Елордада бес қабатты жатақхана өртенді, деп хабарлайды төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі. Өрттің шығу себебін төтенше жағдайлар қызметкерлері анықтап жатыр.
2 мамыр күні сағат 10:39-де төтенше жағдайлар департаментінің «101» пультіне Байқоңыр ауданы Халел Досмұхамедұлы көшесіндегі бес қабатты жатақханадан өрт шыққаны туралы хабар түскен.
«Өрт ғимараттың екінші қабатындағы бөлмеден шықты. Жалын 20 шаршы метрді шарпыды. Оқиға орнына шұғыл жеткен мамандар тілсіз жауды 11:15-те сөндірді», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар өрт сөндірушілер автосатының көмегімен 32 адамды қауіпсіз жерген көшірді. Оның 28-і бала екен.
«Жатақханадағы 350 адам өз күшімен сыртқа шықты. 20 тұрғын дәрігерлерден көмек сұрады. Олардың ішінде 14 бала бар. Мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр.
Өртті ауыздықтауға қалалық төтенше жағдайлар департаментінің 66 қызметкері мен 18 өрт сөндіру көлігі жұмылдырылды», — деп мәлімет берді төтенше жағдайлар комитеті.
Сондай-ақ, өрттен зардап шеккендерге ҚР ІІМ ТЖК апаттар медицинасы орталығының 6 дәрігері көмек көрсеткен.
Дереккөз: Sputnik.kz