Мемлекет басшысы Тоқаев Егемен Қазақстан және Айқын газеттеріне сұхбат берді. Аталмыш сұхбатта президент қазақ тілінің қазіргі хал-ахуалы туралы өз пікірін білдірген.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатындағы жұмыстардың жалғасын табатынын айтты.
«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет», — дейді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ президент латын графикасына көшу жұмыстары да кезең-кезеңімен жалғасын табатынын және қоғамдық пікірге баса назар аударылатынын атап өтті.
«Кез келген ұлттың әліпби таңдауы тек жазу үлгісін таңдау емес. Бүгінде Қазақстан халқы да замана көшінен қалмай, латын графикасына негізделген әліпбиді таңдауға бел буып отыр. Көрші мемлекеттердің көпшілігі латын графикасын таңдады. Әлемдегі ақпараттардың 90 пайызы латын графикасында жарық көреді. Ал ақпаратқа кім иелік етсе, ғылым мен технологияға да сол ие болады. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – рухани жаңғырудың ең шешуші кезеңдерінің бірі. Бұл қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өзгеріс жасайтын қадам. Осыған орай, Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы жарлығы шықты. Елімізде қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиін пайдалана бастаған құрылымдар бар. «Егемен Қазақстан» газетінің де бір беті осы әліпбимен жарық көріп жатыр ғой. Латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жалғаса береді. Нақты белгіленген кесте бар. Сол жүйеден ауытқымаймыз. Бірақ қоғамдық пікір, әліпбиді қолдану барысындағы артықшылықтар мен олқылықтар ескеріледі», — дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.