Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы және Жастар жылындағы тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Білім және ғылым министрлігі, Шығыс Қазақстан облысы әкімі және Нұр Отан партиясы ШҚО филиалы қолдауымен, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен Польша мемлекеті, Свече қаласында орналасқан Лингвистикалық-техникалық университеті базасында «Абай» ғылыми-білім беру жастар орталығы ашылды.
Жастар орталығының негізгі жұмысы Польша мемлекетінде академиялық ұтқырлық бойынша және басқа да бағдарламалармен оқып жатқан студенттердің, сонымен қатар қазақ диаспорасы жастарына қарым-қатынас платформасы негізінде, поляк халқына ұлы ғұламаларымыздың бірегейі Абай Құнанбайұлының өмірі, шығармашылығымен танысуға бағытталған. Орталық негізінде екі университет арасынадағы қос диплом, сыртқы академиялық ұтқырлық сияқты ғылыми-білім беру бағыттарындағы жұмыстар атқарылады. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында, — «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.
Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні- бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана, ал «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында,- «…дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді»,- деп атап өткен болатын. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Төлеген Мұхтар серіктес университет базасында нақты «Абай» орталығын ашуды ұсынуының өзі осы бағдарлама мен мақалада айтылып өткен тапсырмаларын орындау болып табылады. Бұл орталықтың ашылуы шетелде білім алып жатқан жастарымызға өз елінің рухани құндылықтары мен ұлы есімдерін мақтан етуге, сапалы білім алуына үлкен мүмкіндік берері анық.