-5.1 C
Алматы
Четверг, 14 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Денсаулық

    Рамазан айында ораза ұстауға шамаңыз жетпесе, не істеу керек?

    Биыл мұсылман қауым асыға күтетін Рамазан айы 6 мамыр күні басталып, 4 маусымда аяқталады. Қадір түні 31 мамырдан 1 маусымға ауған түн — Қасиетті жұмаға түсіп отыр. 5 маусым күні Ораза айт мейрамы басталады. Құрбан айт 11-13 тамыз күндеріне түсіп тұр, деп жазады Sputnik Қазақстан

    Рамазанда ораза ұстау мұсылманға парыз. Алайда сырқаттану, денсаулығының нашар болуы себепті бұл игіліктен, яғни күндіз ораза ұстау мүмкіндігінен айырылған адамдар да бар. Шариғаттың кейбір адамдарға Рамазанда ораза ұстамауды рұқсат ететіні бәріне белгілі.

    Ораза ұстаған жанды тамақтандырыңыз

    Алматы орталық мешітінің баспасөз хатшысы Бауыржан Мырзақұл қасиетті Рамазан айында ауыз бекітпегендерге не істеу керек екенін айтты.

    «Біріншіден, белгілі бір орынды себеппен ораза тұтпаған күннің өзінде ораза ұстағандардың көзінше ішіп-жемеуге тырысыңыз, бұл мәкрүх болып саналады. Рамазанда ізгі амалдарға берілетін сауап еселенеді. Сондықтан, игі іс жасауға асығыңыз. Егде жастағыларға орын беріңіз, көршілеріңізді немесе туыстарыңызды зиярат етіңіз, мешітте мұқтаж жандарға ауызашар жасауға қол ұшын беріңіз, науқастың көңілін сұрауға барыңыз» , — дейді Бауыржан Мырзақұл.

    «Мәусу‘аәтрафәл-хадис ән-Нәбәуи әш-шәриф» кітабында: «Рамазанда жасалған абзал амал Алланың алдында парыз амал боп жазылады. Ал, парыз амал басқа айларда жасалатын жетпіс парыз амалға тең болады» деп жазылған екен.

    Сондай-ақ, оның айтуынша, бұл айда ораза ұстаған жанды тамақтандыру керек.

    «Өзіңіз ораза ұстай алмасаңыз, достарыңыз бен туыстарыңызға немесе таныстарыңызға арнап ауызашар жасаңыз. Олардың арасында көмекке зәру жандар болуы мүмкін. Осылайша, сіз игі амал жасайсыз. Кедейге жәрдем бересіз әрі ораза ұстаған адамның аузын аштырасыз», — дейді Алматы орталық мешітінің баспасөз хатшысы.

    Хадисте былай делінген: «Ораза ұстаған адамға ауыз аштырған адам сол ораза ұстаған адаммен бірдей сауапқа кенеледі, одан ораза ұстаған жанның сауабы кемімейді» (Ахмад, Тирмизи және Ән-Нәсәи риуаят еткен).

    Бауыржан Мырзақұлдың айтуынша, күні бойы ораза ұстап, кешкісін ауыз ашу қуанышын сезінуге мүмкіндігіңіз болмаса, сіз жасаған ауызашарда ауыз ашатын адамдарды тамақтандыру арқылы қуанышқа кенелесіз.

    Рамазан – татулық айы

    «Егер туыстарыңыздың, көршілеріңіздің не болмаса достарыңыздың арасында дінді ұстанбайтындар болса, дәл осы айда оларға Исламның көркемдігін көрсетуге барыңызды салсаңыз болады. Оларды ауызашарға шақырыңыз, Рамазан айының мәні жайында баяндап беріңіз», — дейді ол.

    Бастысы, өзгелерді кешіріп, ешкімге кек сақтамауға тырысу қажет.

    «Біреумен араздасып қалсаңыз, татуласуға күш салыңыз. Хадисте мұсылман бауырлардың үш күннен астам уақыт бір-бірімен сөйлеспей, араздықта болуының жарамайтыны айтылады емес пе? Егер отбасыңыз қандай да бір себеппен туыстарыңыздың бірімен ат құйрығын кескен болса, дәл осы Рамазанда солармен татулассаңыз, нұр үстіне нұр болады» — дейді Бауыржан Мырзақұл.

    Құран оқуға тырысыңыз

    Сондай-ақ, ғайбат айтудан аулақ болу керек. Құлшылықты арттырып, Құран оқу керек.

    «Мейлінше көп уақытыңызды Құранға бөліңіз. Құранды оқи алсаңыз, күніне бірнеше сүре оқып отыруға тырысыңыз. Бірақ, бір есте сақтарлық жайт, Құран оқығанда тиісті әдептерді қадағалау қажет. Оған құрметпен қарау керек (атап айтқанда, Құранның арабша мәтінін әуретіңіз жабық, дәретті күйде ашу керек, оны құблаға бет бұрып отырып оқыған абзал, Құранды үстелдің немесе басқа бір нәрсенің үстіне қою керек, жерге қойып, аяқ астында қалдыруға, лас жерге қоюға болмайды», — дейді ол.

    Мешіттің баспасөз хатшысы тарауық намазын қалдырмау керектігін де айтты. Мүмкін болса, Рамазанда барлық намазды мешітте жамағатпен оқуға тырысқан жөн. Алланы еске алудың (зікір етудің) кез келген уақытта маңызы зор.

    «Айтылған ойдың бәрі ораза ұстайтын, ұстамайтын барша мұсылмандарға қатысты. Дегенмен, Рамазан айының игіліктерін уысынан шығарып алмас үшін ораза ұстауға мүмкіндігі жоқ жандардың бұған ерекше мән бергені жөн», — дейді ол.

    қатысты посттар

    «Әкеміздің өлімін жасырып отыр» Ауруханада шу шықты

    Фариза

    Ухань қаласынан Қазақстанға 83 адам келді

    Ораза туралы медицина не дейді?

    Пікір қалдыру

    seventeen − three =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.