Әнші Ақбота Керімбекова әріптесі Гауһар Әлімбекова үшін әншілер мен қарапайым адамдардан жиналған қаражаттың қайда кеткенін ашып айтты. Өнер иелері Әлімбекова темір торға жабылғанда, көмек көрсету мақсатында арнайы шот ашқан еді.
Ақбота Керімбекованың айтуынша, ол өзіне жолданған сансыз сауал мен себепсіз айыптаулардан шаршаған.
«Енді ол ақшаны Гауһар Әлімбекованың өзі Сәуле Әбединованың «Аналар қорына» аударамын деді. Әркім не істейтінін өзі біледі ғой. Ал біз ар жағында қалған кішігірім қаражатымызға ораза айында ас беріп немесе қаланың шетінен болса да баспанасыз жүрген отбасыға үй алып берсек деген ойымыз бар. Қаланың ішінен пәтер алып береміз деп айта алмаймын. Қазір өнер адамдары, әпкелер мен жігіттермен ақылдасып жатырмыз.
«Әншілерден, өнер адамдарынан жиналған қаражат қайда кетті?» деген ой болмасын халықта. Оның барлығының есебі, санауы бар. Мен оның барлығын жинап, Ерғали Әбдірайымовқа беріп қойғанмын. Мән-жай осы.
«Маған «ақшаны бермепсіздер ғой. Маған үй алып беріңізші», «Несиемді жауып беріңізші», «Екі млн беріңізші» деп жазатындар өте көп. Кейде жүрегім ауырады. Көмектескім келеді. Бірақ мен де жалғызбасты анамын. Менің де туысым бар, анам бар. Бірін-біріне жамап, тіршілік етіп келе жатырмын», — дейді Ақбота Керімбекова.
Дереккөз:Nur.kz