтік құжаттармен танысуға да уақыт таппайды. Мен мұндай бастықтарды жек көремін. Олар өз орынбасарларын уыстан шығармауды басты міндет деп біледі. Қатты болсаң, бәрі құрметтейді деп ойлайды. Шын мәнінде, ондай басшыларды құрметтемейді, қайта жек көреді», — дейді Тоқаев.
Әлеуметтік желідегі Тоқаев
Қазір Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter және Instagramжелілерін белсенді пайдаланады. Тіпті, әлеуметтік желілер арқылы тапсырмаларды да беріп отырады. Toqayev Team Youtube арнасында президенттің туған күніне арналған үш видео жарияланды. Видеолардың бірінде Түркия, АҚШ, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан, Беларусь пен Украина президенттерінің Тоқаевтың туған күніне дайындалған күлкілі чат жүктеліпті.